Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен бірге Ұлттық музейге барды

Бүгін, 13:02 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мәртебелі меймандар музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерін және Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозициялар кеңістігін тамашалады.

Әсіресе, бірегей археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды.

Этнография залында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты.

Сондай-ақ бельгиялық суретші Джеймс Энсор шығармаларының көрмесі ұсынылды.

Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.