Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырушы бес жылға дейін сотталуы мүмкін

12 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
Stan.kz коллажы

Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған жаппай қысылыстан кейін ұсталған ұйымдастырушыға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отыр. Оған қатысты бұлтартпау шарасы әзірге таңдалмаған.

Істі Шымкент қаласының Тұран аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр. Күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған. Бұл бап қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету салдарынан ауыр зардап туындаған жағдайларға қатысты жауапкершілікті көздейді.

Аталған бап бойынша 5 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Шымкент прокуратурасының мәліметінше, күдікті заң бойынша 48 сағатқа дейін ұстала алады. Осы мерзім ішінде тергеу судьясы оны қамауда ұстауға санкция беру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдауы тиіс.

Егер қамауға алу санкцияланбаса, өзге бұлтартпау шарасы таңдалуы мүмкін. Әзірге тергеу судьясы бұл мәселені қарамаған.

Ал концерт кезінде зардап шеккен 18 жастағы қыздың жағдайы ауыр күйінде қалып отыр.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.

Тэгтер:

әнші Қайрат Нұртас