«Басына тимейді екен»: Гүлзира Айдарбекова Бағдагүл сынықшыны сынады

Бүгін, 16:05 / Інжу Әлихан

Продюсер Гүлзира Айдарбекова Қайрат Нұртастың Шымкентте өткен концертінде болған жағдайға қатысты адам өлімі туралы қауесет таратқан Бағдагүл сынықшының әрекетін сынға алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бағдагүл сынықшы да «адам өлімі болды» деп таратумен болды. Одан бөлек видеомен желіге «жалмауыз» деп балағат сөздер салуы тым артық! Басына тимейді екен. Біреуді қаралаумен, мысқылдаумен, өсекке тоймады-ау.

Көзбен көрмей тұрып, неге «адам қайтыс болды» деп елді теріс пікірге бұрып отырғаныңды түсінбедім. Оның үстіне, сторисіңде «жалмауыз» деп қарғағаның, өз балаңдай баланы осылай қорлағаның қаншалықты дұрыс деп ойлайсың?» – деді Гүлзира Айдарбекова», – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Нұртастың Шымкентте өткен концертінде көрермендер арасында кептеліс болып, салдарынан 18 жастағы қыз аяғын сындырып алған еді. Сонымен қатар әлеуметтік желіде бір адамның жүрегі тоқтап, қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда Шымкент қалалық полиция департаменті адам өлімі туралы мәліметті жоққа шығарды.

Осы оқиғадан кейін концертті ұйымдастырушы қамауға алынған болатын.