Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті

Бүгін, 07:56 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ҰОК

2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов жаттығу кезінде ауыр жарақат алды. Боксшының омыртқасына зақым келген. Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Журналистің мәліметінше, жарақатына байланысты Сәкен Бибосынов 29 қазанда Таразда басталатын бокстан Қазақстан чемпионатына қатыспайды.

Аслан Қаженов алдағы ел біріншілігінде Азия ойындарында жүлдеге ие болған бірқатар боксшының да өнер көрсетпейтінін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық құрамаға ел чемпионатында өз мықтылығын дәлелдеген спортшылар іріктеледі.

«Өкінішке қарай, кеше жаттығу барысында ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Омыртқасына зақым келді. Тезірек сауығып кетуін тілейміз», – деп жазды журналист.