«Жылдар бойы жауапсыз қалған сұрақтар»: Мұстафа Өзтүріктің қызы әкесі туралы кітап жазып жатыр

Бүгін, 22:11 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік әкесі туралы кітап жазып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Неслихан Өзтүріктің айтуынша, туындыда бұрын еш жерде жарияланбаған фотосуреттерді, жеке естеліктерін және жылдар бойы жауапсыз қалған сұрақтарға қатысты деректерді жарияламақ. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Әкем Мұстафа Өзтүріктің дүниеден өткеніне 30 жылдан астам уақыт өткен соң, мен жауап іздей бастадым. Әкем 40 жасында көзін мәңгілікке жұмды. Ал менің көзім 40 жасымда ғана ашыла бастады», – деп жазды ол.

Ол кітапта Мұстафа Өзтүріктің өмір жолын қызының көзқарасымен баяндауды мақсат еткен. Оның сөзінше, туындыда өз басынан өткен оқиғалар мен осы уақытқа дейін көпшілікке белгісіз болып келген деректер қамтылады.

Неслихан Өзтүрік кітап жобасын алғаш рет Франкфурт халықаралық кітап көрмесінде Қазақстанның ұлттық стендінде таныстырған. Осы мүмкіндік үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысын білдірді.

Ол әкесінің бір сұхбатында Қазақстанның туы астында жарысқа қатысқан кездегі мақтаныш сезімі туралы айтқанын еске алды. Сол кезде Мұстафа Өзтүрік «адамдар да жылайды» деген екен.

«Енді мен де Қазақстанның туы астында өз кітабымды таныстырған сәтте әкемнің сол кезде қандай сезімде болғанын аз да болса түсінгендей болдым», – деді Неслихан.

Оның пікірінше, Мұстафа Өзтүріктің өмірі туралы бұған дейін де көп айтылған. Алайда ол әкесінің тарихын қызының көзімен баяндап, оқырманға оның өмірінің бұрын белгісіз болған қырларын таныстырғысы келеді.

«Мүмкін, осылайша әкемнің өмірінен де әлдеқайда тереңге бастайтын жаңа бір тарих басталатын шығар», – деп түйіндеді ол.