Павлодар аспанында адам сенгісіз ерекше құбылыс пайда болды

Бүгін, 21:32 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Павлодар тұрғындары түнгі аспаннан сирек кездесетін солтүстік шұғыласын байқады. Аспан қызғылт, күлгін және жасыл түстерге боялып, ерекше табиғи құбылыс әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Tengrinews.kz басылымының жазуынша, қазақстандықтардың бірі Threads желісінде түсірілген кадрларды жариялап, мұндай көріністі алғаш рет көргенін жазған.

"Бүгін алғаш рет Павлодар аспанынан Новосибирск жаққа қарай созылған солтүстік шұғыласын көрдім, тағы бір арманым орындалды", – делінген жазбада.

Павлодар облысы үшін поляр шұғыласының көрінуі өте сирек құбылыс саналады. Дегенмен мамандар соңғы жылдары Қазақстанның орта ендіктерінде мұндай көріністердің байқалуын геомагниттік белсенділікпен байланыстырады.

Солтүстік шұғыласы Павлодарда неге көрінді?

Ионосфера институтының ғарыш ауа райын диагностикалау және болжау зертханасының бас ғылыми қызметкері Ольга Крякунова орта ендіктерге зарядталған бөлшектер тек күшті магниттік дауыл кезінде жететінін түсіндірген.

Оның айтуынша, қазір Күн белсенділігінің 11 жылдық цикліндегі бәсеңдеу кезеңі жүріп жатыр. Дәл осы фазада күшті магниттік дауылдардың жиірек байқалуы мүмкін.

Соңғы күндері Күндегі белсенділік те артқан. 5 қазаннан бастап жаңа белсенді аймақта М класындағы жеті жарқыл тіркелген. Соның ішіндегі ең қуаттысы – М6.7 деңгейіндегі жарқыл 8 қазанда болған. Ол 10 қазанда Жерде қысқа мерзімді магниттік дауыл туғызған.

Магниттік дауыл кезінде Күннен шыққан зарядталған бөлшектер Жердің магнит өрісімен әрекеттеседі. Соның нәтижесінде атмосфераның жоғарғы қабаттарында жарық шығарып, солтүстік шұғыласы пайда болады.

Мамандардың болжамынша, 13–15 қазан аралығында да геомагниттік белсенділік күшейіп, магниттік дауыл деңгейіне жетуі мүмкін. Бұған короналдық тесіктерден келетін күн желі мен 10 қазандағы жарқылдан кейінгі плазма ағыны себеп болуы ықтимал.