2026 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Нұрлан Санжарұлы Мұхамедов Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөліміне жұмыс сапары барысында Қостанай жоғары автомобиль көлігі колледжінің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының курсанттарымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесудің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру және ел алдындағы азаматтық жауапкершілігін нығайту.
Тағылымды кездесуде полковник Нұрлан Мұхамедов жастарға Отанды қорғаудың қасиетті міндет екенін, әскери борышқа адалдық пен тәртіптің маңызын түсіндірді. Сонымен қатар елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау жолында әскери қызметшілерге жүктелетін жауапкершілікке тоқталып, туған жерге деген сүйіспеншілік әр азаматтың іс-әрекетінен көрінуі керектігін атап өтті.
Сапар аясында өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы колледждің тыныс-тіршілігімен, білім алушылардың оқу үдерісімен және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Кездесу барысында «Жас бүркіт» клубының курсанттары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әскери қызметтің ерекшеліктері, әскери мамандықтар және Отан қорғаушы болудың жауапкершілігі жөнінде құнды мағлұматтар алды. Ашық форматта өткен жүздесу жастарға әскери өмірдің қыр-сырын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Мұндай кездесулер – жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елжандылықты, батылдықты және жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды тетігі. Өйткені Отанға қызмет ету – құрметті міндет қана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын қасиетті аманат.