Көкшетауда құрылыс алаңынан төрт жасар баланың мәйіті табылды

Бүгін, 09:10 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Көкшетауда құрылыс алаңынан жоғалып кеткен төрт жасар баланың мәйіті табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

КТК арнасының мәліметінше, кішкентай Аланның денесі мұздай суға толған шұңқырдан шығарылды. Қайғылы оқиға болған күні төрт жасар Алан күндіз анасымен бірге жұмыста болған. Кешкі сағат бестер шамасында бала жоғалып кеткен. Әйел ғимараттың әр бұрышын қарап шыққаннан кейін көмек шақырған. Оқиға орнына келген құтқарушылар мен еріктілер де баланың ойнап жүріп, бір жерге тығылып ұйықтап қалғанынан үміттенген. Алайда бейнебақылау камералары Аланның көшеге шығып, көршілес құрылыс жүріп жатқан аумаққа қарай кеткенін көрсеткен.

Ерікті Оксана Даронинаның айтуынша, құрылыс алаңының аумағының басым бөлігіне бетон төселген. Қараңғы түскендіктен, септикке арналған шұңқыр көрінбей, кәдімгі шалшық суға ұқсап тұрған.

«Біз еріктілермен бірге сол жерден бірнеше рет өттік. Еріктілеріміздің бірі тіпті шұңқырға құлап кете жаздады. Бірақ баланың оған құлап кетуі мүмкін деген ой ешқайсымызға келмеді», – деді Оксана Даронина.

Ақмола облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әсем Әбдірахманованың айтуынша, іздестіру жұмысы барысында бала ашық қалған құдықтан табылған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деді Әсем Әбдірахманова.

Тэгтер:

Бала Көкшетау