Қытайдың Хэнань провинциясындағы мейрамханалар желісінің иесі үздік қызметкерлеріне жаңа BMW көліктерін сыйлап, әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласына бөленді. Кәсіпкердің айтуынша, ол қызметкерлерінің қолайсыз ауа райында электрлі мотоциклмен жұмысқа қатынап жүргенін көріп, оларға көлік алып беруді ұйғарған, деп хабарлайды turkystan.kz scmp.com-ға сілтеме жасап.
Орталық Қытайдағы Цзяоцзо қаласында орналасқан сиыр етінен хотпот әзірлейтін мейрамханалар желісінің иесі Ма Яньли 24 қыркүйекте бірнеше қызметкерін жаңа көліктерін алуға ертіп барған. Henan TV телеарнасының хабарлауынша, кәсіпкер әрқайсысының құны 300 мың юань (шамамен 45 мың АҚШ доллары) болатын BMW көліктерін екі апта бұрын толық төлем жасап сатып алған.
Сыйлық алған қызметкерлердің бірі Ли Цзе бұл жаңалыққа сенер-сенбесін білмегенін айтқан. Оның сөзінше, BMW салонына бара жатқанда Ма Яньли оған жай ғана «үлкен ойыншық» сыйлайтынын жеткізген. Сол күні ақ түсті жаңа BMW көлігі Лидің атына рәсімделген. Қызметкер көлік үшін ешқандай ақы төлемеген. Сонымен қатар кәсіпкер сыйлықтың орнына қандай да бір келісімшартқа қол қоюды талап етпеген.
Ма Яньли қызметкерлеріне көлік сыйлау идеясын өткен қыста ойластырғанын айтқан. Ол компанияның жетістігін ұжымның ортақ еңбегімен байланыстырып, бизнестің табысы қызметкерлерге де тікелей пайда әкелуі керек деп санайды.