Ермұрат Бапи: Қазақстан билік институттарын жаңартып, халықтың ерік білдіру тетіктерін нығайтып жатыр

Бүгін, 15:59 / Інжу Әлихан

Варшада өткен ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының алтыншы сессиясында журналист, Қазақстанның Халық Кеңесінің мүшесі Ермұрат Бапи елдегі саяси өзгерістер, мемлекеттік институттардың жаңаруы және азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюі туралы айтты. Ол сөзінде конституциялық реформаларға, Құрылтай сайлауының қорытындыларына және сайлау үдерісін заңсыз сыртқы араласудан қорғау қажеттігіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бапидің айтуынша, 2026 жылы Қазақстанда жалпыұлттық маңызы бар екі дауыс беру өтті: Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум және заң шығарушы орган – Құрылтай депутаттарының сайлауы. Оның пікірінше, бұл үдерістер елдің саяси жүйесін жаңартумен және мемлекеттік институттарды дамудың жаңа кезеңіндегі талаптарға бейімдеумен байланысты.

«Бүгінде Қазақстан Конституциясына өзгерістер тек жалпыхалықтық дауыс беру, яғни референдум арқылы енгізіледі. Ешкімнің Конституцияны өз бетінше өзгертуге құқығы жоқ. Мұндай шешім тек халықтың тікелей ерік білдіруі негізінде қабылдануы мүмкін», – деді Ермұрат Бапи.

Спикердің сөзінше, 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық диалогты дамытуға және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған қағидаттарды бекітті.

«2026 жылы қабылданған Конституция мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастырды. Бұл өзгерістер Қазақстанды халықаралық жағдайдың құбылуына және әлемдік дамудың жаңа үрдістеріне бейімдеуге, сондай-ақ елдің ішкі және сыртқы саясатын одан әрі дамытуға берік негіз қалауға бағытталған», – деп атап өтті ол.

Ермұрат Бапи Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылау мәселесіне де тоқталды. Оның келтірген деректеріне сәйкес, дауыс беру барысын 51 мың қазақстандық және 777 халықаралық байқаушы қадағалаған.

Бапидің айтуынша, ол азаматтар құрған «Халық үні» байқаушылар бастамашыл тобының құрамында Алматыдағы бірнеше сайлау учаскесіне барып, тәуелсіз ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдерімен кездескен.