Шымкент қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің инвесторлардың қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Прокурорлық қадағалау барысында мемлекеттік кірістер органдары инвестор – «White Fellow-Deer» ЖШС-ның шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы әкімшілік акт шығарғаны анықталды.
Кейін компания корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша салық есептілігін тапсырып, хабарлама талаптарын орындаған. Осылайша, шығыс операцияларын тоқтатуға негіз болған себептер жойылған.
Салық кодексінің 86-бабы 7-тармағына сәйкес, мұндай жағдайда әкімшілік актіні шығарған салық органы оның күшін себептер жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жоюға міндетті.
Алайда Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті инвестордың шоттары бойынша шығыс операцияларын бір жұмыс күні ішінде қалпына келтірудің орнына, әкімшілік актінің күшін тек 4 айдан кейін жойған.
Осы факті бойынша кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 216 250 теңге айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, инвесторлардың банк шоттарына қойылған шектеулерді уақтылы алып тастамаған тағы үш салық органының қызметкері әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Прокуратура инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау, сондай-ақ олардың қызметіне заңсыз әкімшілік араласу фактілерінің жолын кесу және мұндай кедергілердің алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Шымкент қаласының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды +7 (707) 615-00-10 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.