Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырған ер адам қамауға алынды

Бүгін, 18:35 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырған, 1984 жылы туған ер адам ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы turkystan.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады мегаполис полициясының баспасөз қызметі.

"Алдын ала мәлімет бойынша, сатылған билеттер саны концерт өтетін орынның рұқсат етілген сыйымдылығынан айтарлықтай асып кеткен. Бұл жиналған халық санының шектен тыс көп болуына әкеліп, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төндірді.

Салдарынан 18 жастағы бойжеткен тапталып қалып, жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан адамдардың қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қайтыс болғандар жоқ.

Концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Полиция азаматтарды тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырады және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салады.