Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жіктемесі бойынша 65 жастан асқан тұрғындар үлесі 7 пайыздан асатын қартайған қоғамдар санатына біртіндеп жақындап келеді. Бұған ең алдымен өмір сүру ұзақтығының артуы мен әр жылдардағы демографиялық толқындар себеп. Адамдар ұзағырақ өмір сүрген сайын, үнемі күтім мен көмекке мұқтаж қарттардың саны да көбейіп жатыр. Оның үстіне, жұмыс істейтін жастардың мойнындағы жүктеме ауырлаған сайын, отбасында ата-анаға, қарттарға бұрынғыдай қарап, уақыт бөлуге жағдай мен мүмкіндік жетпей жатады.
Егде жастағы азаматтардың арнаулы орталықтарға немесе жекеменшік пансионаттарға орналасуы – күрделі әлеуметтік, медициналық және психологиялық факторлардың тоғысуынан туындаған өзекті мәселе. Қоғамда «балалары тастап кетті» деген стереотип басым болғанымен, зерттеулер мен әлеуметтік сауалнамалар бұл үрдістің объективті әрі терең себептерін айқындап береді.
Бұл саладағы ең негізгі себептердің
бірі – егде адамдардың денсаулық жағдайы мен деменция дерті. Мемлекеттік және жеке арнаулы орталықтардың статистикасына сүйенсек, қарттар үйіне орналасқандардың 35-40 пайызын осы фактор құрайды. Деменция, Альцгеймер, инсульттен кейінгі сал болу немесе Паркинсон сияқты ауыр созылмалы ауруларға шалдыққан жандарға үйде, арнайы медициналық білімі жоқ отбасы мүшелері тәулік бойы кәсіби күтім жасау мүмкін емес. Бұл орайда туыстары қариядан «құтылу» үшін емес, оған қажетті медициналық-әлеуметтік оңалтау мен қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету мақсатында мамандандырылған мекемелерге орналастыруға мәжбүр болады.
Екінші орында отбасындағы ұрыс-керіс, зорлық-зомбылық немесе сенімсіздік тұр. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, тұрмыстық жанжал, ене мен келіннің тіл табыса алмауы, ішімдікке салыну немесе отбасылық зорлық-зомбылық жағдайлары үлкендердің бөлек кетуіне себеп болады. Бір үйде бірге тұру мүмкін болмай, отбасы - ошақ қасындағы психологиялық жағдай нашарлағанда, қос тарап та ерікті түрде бөлек өмір сүру туралы шешім қабылдайды. Осындай тығырыққа тірелгенде қарттар үйі жанжалдан оқшауланып, тыныштық табудың жалғыз жолы.
Тұрғын үй тапшылығы мен материалдық ауыртпалық та өз әсерін тигізуде. Ипотекалық міндеттемелер, тар баспана және ақша жетіспеуі қарттарды бағуды қиындатады. Әсіресе, мегаполистердегі шаршы метр тапшылығы үлкендер мен жастардың бір шаңырақ астында сыйысып өмір сүруіне тосқауыл болып отыр. Сонымен қатар егде адамға айына 200-350 мың теңге көлемінде жеке күтуші жалдау орташа отбасылық табыстан асып түсетіндіктен, арнаулы орталықтар басты балама нұсқа болып қала береді.
Тіпті, көші-қон процесі мен миграция да мәселені ушықтырып отыр. Жастардың ауылдан қалаға немесе шетелге жұмыс, оқу бабымен қоныс аударуы нәтижесінде қоғамда «жалғыз қалған қарттар» феномені қалыптасты. Егер қария өзінің үйреншікті ортасын, қара шаңырағын тастап көшкісі келмесе немесе визалық, медициналық себептермен балаларының соңынан шетелге кете алмаса, жекеменшік пансионаттар уақытша немесе тұрақты мекенге айналады.
