Алматы облысында азық-түлік ингредиенттерін өндіретін зауыт ашылды

Бүгін, 10:39 / Інжу Әлихан
Ауыл шаруашылығы министрлігі

Алматы облысында отандық және шетелдік азық-түлік өндірушілеріне арналған хош иістендіргіштер, кешенді тағамдық қоспалар мен панировка қоспаларын өндіретін Segmenta компаниясының жаңа зауыты іске қосылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кәсіпорынның ашылуы – Shin-Line Group компаниялар тобының Қазақстанда азық-түлік кластерін құруға бағытталған стратегиялық жобасының бір бөлігі. Жоба аясында 300 млрд теңгеге дейін шетелдік инвестиция тарту, шикізатты терең өңдеуді дамыту, экспорт көлемін ұлғайту және жоғары технологиялы жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.

Жаңа зауыттың жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды. Кәсіпорын жылына 8 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Заманауи өндірістік жабдықтармен және жеке қойма кешенімен қамтылған зауыт сұйық хош иістендіргіштер, кешенді тағамдық қоспалар мен панировка қоспаларын шығаруға маманданған. Бұл өнімдер тамақ өнеркәсібінің түрлі салаларында кеңінен қолданылады.

Өндірістің маңызды ерекшеліктерінің бірі – жаңа дәм мен хош иіс үйлесімдерін зерттеп, әзірлеуге арналған жеке ғылыми-зерттеу базасының болуы. Өнім өндіру барысында халықаралық жеткізушілерден алынатын 3 мыңнан астам түрлі шикізат пен құрамдас бөлік пайдаланылады. Олардың қатарында Франция, Италия, Германия, Үндістан және АҚШ компаниялары жеткізетін өнімдер бар.

Зауыт шығаратын өнімдер сусындар, сүт және кондитерлік өнімдер, нан-тоқаш бұйымдары мен жеңіл тіскебасарлар өндірушілеріне арналған. Сондай-ақ олар ет өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарында қолданылады.

Shin-Line Group президенті Андрей Шиннің айтуынша, жаңа зауыттың ашылуы – біртұтас өндірістік кластер аясында қосылған құны жоғары өнім шығаратын заманауи кәсіпорын құрудың жарқын үлгісі.

«Segmenta зауытының ашылуы – біртұтас кластер негізінде жоғары технологиялы, қосылған құны жоғары өнім өндіру ісінің жолға қойылғанын көрсететін жарқын мысал. Өндірістік кооперацияны дамыту, озық халықаралық тәжірибені енгізу және негізгі құрамдас бөліктерді жергіліктендіру арқылы біз өңірдің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, Қазақстанның тамақ өнеркәсібін халықаралық деңгейге көтеруге мүмкіндік аламыз», – деді Андрей Шин.

Азық-түлік кластерін дамыту өндіріс саласындағы әріптестікті нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және азық-түлік өндіруге қажетті құрамдас бөліктерді Қазақстанда өндіруді жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл отандық өңдеуші кәсіпорындар мен халықаралық технология және шикізат жеткізушілері арасындағы байланысты нығайтып, қазақстандық азық-түлік өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Тамақ өнеркәсібінде заманауи өндіріс орындарын ашу ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамыту, отандық өнімнің қосылған құнын арттыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту міндеттерімен үндеседі.

Осындай жобаларды жүзеге асыру Қазақстанда заманауи агроөнеркәсіптік инфрақұрылымды қалыптастыруға, отандық өндірістің әлеуетін арттыруға және ішкі әрі сыртқы нарықтарда сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.