2016 жылы Түркияның сол кездегі Премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы Қазақстанға сапары кезінде бауырластық пейілмен айтқан бір сөзі әлі күнге БАҚ беттерінде жиі айтылады. Ол Түркия халқының сол кездегі жалпы санын меңзеп: «Түркияда мені қосқанда 78 миллион 600 мың қазақ бар» деп ағынан жарылған еді. Бұл түрік пен қазақтың бір түбірден тараған туыс екенін білдірген «Біз де қазақпыз» деген ғажап дипломатияның үлгісі еді. Осы секілді адамзат тарихында жалқының жалпыға айналу үлгісін көрсететін сәттер аз емес.
Даңқты режиссер Стэнли Кубриктің 1960 жылы жарық көрген «Спартак» фильмінде Рим қолбасшысы Красс көтерілісшілерге: «Спартакты көрсетсеңдер, қалғандарыңды жазаламаймыз», – деген шарт қоятын эпизод бар. Осы сәтте көп жауынгер арасынан «Мен Спартакпын» деп бір адам тұрады. Сосын екіншісі де өзін «Мен Спартакпын» деп жариялайды. Ақыры алаңда тізерлеп отырған тұтқындардың бәрі бірінен соң бірі орындарынан тұрып Спартак екенін айтады. Рим әскері бір ғана адамды іздеген еді. Енді олардың алдында жүздеген Спартак тұр. Тарихи Спартактың өмірінде дәл осындай көрініс болғанын растайтын сенімді дерек жоқ. Дегенмен кейде өнер тарихи фактіден де ұзақ өмір сүретін символ жасайтынын ұмытпағанымыз жөн.
Арада алпыс жылдан астам уақыт өткенде кинодағы сәт тағы да қайталанды. Бірақ бұл жолы Рим алаңында емес, әлеуметтік желіде. «Мен Спартакпын» деп емес, «Мен Джейн Доумын» деген жұрт қарасы көбейді. Сонымен бұл Джейн Доу кім?
Неге Jane Doe?
Jane Doe бір адамның шын есімі емес. АҚШ-тың сот және құқық қорғау тәжірибесінде жеке басын жариялау қауіп тудыруы мүмкін немесе құпия сақталуы қажет әйелдерге осындай шартты ат беріледі. Ер адам болса – John Doe.
Ұзақ жыл бойы сот құжаттарының арасында ғана кездесетін осы қарапайым атау биыл күзде аяқ астынан әлеуметтік желідегі қарсылықтың символына айналды. Оған Корнелл университетінің бұрынғы студентінің оқиғасы түрткі болды.
Шартты есімді иемденген әйелдің оқиғасы 20 жасында, яғни, 2024 жылы болған. Ол Chi Phi студенттік ұйымының үйінде өткен кеште сексуалдық зорлық көріп, кейін бұрынғы жеті студентке және бірқатар ұйымға қарсы азаматтық талап арыз түсірді. Алайда бұл оқиға бірден бүкіл Американы дүрліктірген жоқ. Әйел сол кезде-ақ полицияға жүгінгенімен, іс айып тағуға дейін жетпей қалады. Оқиға жылы жабылып, уақыт өте оқиға қоғамдық назардан алыстай бастағандай еді.
Бірақ биыл азаматтық талап арыз берілген соң екі жыл бұрынғы іс қайтадан күн тәртібіне шықты. Оқиға америкалық медиада талқыланып, Нью-Йорк билігі де оған қайта назар аударды. Айыпталушылар тағылған айыптарды жоққа шығарады. Іс бойынша түпкілікті сот шешімі шыққан жоқ.