Бұдан бөлек, жалғыздық пен өз еркімен орналасу факторы байқалады. Жұбайынан айырылған, артында заңды туыстары немесе перзенттері жоқ азаматтар, сондай-ақ өзін-өзі күту мүмкіндігінен айырылған зейнеткерлер мемлекеттік орталықтардың негізгі контингентін құрайды. Сонымен қатар кейінгі жылдары балаларына салмақ салғысы келмей, өз еркімен жеке пансионаттарды арнайы зейнеткерлер клубы ретінде таңдайтын қариялар да бар.
Тарихи тұрғыдан қарттарға, ауруларға физикалық және тұрмыстық күтім жасау функциясы негізінен отбасындағы әйелдерге, келіндер мен қыздарға жүктелетін. Қазір әйелдердің білім деңгейі өсіп, кәсіби тұрғыда өзін-өзі дамытып, мансап қуу мүмкіндігі артты. Бұл отбасы ішіндегі «тегін күтуші» институтының жойылуына әкелді, себебі әйелдердің күндізгі толық жұмыс графигі үйдегі қарт адамға сапалы күтім жасауға мүмкіндік бермейді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл құбылыстың астарында ауқымды социологиялық өзгерістер жатыр. Әлеуметтанушылар мен демографтар Қазақстан қоғамында бір шаңырақта бірнеше ұрпақ бірге тұратын дәстүрлі модельдің ығысып, тек ата-ана мен балалардан тұратын нуклеарлы отбасы үлгісінің үстемдік етуін жаһандану мен урбанизацияның объективті салдары деп бағалайды. Геронтологтар мен медиктер деменция мен психоневрологиялық ауытқуы бар қарттарға үйде күтім жасау отбасы мүшелерінің эмоциялық тұрғыдан «таусылуына» әрі жұмысынан қол үзуіне әкелетінін, сондықтан медициналық-әлеуметтік стационарлардың объективті әлеуметтік қажеттілікке айналғанын алға тартады. Ал заңгерлер мен әлеуметтік қорғау мамандары мемлекеттік қарттар үйлеріне заңды балалары бар қарияларды қабылдау шектелгенімен, сот шешімі немесе балаларының мүгедектігі мен төлем қабілетсіздігі дәлелденген жағдайда арнайы рұқсат берілетінін айтады.
Деректерге сүйенсек, стационарлық орталықтардағы қариялардың 30 пайыздан астамы кәсіби геронтологиялық немесе психоневрологиялық күтімді қажет ететін ауыр диагнозы бар жандар. Ал социологиялық сауалнамаларға сәйкес, балаларына салмақ түсірмеу, өз қатарластарымен араласу үшін қарттар өз еркімен жекеменшік орталықтарды таңдайды екен.
Мемлекеттік мекемелердің динамикасын сараласақ, кейінгі он жылдықта қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған стационарлық орталықтардың саны соншалықты артқан жоқ. Қазір еліміз бойынша 50-ден астам ірі мемлекеттік стационарлық орталық жұмыс істейді, онда тұрақты немесе уақытша паналап жатқан егде жастағы және мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы саны 6 500-7 500 адам аралығында құбылып тұр. Мемлекеттік сектордағы басты басымдық мекемелер желісін көбейтуге емес, жартылай стационарлық әрі үйде әлеуметтік қызмет көрсету форматын кеңейтуге бағытталған.
Кейінгі 5-7 жылда жекеменшік қарттар үйі мен пансионаттар секторы да серпінді дами бастады. Алматы, Астана, Шымкент сияқты мегаполистерде және облыс орталықтарында жүздеген коммерциялық орталық бой көтерді. Ресми тіркелмеген немесе коммерциялық ұйым ретінде жұмыс істеп, арнаулы реестрге енбей қалған орталықтарды қоса есептегенде, жекеменшік сектордағы орындар саны кейінгі 10 жылда 3-4 есеге жуық өсті.
