Ұлттық ұлан қызметінің 9 айдағы жұмысы қорытындыланды

Бүгін, 09:00 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында әскери кеңес өтті. Онда 2026 жылдың тоғыз айы бойынша әскердің қызметтік-жауынгерлік қызметінің нәтижелері қаралды және алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Отырыс Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов пен Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтың төрағалығымен өтті.

Әскери кеңестің жұмысына өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, Ұлттық ұлан академиясының бастығы, бас басқармалардың, басқармалардың, орталықтардың, дербес бөлімшелер мен қызметтердің басшылары қатысты. Бейнеконференцбайланыс режимінде отырысқа өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердің басшылық құрамының офицерлері қосылды.

Отырыс барысында қызметтік-жауынгерлік қызметтің жай-күйі туралы баяндамалар тыңдалды, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің, жауынгерлік даярлықты ұйымдастырудың, сондай-ақ әскери бөлімдерді жасақтаудың өзекті мәселелері қаралды.

Биылғы тоғыз айда Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 2,3 мыңнан астам тапсырманы орындады. Патрульдік-бекеттік қызметті атқару барысында 13 мыңнан астам құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Оның ішінде 300 адам қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған.

Ұлттық ұлан бөлімшелері сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға дайындықтың жоғары деңгейін растай отырып, бес халықаралық саяси іс-шараның және шет мемлекеттер басшылары мен ресми делегациялардың он сегіз сапарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Қызметтің басқа бағыттарында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Әскери қызметкерлер тыйым салынған заттарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына кіргізбек болған 64 әрекеттің алдын алды. Аталған  кезеңде айдауылдау бөлімшелері 55 мыңнан астам сотталғандар мен қамауда отырған адамдарды тасымалдады.

Әскери қалашықтардың (Алматы, Түркістан, Жезқазған), казармалардың (Орал, Қызылорда, Атырау), ғимараттар мен құрылыстардың (ҰҰ академиясы) құрылысы жалғасуда, 7 нысанды күрделі жөндеуге шарттар жасалды.

Отырысты қорытындылай келе, Ішкі істер министрі қызметтік-жауынгерлік қызметті одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді. Басым міндеттердің қатарында тәрбие және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, жас толықтыруды табысты бейімдеуге жәрдемдесу, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әскери тәртіп пен қызметтік тәртіпті нығайту, сондай-ақ әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын одан әрі дамыту айқындалды.

Әскери кеңес отырысының қорытындысы бойынша тиісті қаулы қабылданды, ол басшылық ету және орындау үшін өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдерге жіберілді.

Тэгтер:

Ұлттық ұлан сарбаз әскер тәртіп әскери кеңес