Алматыда бетперде киіп, пышақ ұстаған балалар тұрғындарды шошытты

Бүгін, 23:02 / Жамбыл Жайлау
Stan.kz коллажы

Алматыда бетперде киіп, қолдарына пышақ ұстаған жасөспірімдер түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Оқиғадан кейін полиция балаларды анықтап, олардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп turkystan.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Желіде жарияланған жазбалардың бірінде балалардың Шевченко көшесіндегі Ганди атындағы саябақ маңында жүргені айтылған.

"Бұл топ Шевченко көшесіндегі Ганди атындағы саябаққа жиналған. Олардың арасында шамамен 12-13 жастағы бір бала жиналмалы пышақ ұстап, досының артынан жүгірген. Кейін басқа бір баланың жанына келіп “Бетіңді тіліп жіберейін бе?” деп сұрады", – делінген әлеуметтік желідегі жазбада.

Полиция қызметкерлері видеоға түскен балаларды анықтаған. Ведомство мәліметінше, олардың төртеуі де 9-12 жас аралығында.

Мән-жайды анықтау үшін балалар полиция бөлімшесіне жеткізілген.

"Тексеру нәтижесінде жасөспірімдердің Алматыдағы әртүрлі жалпы білім беретін мектептерде оқитыны анықталды. Олар өз әрекеттерін ойынмен түсіндірді. Балаларын тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады полиция.

Полиция балалардың Қазақстан азаматтары екенін де нақтылады.

Ата-аналарға нақты қандай жаза қолданылғаны жарияланған жоқ. Алайда тиісті әкімшілік бап бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Полицияның мәліметінше, балалар мектепішілік есепке қойылған. Сонымен қатар олардың отбасындағы жағдай уәкілетті органдардың бақылауына алынған.

Тэгтер:

Алматы