Дегенмен бұл саладағы сұраныс пен күтімге зәру жандардың орналасу тығыздығы өңірлердегі демографиялық жағдайға қарай әртүрлі. Мекемелерге деген қажеттілік республика бойынша бірқалыпты емес. Мәселен, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында егде тартқан тұрғындардың үлесі өте жоғары. Кейбір аудандарда бұл көрсеткіш 12-15 пайыздан асып жығылады. Бұл жағдайға ең алдымен жастардың басқа аймақтар мен шетелге жаппай қоныс аударуы, сондай-ақ бала туу деңгейінің төмендігі тікелей әсер етіп отыр. Нәтижесінде, теріскей мен шығыс өңірлердегі мемлекеттік қарттар үйінде орын жетіспеушілігі жиі байқалады.
Ал оңтүстік пен батыс өңірлердегі ахуал мүлде басқаша. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында демографиялық көрсеткіш жоғары, халықтың басым бөлігін жастар құрайды. Оның үстіне бұл аймақтарда дәстүрлі отбасылық құндылықтар, үлкенді сыйлау мен ата-анаға қамқорлық жасау міндеті берік орныққан. Осы себептен оңтүстік пен батыста қарттар үйіне сұраныс ресми түрде әлдеқайда төмен. Мұндағы орталықтарда паналап жатқандардың басым бөлігі – артында сүйенер туысы, іздеушісі жоқ, толықтай жалғыз қалған жандар.
Ресми статистикалық есептерде «отбасы қамқорлығынан тыс қалған қарттар» деген жеке санат ашық көрсетіле бермейді, өйткені бұл құбылыс терең әлеуметтік-психологиялық факторларды қамтиды. Дегенмен әлеуметтік қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 60-тан асқан азаматтардың шамамен 1,5-2 пайызы мемлекеттік немесе жеке әлеуметтік қолдауды, соның ішінде үйде қызмет көрсету мен стационарларды қажет етеді. Қазір елде 30 мыңнан астам жалғызбасты немесе оқшау тұратын қарт пен мүгедектігі бар адам әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының есебінде тұр.
Мемлекеттік қарттар үйін паналаған азаматтардың 70-80 пайызы – артында іздеушісі жоқ жалғызбасты қарттар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандар. Ал қалған 20-30 пайызының туған-туыстары мен перзенттері бар болғанымен, отбасылық келіспеушіліктер, баспана жоқтығы, материалдық тапшылық, тиісті күтім жасай алмау себепті осындай мекемелерге орналастырылған. Бұдан бөлек, ресми стационарлардан тыс, өз үйлерінде оқшауланып, жасы мен денсаулығына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын қарттардың да белгілі бір үлесі бар.
Еліміздегі демографиялық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер ғасырлар бойы қалыптасқан «ата-анаға үйде күтім жасау» дәстүрлі институтын түбегейлі өзгертіп жатыр. Дәстүрлі патриархалды отбасылық модельден заманауи нуклеарлы отбасы жүйесіне өту процесі алдағы уақытттарда қарттарға күтім жасаудың жаңа институционалдық формаларын талап ететіні сөзсіз.
Болашаққа көз жіберсек, алдағы 15-20 жылда отбасылық және институционалдық күтімнің арақатынасы сапалық жаңа деңгейге көтеріледі. Осы кезде Қазақстанда қарттарға күтім жасау жүйесі 85-90 пайызы отбасылық қамқорлықта болса, алдағы 10-20 жылда бұл көрсеткіш 65-70 пайызға дейін құлдырауы ықтимал дейді сарапшылар.
Есесіне, институционалдық және гибридті күтімнің үлесі артады. Арнаулы стационарлар мен пансионаттар, жартылай стационар орталықтар мен үйдегі кәсіби күтім қызметтерінің үлесі 30-35 пайызға дейін өседі. Осы орайда дамыған елдердегідей гибридті модель қалыптасады. Отбасына уақытша демалыс беру үшін қарттарды бір-екі аптаға пансионатқа орналастыратын респис күтім және балалар сияқты қарттарды таңертең әкеліп, кешке үйге алып кететін күндізгі бағдарламалар кеңінен таралатын болады. Ал балалар ата-анасын үйден шығарғысы келмеген жағдайда, үйдегі күтім коммерцияланып, жекеменшік патронаждық қызметтер мен кәсіби күтушілер институтына сұраныс еселеп артады.
