Ғалымдар инсульттен кейінгі мидың зақымданған тұстарын анықтаудың жаңа тәсілін тапты

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
cурет: CSIC

Ғалымдар графен негізіндегі аса сезімтал сенсор көмегімен инсульттен кейін мидың қосымша зақымдану қаупі жоғары аймақтарын анықтаудың жаңа тәсілін әзірледі. Тышқандарға жүргізілген тәжірибеде сыналған технология ми тініндегі электрлік белсенділікті егжей-тегжейлі тіркеуге мүмкіндік берген. Болашақта бұл әдіс инсультті дәлірек емдеуге жол ашуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz CSIC-ке сілтеме жасап.

Зерттеуге Испанияның Ұлттық зерттеу кеңесі (CSIC), Манчестер университеті, Каталония наноғылым және нанотехнология институты (ICN2) мен Германияның Multi Channel Systems компаниясының мамандары қатысты. Ғылыми жұмыс Brain журналында жарияланды.

Ишемиялық инсульт кезінде қан тамыры бітеліп, мидың белгілі бір бөлігіне қан баруы қиындайды. Алайда зақым қан айналымының бұзылуымен ғана шектелмейді. Мидың зақымданған тінінде таралатын электрлік белсенділік толқындары да жарақаттың ұлғаюына ықпал етуі мүмкін. Бұл құбылыс таралатын кортикалық деполяризация деп аталады.

Мұндай электрлік сигналдарды дәл тіркеу осы уақытқа дейін күрделі міндет болған. Қолданыстағы технологиялар ми белсенділігіндегі өте баяу электрлік өзгерістерді анықтауда шектеулерге тап болады. Зерттеушілер тышқандардың миына орналастырылған графен сенсорлары арқылы осы сигналдарды бұрынғыдан да егжей-тегжейлі тіркей алған.

Нәтижесінде электрлік сигналдардың сипаттамаларына қарай ми тінінің үш жағдайын ажыратуға болатыны анықталған: салыстырмалы түрде сау тін, қосымша зақымдану қаупі бар аймақ және ауыр зақым алған бөлік.

Ғалымдар электрлік белсенділік өзгерістерінің қан ағымымен де байланысты екенін байқаған. Салыстырмалы түрде сау аймақтарда қан айналымы қалпына келуге көмектесу үшін күшейсе, зақымдану қаупі жоғары бөліктерде керісінше төмендеуі мүмкін. Бұл ми тінінің жарақатын одан әрі ушықтыруы ықтимал.

Тәжірибе барысында зерттеушілер кетаминнің төмен дозасын да сынаған. Медицинада қолданылатын бұл препарат тышқандарда зиянды электрлік толқындардың ұзақтығын қысқартып, қан ағымының реакциясын жақсартқан және ми зақымының көлемін азайтқан. Дегенмен бұл нәтиже әзірге жануарларға жүргізілген тәжірибеде ғана байқалды. Кетаминнің инсульт алған адамдарға дәл осындай пайдасы бар екені әлі дәлелденген жоқ.

Манчестер университетінің зерттеушісі Роб Уайкс жаңа технология мидың белсенділігін өлшеуді жетілдіріп қана қоймай, зақымның қалай дамитынын және оны емдеудің қандай жолдары болуы мүмкін екенін тереңірек түсінуге көмектесетінін атап өтті.

Барселона микроэлектроника институтының CSIC зерттеушісі Антон Гимера-Брунеттің айтуынша, ми белсенділігіндегі төмен жиілікті сигналдарды тіркеу қазіргі технологиялар үшін әлі де күрделі міндет. Оның командасы графенге негізделген құрылғыны бірнеше жылдан бері жетілдіріп келеді. Бұл бағыттағы алғашқы нәтижелер 2018 жылы жарияланған.

Зерттеу Испания мен Ұлыбритания ғалымдарының ми сигналдарын тіркей алатын графен құрылғыларын жасау жөніндегі ұзақ мерзімді ынтымақтастығының бір бөлігі саналады.

Әзірге технология клиникаға дейінгі зерттеу сатысында. Дегенмен алдағы уақытта ол инсульт кезінде ми тінінің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға, қосымша зақымдану қаупі жоғары аймақтарды анықтауға және емдеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге көмектесуі мүмкін.

Тэгтер:

ғылым инсульт ғалым ми тәсіл