Өткен аптада Құрылтайдың жалпы отырысында депутаттар, «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Құрылтайдың бірінші шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік наградалар туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі берген тапсырмасын орындау үшін әзірленген-тін.
Құжатта отандық музыка өнерін дамытуда жемісті еңбек еткен азаматтар үшін «Шәмші Қалдаяқов» медалін енгізу, сондай-ақ бейнелеу өнеріндегі үздік туындыларымен ерекшеленген және отандық көркем мәдениетті дамытуға ерекше еңбек сіңірген қайраткерлер үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу ұсынылды. Заң жобасы музыка және бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік деңгейде марапаттауды көздейді.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Жылқыбаева Құрылтай отырысында баяндама жасап, аталған заң жобасы – Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасын орындауға бағытталған нақты қадам екенін атап өтті.
«Бұл заң жобасы Президенттің тапсырмасын орындауға бағытталған нақты қадам. Мемлекет басшысы алғашқы күннен бастап еңбек адамының мәртебесін көтеруді және адал еңбекті қоғамның маңызды құндылығы ретінде дәріптеуді мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Елдің басты байлығы – ісіне адал, қоғам мен мемлекет дамуына еңбегімен үлес қосатын азаматтар. Сондықтан қоғамға пайдалы еңбек мемлекет тарапынан лайықты бағалануы тиіс. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты қадамдар жасалды. Соның бірі мемлекеттік наградалар жүйесіне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағының енгізілуі. Ал 2024 жылдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріле бастады. Одан кейін де осы үрдіс жалғасын тауып, ғылым мен техника, өнеркәсіп, тағы да басқа қоғамдағы маңызды салаларда еңбегі сіңген қайраткерлер мен еңбек адамдары анықтала бастады. Бұл марапаттар осы бағыттағы үздік мамандардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындауға және олардың қоғамдағы беделін арттыруға ықпал етті», – деді ол.
Депутат сондай-ақ бұл марапаттардың Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» идеясын насихаттаудың бір тетігіне айналатынын да жеткізді.
«Әділет» партиясының негізгі құндылықтарының бірі де – еңбекқорлық. Біз әділдік, отаншылдық, жауапкершілікпен қатар адал еңбекті қоғам дамуының берік негізі деп санаймыз. Мемлекеттік наградалар Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» идеясын дәріптеудің маңызды тетігі. Олар еңбекқор, жауапты әрі жасампаз азаматтарды қоғамға үлгі ретінде танытады. Осы саясаттың заңды жалғасы ретінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қарауға ұсынылып отыр. Ұлттық мәдениет пен өнерге қалтқысыз еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындау олардың шығармашылығына көрсеткен құрмет қана емес, сонымен қатар қоғамдағы еңбекқорлық пен жасампаздық құндылықтарын нығайтудың маңызды тетігі», – деді ол.
«Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағының енгізілуі – көптен күткен жаңалық
Белгілі суретші, ҚР Суретшілер академиясының академигі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, өнер қайраткері, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры Мәжит Бәйтенов «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағының енгізілуі суретшілер көптен күткен жаңалық екенін айтты.
«Кеңес кезінен суретші болып еңбек етіп келе жатқандықтан бар жағдайды жақсы білемін. Жас кезімнен осы саладамын. 20 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келемін. «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағының енгізілуі – көптен күткен жаңалық еді. Суретшілердің бәрі қуанып жатыр. Бұған дейін әртіске де, ақынға да, суретшіге де жалпылама «Еңбек сіңірген қайраткер» атағы беріліп келді. Енді суретшілер қауымына жеке көңіл бөлініп, жеке атақ енгізілгеніне қуаныштымыз. Осындай бастама көтерген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымыз шексіз. Шынын айтсақ, марқайып қалдық. Суретшілер көппіз, мыңнан асып жығыламыз. Әуесқой суретшілер де көп. Бұрын «Халық суретшісі» атағы болатын. Бұл атақ қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстанда бар. Енді соны бізге де енгізсе нұр үстіне нұр болар еді. Бізде «Халық әртісі» атағы бар. Енді «Халық суретшісін» де енгізсе дейміз», – дейді ол.
Мұндай марапаттың тағайындалуы – заңды әрі тағылымды қадам
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Ерлан Рысқали осындай бастамалар өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, келер ұрпақтың ұлттық өнерге деген жауапкершілігін арттыратынын айтады.
«Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль тағайындау туралы ұсынысты қолдаймын. Меніңше, бұл бастаманың мәні белгілі бір тұлғаның есімін ұлықтаумен ғана шектелмейді. Оның негізгі маңызы – ұлттық өнердің дамуына ғұмырын арнаған азаматтардың еңбегін ел деңгейінде бағалап, шығармашылыққа деген құрметті арттыруында. Шәмші Қалдаяқовтың әндері уақыт пен ұрпақтың шекарасынан өтіп, халқымыздың рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Оның есімі – ұлттық мәдениетіміздің биік белестерін танытатын айрықша құндылық. Сондықтан осындай тұлғаның атындағы марапаттың тағайындалуы заңды әрі тағылымды қадам деп есептеймін. Бұл медаль қазақ өнерінің өркендеуіне, мәдени мұрамызды дәріптеуге және рухани құндылықтарымызды сақтауға елеулі үлес қосқан азаматтарға берілуі тиіс. Сонымен қатар марапаттың мәні мен беделі оның иегерлерінің нақты еңбегімен, әділ іріктеу өлшемдерімен айқындалғаны маңызды. Өнер иесін бағалау – оның шығармашылығын ғана емес, тұтас ұлттың мәдени жадын қадірлеу. Осындай бастамалар өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, келер ұрпақтың ұлттық өнерге деген жауапкершілігін арттырады», – дейді ол.