Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде 18 жастағы қыз ауыр жарақат алды

Бүгін, 10:59 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде 18 жастағы қыз ауыр жарақат алды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлеуметтік желіде әншінің концертінен кейін көрермендер арасында кептеліс туындағаны туралы жазба тарады. Threads желісінің @vengeance.ve қолданушысы концерттің ұйымдастырылуына сын айтып, көрермендердің ұзақ уақыт бойы кіреберісте тұрып қалғанын жеткізген.

Жазба авторының сөзінше, концертке жиналған адам саны алаңның сыйымдылығынан асып кеткен. Соның салдарынан қақпа ашылғаннан кейін де көрермендер билет алған аумаққа кіріп, өз орындарына жайғаса алмаған.

Осы жағдайға қатысты Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерт кезінде жарақат алған 18 жастағы қыз жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнында оған алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

«Қазір науқастың жағдайы ауыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, жағдайы мамандар бақылауында», – делінген басқарма хабарламасында.

Қазіргі уақытта ведомство өзге зардап шеккендер туралы ақпарат жарияламады.