Алматы облысының тұрғындары «Әділет» партиясына әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер бойынша жүгінді

Бүгін, 17:49 / Інжу Әлихан
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының басшысы Данияр Қасқарауов азаматтарды қоғамдық қабылдауда қабылдады. Тұрғындар әлеуметтік қолдау, ауылдардағы спорт және медициналық нысандар, ауыз су жүйесі мен абаттандыруға қатысты мәселелерін көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мәселен, Гүлім Нұрқасымова І топтағы мүгедектігі бар баласына жүріп-тұруға арналған арнайы құрал қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бала өздігінен жүре алмайды және тұрақты күтімді қажет етеді. Алайда қажетті жүргіш жеке оңалту бағдарламасына енгізілмеген. Осыған байланысты ол баланы қажетті құралмен қамтамасыз етуге және оны жеке оңалту бағдарламасына енгізу үшін құжаттарды тиісті комиссияға жолдауға ықпал етуді сұрады.

Ал Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан ауылының тұрғыны Ерлан Ортықов ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселесін көтерді.

«Қазақстан ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттамасы толық дайын, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы да алынған. Бірақ қаржы бөлінбегендіктен құрылыс әлі басталған жоқ. Жобаны іске асыру үшін шамамен 1  млрд теңге қажет. Сондықтан құрылысты бастауға қажетті қаражаттың бөлінуіне ықпал етуді сұраймыз», – деді Ерлан Ортықов.

Қабылдауда елді мекендердегі инфрақұрылым мәселелері де сөз болды. Қонаев қаласының тұрғыны Александра Самсонова «Ивушка» шағын ауданындағы кіреберіс жол, көше жарығы, балалар алаңы, бейнебақылау, спорт алаңы мен қоқыс мәселелерін жеткізді. Ал Жамбыл ауданы Самсы ауылының тұрғыны Еркебай Жуасбаев ауылдағы ауыз су жүйесінің жағдайына назар аударды. Су құбыры желісінде осы уақытқа дейін 421 апаттық жағдай тіркелген. Тұрғын ауылдың ауыз су жүйесін жаңғырту қажеттігін көтерді.

Қарасай ауданы Шалқар ауылының тұрғыны Самат Сәрсенбиев ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт салуға ықпал етуді сұрады. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы толық дайын болғанымен, құрылысқа қажетті қаржы әлі бөлінбеген. Бұған дейін қаржыландыру жөніндегі ұсыныстар республикалық бюджетке және мәслихатқа енгізілген, алайда мәслихат тарапынан қолдау таппаған.

Қабылдау қорытындысында Данияр Қасқарауов тұрғындар көтерген мәселелердің әрқайсысы жеке қарауды қажет ететінін атап өтті.

«Қабылдауға келген әр азаматтың мәселесін жеке қарадық. Кейбір өтініштер бойынша қажетті құжаттар дайын, ендігі мәселе – қаржыландыру мен тиісті шешімдердің қабылдануы. Ал бірқатар мәселе бойынша жауапты органдармен қосымша жұмыс жүргізу қажет. Көтерілген өтініштердің әрқайсысын тиісті мекемелермен бірге пысықтап, нәтижесін бақылауда ұстаймыз», – деді Данияр Қасқарауов.

Айта кетейік, азаматтар «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауында көтерген өтініштері мен ұсыныстарын e-Otinish жүйесі немесе партияның цифрлық платформасы арқылы жолдай алады.