Қорыта айтқанда, «қарттар үйіндегілердің барлығын балалары тастап кеткен» деген пікір ресми статистикамен расталмайды. Оған қоса мемлекеттік мекемелердегі азаматтардың басым бөлігі (70-80 пайызы) – жалғызбастылар мен мүгедектігі бар жандар. Бұл ретте «әке-шешесін баға алмады» деген қоғамдық айыптау мәселені шешпейді. Қарттар үйіне деген көзқарасты «жазалау мекемесінен» сапалы медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы концепциясына ауыстыру қажет.
Зәуреш НҰРПЕЙІСОВА,
Amanat қарттар үйінің әкімшісі:
Қарттарға ерекше күтім керек
– Күйеуім екеуміз зейнет жасына шыққаннан кейін қол қусырып қарап отыра алмайтынымызды түсіндік әрі балаларымызға болысу үшін бір іс бастау керек деген шешімге келдік. Ойлана келе өзіміз секілді зейнеткерлерге арналған орталық ашуды ұйғардық. Шүкір, бүгінде қарттар үйіне келгендер жұмысымызға разы, алғысқа бөленіп жүргенімізге қуанамыз.
Қарттармен жұмыс істеудің өзіндік жауапкершілігі бар. Пансионатта күтуші, мейірбике, техникалық қызметкерлерге дейін қарттардың жағдайын жасауға атсалысады. Жұмыстың ең ауыр бөлігі – төсекте жатқандарды көтеріп, астын жуып, құрғақ киімін ауыстыру. Ұят та болса айтуымыз керек, деменциямен ауыратын жандар үйде болса дәретін жіберіп қояды, жаймаларын жыртып, жан-жағына жағып тастайды. Ал бұл жерде қызметкерлер олардың астын жоқ дегенде күніне 2-3 рет ауыстырады. Екінің бірі жиіркенбей осы жұмысты істейді деп айта алмаймын. Қарттар бір адамға үйренген соң, жұмысшыларды ауыстыра беру оларға да қиын тиеді. Себебі әр науқастың мінезі әртүрлі, жүйке ауытқушылықтары бар, агрессивті немесе қашып кеткісі келетіндер де кездеседі. Тұрақты істейтін қызметкерлер кімнен не күтуге болатынын жақсы біледі және бөлмелерге орналастырғанда да олардың мінезіне қарап жатқызамыз. Кез келген науқасқа жылы сөйлесең – түсінеді, ал агрессивті сөйлесең – сондай жауап қайтарады.
Қазақта «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» дейді. Алайда ешкім әке-шешесін еріккеннен немесе қашқаннан қарттар үйіне әкелмейді. Ондайда біз психологиялық қолдау көрсетіп, намыстанып, ұялудың қажеті жоқ екенін, ең бастысы – қарттардың денсаулығы екенін түсіндіреміз. Бұл жерде өтірік ұяттың керегі жоқ. Үйде күтім жасау мүмкін емес екенін тек бұл жағдай басына түскен адам ғана біледі. Сырт көз сыншыл келеді, «өз туған әке-шешесін қарай алмады ма?» деп айта береді. Мұндағы әрбір қарттың туыстары мен бала-шағасы бар, керек емес деп әкеліп тастап кеткен ешкім жоқ. Көршілес Ресейді айтпағанда, балалары жұмыс бабымен Германияға, Испанияға кеткендер де ата-аналарын осы пансионатқа сеніп тапсырады. Одан бөлек 80 жастағы анаға 60-тан асқан баласының қарауға шамасы келмейді. Оларды жуындырғанда, отырып-тұрғызғанда көтеру, арқалау керек, оған баласының да денсаулығы мен жүйкесі шыдамайды. Ал біз қызметкер таңдағанда оның иманы мен мейірімділігіне қараймыз. Қарттарға алакөзбен қарамай, ұрыспай, жиіркенбей қызмет ету керек. Қандай жұмыс болса да адалынан істеу керек. Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді, сондықтан бұл кісілерге мейіріммен қарау қажет.