Ақтөбеде 37 жастағы Гүлжанат Құлмұрзина жеке стоматологиялық клиникада ем қабылдағаннан кейін денсаулығына ауыр зардап келгенін айтып, сотқа жүгінді. Әйелдің сөзінше, ол бірнеше тісінен айырылып, жүйке талшықтары зақымданған және қазір бірнеше операцияға дайындалып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Гүлжанат ЭКО арқылы ана болуды жоспарлаған. Процедура алдында тістерін емдету үшін жекеменшік клиникаға барған.
Оның айтуынша, тістерін емдеу және жұлу кезінде химиялық күйік алып, кейін көпбейінді ауруханаға түскен. Әйел қазіргі уақытта бірнеше тісінің жоқ екенін, жүйкелері зақымданып, бетінде өзгеріс пайда болғанын айтады.
Ақтөбе облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің мәліметінше, тексеру барысында пациентке стоматологиялық көмекті орта медициналық білімі бар маман көрсеткені анықталған.
"Пациентке стоматологиялық көмекті орта медициналық білімі бар маман көрсеткен. Оның біліктілігі – дантист. Ал стандартқа сәйкес, бұл деңгейдегі көмекті жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі тиіс", – деді департамент бөлімінің басшысы Нұрлыгүл Бисенова.
Тексеру кезінде пациенттің тіс жегісі асқынғаны да белгілі болған.
Арнайы комиссия дантиске айыппұл салып, клиника басшылығына оны жұмыстан шеттету туралы нұсқау берген.
Гүлжанат Құлмұрзина клиникаға қарсы сотқа талап-арыз түсірген. Оның айтуынша, тараптар арасындағы татуласу рәсімі де нәтиже бермеген.
"Бүгін татуласу рәсімі өтуі керек еді. Бірақ олар оған келмеді, ешқайсысы қатысқысы келмеді. Тіпті кешірім де сұрамады. Мен алдағы уақытта ЭКО арқылы балалы болуды жоспарлаған едім. Енді ЭКО-ға бара алмаймын", – деді ол.
Қазіргі уақытта әйел емін жалғастырып, алдағы операцияларға дайындалып жатыр.