«Әділет» партиясы жанынан экологтар, қоғам белсенділері мен бизнес өкілдерін біріктіретін жаңа кеңес құру ұсынылды

Бүгін, 19:13 / Дана Ізтілеуова
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Алматыда «Әділет» партиясының қалалық филиалы жанынан Өңірлік экологиялық кеңес құру бастамасы көтерілді. Жаңа кеңес қоршаған ортаны қорғау және қаладағы экологиялық мәселелерді шешу мақсатында сарапшылардың, қоғам белсенділері мен бизнес өкілдерінің күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиынға «Әділет» партиясының, Қазақстан Халық Кеңесінің, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің, экологиялық қауымдастық пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында жаңадан құрылатын кеңестің негізгі бағыттары мен міндеттері қарастырылды. Атап айтқанда, қаладағы экологиялық мәселелерді анықтау, оларды шешуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу және нақты экологиялық жобалардың жүзеге асуына ықпал ету мәселелеріне басымдық берілді.

«Экологиялық проблемаларды шешу үшін бір реттік іс-шаралармен шектелмей, тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Осы тұрғыда Өңірлік экологиялық кеңестің құрылуы сарапшыларды, қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдарды ортақ мақсат жолында біріктіруге мүмкіндік беретін маңызды қадам болмақ. Біздің міндетіміз – экологиялық мәселелерді талқылаумен ғана шектелмей, оларды шешудің нақты тетіктерін әзірлеу және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау», – деп атап өтті «Әділет» партиясы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров.

Жиын барысында EcoNetwork экологиялық жобасы таныстырылды. Жоба авторы Евгений Мұхамеджанов қалдықтарды сұрыптау мен бөлек жинаудың заманауи әдістерін енгізу, тиісті инфрақұрылымды дамыту және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, бұл жоба халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, тұрғындар, кәсіпкерлік субъектілері мен қоғамдық ұйымдардың қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді қатысуына бағытталған.

«EcoNetwork жобасының басты мақсаты – экологиялық бастамаларды нақты нәтижеге бағытталған іс-шараларға айналдыру. Қалдықтарды сұрыптап жинау, экологиялық сауаттылықты арттыру және цифрлық технологияларды енгізу арқылы тұрғындардың, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың қоршаған ортаны қорғау ісіне қатысуын кеңейтуге болады. Экологиялық жауапкершілік әр адамның күнделікті өміріндегі қалыпты дағдыға айналуы маңызды», – деді Евгений Мұхамеджанов.

Экологиялық бастаманы іс жүзінде жүзеге асырудың бір үлгісі ретінде «Әділет» партиясының Алматы қалалық филиалы ғимаратының алдына қалдықтарды бөлек жинауға арналған арт-нысан қойылды. Бұл нысан тұрғындар арасында қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар ол қала тұрғындарын табиғатқа жанашырлықпен қарап, экологиялық жауапкершілікті күнделікті өмірде ұстануға үндейді.

«Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында экологиялық жобаларды дамыту «Әділет» партиясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі саналады. Партия қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәселелерді шешуге және осы бағыттағы жұмыстарға қоғам өкілдерін, сарапшылар мен кәсіпкерлерді кеңінен тартуға мүмкіндік беретін бастамаларды қолдауға басымдық береді.