61 жастағы канадалық әйел 5 сағат планкада тұрып, әлемдік рекордты жаңартты

Бүгін, 21:08 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Канадалық Донна-Джин Уайлд 61 жасында планка жаттығуын бес сағат бойы орындап, өзінің бұған дейінгі әлемдік рекордын жаңартты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол 8 қазанда АҚШ-тың Юта штатында өткен Huntsman World Senior Games жарысының ашылу салтанатында жаңа нәтижеге қол жеткізген.

50 жастан асқан спортшылар қатысатын жарыста Донна-Джин Уайлд планка қалпында тура бес сағат тұрған.

Осылайша ол 2024 жылы өзі орнатқан Гиннестің әлемдік рекордынан асып түсті. Бұған дейін канадалық әйел планканы 4 сағат 30 минут 11 секунд орындап, әлемдік рекорд орнатқан еді.

Huntsman World Senior Games ұйымының бас директоры Кайл Кейс Уайлдтың жетістігі адамның жасына қарамастан белсенді өмір салтын жалғастыра алатынын көрсететінін айтты.

"Қазіргі жағдайыңды түсініп, тоқтап қалудың қажеті жоқ екенін ұғыну маңызды. Айналысып жүрген ісіңді әрі қарай жалғастыра аласың", – деді ол.

Huntsman World Senior Games – жасы 50-ден асқан адамдардың спортпен белсенді айналысуына мүмкіндік беретін халықаралық жарыс. Ұйым өкілдерінің айтуынша, мұндай сайыстардың негізгі мақсаты – егде жаста да физикалық белсенділікті сақтауға және жаңа мақсаттарға ұмтылуға ынталандыру.

Донна-Джин Уайлдтың бес сағаттық нәтижесі оның бұған дейінгі көрсеткішінен шамамен жарты сағатқа артық.

Тэгтер:

рекорд Канада планка Донна-Джин Уайлд