Жетісу облысында 8-сынып оқушысының өліміне қатысты күдікке ілінген жасөспірім ұсталды

Бүгін, 16:36 / Алуа Арман
Фото: instagram.com/halyk_zhurnalist.kz/

Алдын ала мәлімет бойынша, сыныптастар арасында сабақтан кейін жанжал шыққан. Сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жетісу облысы Сарқан ауданының Алмалы ауылында сыныптастар арасындағы жанжалдан кейін сегізінші сынып оқушысы Мүслім Біржанұлы қаза тапты. Кісі өлтірді деген күдікпен оның қатарласы ұсталды.

Жанжал сабақтан кейін болған. Оқушылар арасындағы жанжал кезінде жасөспірімдердің бірі пышақ жарақатын алып, кейін көз жұмған.

Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Алдын ала анықталғандай, сабақтан кейін сыныптастар арасында жанжал туындап, оның барысында жасөспірімдердің бірі дене жарақатын алып, кейін қайтыс болған. Күдікті ұсталып, заңды өкілдерімен бірге полицияға жеткізілді», – деп хабарлады полиция.

Бұдан бөлек, білім беру ұйымының қызметкерлеріне қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Іс балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау ықтималдығына байланысты тергеліп жатыр.

Тергеу барысы Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды.

Тэгтер:

мектеп күдікті оқушы Жетісу облысы Жасөспірім жанжал