Тойда уланып қалған әйел мейрамхана иесінен 220 мың теңге өндіріп алды

Бүгін, 11:47 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласындағы мейрамханада тамақтан уланып қалған әйел моральдық зиян мен емделу шығынын өндіріп алды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты "Диапазон" басылымына сілтеме жасап

Жазда Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында той мен садақаға барған 188 адам тамақтан уланып қалған болатын. Оның ішінде ішек инфекциясының белгілері бар 177 адам ауруханаға түсті. Жәбірленушілердің бірі сотқа жүгініп, кінәлі тараптан емделу шығындары мен моральдық зиян өтемақысын заңды түрде өндіріп алуға шешім қабылдаған. Әйел тойға барып, кейін тамақтан уланып, аурухана төсегіне таңылған.

Мұғалжар аудандық сотының мәліметінше, мейрамхана иесі талап-арызды ішінара ғана мойындаған. Ол дәрі-дәрмек пен емделу шығындарын өтеуге келіскенімен, моральдық зиян үшін өтемақы төлеу талабын мойындамаған. Алайда сот басқа шешім шығарды. Жауапкерден материалдық шығын ретінде 22 725 теңге және моральдық зиянды өтеу үшін 200 мың теңге өндірілді.

Еске салайық, жаппай улану дерегінен кейін полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы – «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Кейін Полиция департаменті мейрамхана басшылығы мен жеке кәсіпкер кінәсін мойындағанын, алайда қылмыстық істің рақымшылыққа байланысты тоқтатылғанын хабарлаған.