"Сылтау айтудың қажеті жоқ": Мейірім Нұрсұлтанов әлем чемпионын жекпе-жекке шақырды

Бүгін, 21:37 / Жамбыл Жайлау
David Spagnolo/Main Events

Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамеске үндеу жасап, келісімшартқа қол қоюға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) доминикалық Карлос Адамеске чемпиондық белбеуін Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы жекпе-жекте қорғауды міндеттеген. Алайда әзірге тараптар кездесуді өткізу жөніндегі келісімге келген жоқ.

Қазақстандық боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында қарсыласын уақытты созбауға шақырды.

"Біз бұл жекпе-жекті күтіп отырмыз. Уақытты созуыңды қой, контрактке қолыңды қойып, тездетіп рингке шығайық. Біз кез келген жерде, кез келген жағдайда жұдырықтасуға дайынбыз. Сылтау айтудың қажеті жоқ. Кел, бұл жекпе-жекті өткізейік", – деп жазды Мейірім Нұрсұлтанов.

WBC екі боксшының командасына келіссөз жүргізіп, ортақ шешімге келу үшін 20 қазанға дейін уақыт берген. Егер осы мерзімге дейін тараптар жекпе-жекті ұйымдастыру жөнінде келісімге келе алмаса, промоутерлік сауда, яғни жекпе-жекті өткізу құқығына арналған аукцион ұйымдастырылады.

Тэгтер:

бокс Мейірім Нұрсұлтанов Карлос Адамес