Атырауда 3 мыңға жуық фишингтік сайт бұғатталды

Бүгін, 15:00 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Желіде жалған хабарландырудан бастап, телефон арқылы ақша жымқыруға дейінгі интернет-алаяқтықтың түрлі тәсілдері таралуда. Атырау облысында жыл басынан бері мұндай 484 дерек тіркелді. Оның 126-сы ашылып, 38 адамның аталған қылмыстарға қатысы анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Киберқылмыспен күрес қылмыстарды ашумен қатар, олардың алдын алуды да қамтиды. Осы мақсатта полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, алаяқтықтың кең таралған түрлері мен қорғану жолдарын түсіндіруде. Білім беру ұйымдарында 22 кездесу өткізіліп, 9700 оқушы мен студент қамтылды. Мұнай компанияларының, медициналық ұйымдардың, банктер мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал еріктілер мен учаскелік полиция инспекторлары тұрғындарға 25 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратты.

Интернеттегі алаяқтыққа қарсы күресте технологиялық шешімдер де қолданылады. "Киберқадағалау" бағдарламасы арқылы 3000-ға жуық фишингтік сайт пен жалған жарнама бұғатталды. Сонымен қатар "Антифрод-орталық" жүйесіне интернет-алаяқтыққа қатысты 748 оқиға енгізіліп, жәбірленушілердің 21,2 миллион теңгеден астам қаражаты бұғатталды.

Телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу бағытында да жұмыс жүргізілуде. "Anti-fraud Call center" жұмысын бастағалы бері операторлар 58 181 қоңырау қабылдап, оның ішінде 14 140 алаяқтық қоңырауды тоқтатқан. "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде тұрғындардың алаяқтарға ақша аударуына қатысты тағы 116 фактінің алды алынды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында онлайн сауда платформаларында тұрмыстық техника мен пәтерді жалға беру туралы жалған хабарландыру жариялау, несие рәсімдеуге көмектесуге уәде беру, инвестиция арқылы табыс табуды ұсыну және банк карталарын заңсыз пайдалану деректері анықталды. Бұл фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, олардың бірқатары сотқа жолданды. Қалған істер бойынша тергеу жалғасуда.

Полиция тұрғындарды интернет арқылы сауда жасағанда сақ болуға шақырады. Ақша аудармас бұрын сатушының сенімділігін тексеріп, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеңіз. Күмәнді сілтемелерге өтпей, оңай табыс ұсынатын хабарландыруларға сыни көзқараспен қараңыз.