Зерттеу: адамдарды әлеуметтік деңгейіне қарай бөлетіндердің ми құрылымында ерекшелік бар

Бүгін, 18:27 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Ғалымдар адамдардың қоғамды әлеуметтік мәртебесі әртүрлі топтарға бөліп, бір топтың екіншісінен үстем болуын қолдау көзқарасы мен мидың белгілі бір бөліктеріндегі сұр зат көлемі арасында байланыс барын анықтады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, әлеуметтік үстемдікті қолдау деңгейі жоғары адамдардың миындағы алдыңғы аралша қыртысында сұр зат көлемі аздау болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу әлеуметтік үстемдікке бағдарлану (Social Dominance Orientation, SDO) деп аталатын психологиялық ұғымға арналған. Ол адамның қоғамдағы топтар арасындағы иерархияға, теңсіздікке және бір әлеуметтік топтың екіншісінен басым болуына көзқарасын сипаттайды.

Зерттеуге 99 жас ересек адам қатысқан. Ғалымдар олардың ми құрылымын 3 тесла қуатындағы магниттік-резонанстық томография (МРТ) арқылы зерттеген. Нәтижесінде әлеуметтік үстемдікті қолдау көрсеткіші жоғарылаған сайын мидың сол және оң жартышарларындағы алдыңғы аралша қыртысында сұр зат көлемі азаятыны байқалған.

Мидың бұл аймағы эмоцияларды өңдеуге, әлеуметтік ақпаратты қабылдауға және эмпатияға, яғни өзге адамның сезімін түсініп, оның жағдайына ортақтаса білуге қатысады. Зерттеушілердің пікірінше, анықталған байланыс әлеуметтік теңсіздікті қолдайтын адамдарға тән эмоционалдық және әлеуметтік ерекшеліктерді тереңірек түсінуге көмектесуі мүмкін.

Сонымен қатар ғалымдар әлеуметтік үстемдікке бағдарлану мен марапатқа сезімталдық арасында да байланыс барын анықтаған. Бұл – адамның мақтау, ынталандыру және басқа да жағымды нәтижелерге қаншалықты бейім екенін сипаттайтын тұлғалық қасиет. Зерттеу барысында мидың сол жақ алдыңғы аралша қыртысындағы сұр зат көлемі мен марапатқа сезімталдық көрсеткіштері қатысушылардың әлеуметтік үстемдікке бейімділігіндегі айырмашылықтардың 29 пайызын түсіндіруге мүмкіндік берген.

Алайда зерттеу нәтижелері мидың құрылымдық ерекшеліктері кемсітушілік көзқарастың тікелей себебі екенін дәлелдемейді. Ғалымдар әзірге тек статистикалық байланысты анықтаған. Бұл құбылыстың себептерін түсіну және оның қалыптасу тетіктерін айқындау үшін қосымша зерттеулер қажет.

Тэгтер:

қоғам әлеумет ми