Шымкент тұрғындарынан 12 млн теңге алған күдікті сот отырысында ақталып шықты

Бүгін, 11:00 / Алуа Арман
istockphoto.com

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған М-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылғы 16 тамызда М. жәбірленуші Е-ге және оның әпкелеріне Оңтүстік Кореяға «Business visa» жасап беремін деп алдап, оның 12 000 000 теңге ақшасын иемденіп алған.

Сотта сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.

Айыптау тарапы өзінің дәлелдерін жәбірленушінің жауаптарына, қолхатқа, бейнежазбаға және сараптама қорытындысына негіздеген. Алайда сот тергеуі барысында бұл дәлелдер теріске шығарылды:

Сараптамаға жалпы бейнежазбадан кесіп алынған 15 секундтық үзінді ғана ұсынылған, алайда бейнежазбада 12 млн теңгенің берілу немесе алыну сәті, қолхат жазылған сәт және виза бойынша алдын ала келіссөздер тіркелмеген.

Тараптардың ұялы телефонын тексеру кезінде 2025 жылғы шілде-тамыз аралығында виза немесе Корея туралы ешқандай ақпарат табылмады. Керісінше, жәбірленуші тарапынан қорқытулар мен алтын бұйымдардың ақшасын талап ету туралы жазбалар және қоңыраулар анықталды.

Жәбірленуші де, оның әпкелері де сотталушыға виза үшін құжаттарын бермеген. Жәбірленушінің әпкелері сотталушыны мүлде көрмеген және виза мәселесін талқыламаған.

Сот тараптар арасында тек бұрын алынған алтын бұйымдар бойынша қарыздық, яғни азаматтық-құқықтық қатынастар болған, ал 12 млн теңге ақша сотталушыға берілмеген деген қорытындыға келді.

Сотталушы М-ның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ол кінәсіз деп танылып, ақталды.

Үкім заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Шымкент Алаяқ күдікті қарыз алтын ақша Виза