Бәлкім, бұл оқиға сот процесінің аясында ғана қалып қояр ма еді. Бірақ әлеуметтік желіде күтпеген жағдай болды. Америкалық журналист әрі саяси комментатор Майкл Трейси сот құжаттарында Jane Doe деп көрсетілген әйелдің шын мәнінде кім екенін анықтауға тырысып жүргенін жазды. Ол әйелдің жеке басына қатысты мәлімет білетін адамдардан өзімен байланысуды сұрады. Осы бір жазба оқиғаның бағытын күрт өзгертті. Интернет қолданушылары мұны зорлық көргенін мәлімдеген әйелдің анонимдігін бұзуға жасалған әрекет деп қабылдады. Бірақ олар Трейсиге ұзақ мәлімдемемен немесе қарсы петициямен жауап берген жоқ. Осыдан кейін желіде оған қарсы реакция басталды. Қыз-келіншектер жаппай: «I am Jane Doe», яғни «Мен – Jane Doe», – деп жаза бастады. Осылайша, олар жүздеген, тіпті мыңдаған әйел өзін «Jane Doe» деп атаса, нақты әйелді әлеуметтік желі арқылы іздеу әлдеқайда қиындайды деген идеяны ұстанады. Науқанға америкалық журналистер, жазушылар, комиктер және қоғам белсенділері де қосылған. Бастапқыда бұл сексуалдық зорлық көрдім деп мәлімдеген адамның анонимдігін қорғауға бағытталған қарсылық болғанымен, кейіннен өмірде шын зорлық көрген жандардың жазбаларына айнала бастады. Осылайша флешмоб көп ұзамай басқа адамдардың да үнсіз жүрген оқиғаларына жол ашып, «Мен Джейн Доумын» деген тіркестің мағынасы кеңейе берді.
«Мен де Джейн Доумын, мен – Қазақстаннанмын»
Бұл құбылыс елімізді де айналып өтпеді. Threads қолданушыларының арасында «Мен де Джейн Доумын. Мен Қазақстаннанмын» деген жазбалар шыға бастады. Ақырында, бұл хэштег желі бетінде бірінен соң бірі көбейіп, еліміздің әр өңіріндегі қыз-келіншектер осы уақытқа дейін айтпаған оқиғаларын бөлісіп, науқанға өз үндерін қосты. Қазақстандық #IAmJaneDoe жазбаларында ең жиі кездесетін желілердің бірі – оқиға болған кезде автордың өте кішкентай болуы.
Мәселен, Threads-тегі жазбалардың бірінде әйел: «Мен бесте, ол 20-да еді» деп жазады. Оның айтуынша, ауылдағы көршісінен зорлық көрген. Ақырында, денсаулығында мәселе пайда болып, әжесіне айтқан. Автор психотерапевтке тек 20 жасында барғанын жеткізеді.
Тағы бір Threads қолданушысы алты жасында көршісінің 13-14 жастағы ұлынан сексуалдық зорлық көргенін жазған. Ол бұл туралы анасына айтуға ұзақ жыл бойы батылы жетпегенін, оқиғаның салдары әлі күнге дейін өміріне әсер ететінін айтады.
Заңгер Ләззат Ракишева да аты-жөнін жасырмай, алты жасқа толмаған кезінде көршілес тұрған 18 жастағы жігіттен зорлық көргенін мәлімдеген.
Оқиғаларға ортақ тағы бір жаға ұстатарлық жағдайлардың бірі авторлардың өздері сипаттаған адамдардың бөтен емес, аға, туыс, көрші немесе отбасы жақсы танитын адам болуы. Мәселен, бір жазбада автор: «Мен сегізде едім, ол 14-те болған» деп, зорлық жасады деп мәлімдеген адамның өзінің ағасы болғанын айтады. Тағы бір оқиғада Threads-тегі forestthepigeon есімді қолданушы 10 жасында отбасылық тойда әжесінің ағасы сексуалды зорлық көрсеткенін жазған. Оның айтуынша, жағдайды ер адамның әйелі кездейсоқ тоқтатқан.
Тағы бір куәлікте автор 19 жасында нағашысының сексуалдық қысымына тап болғанын мәлімдейді. Ер адам сол кезде 36 жаста, үйленген, үш баласы болған. Кейін ол ештеңе болмағандай әйелдің үйлену тойына да келген. Жазбалар арасында стоматологтан сексуалдық қысым көргенін мәлімдеген 17 жастағы қыздың оқиғасы да бар. Басқа жазбаларда отбасы сенетін немесе қоғамда беделді саналатын ересектер туралы айтылады.
Бұл қозғалыстың тағы бір ерекшелі-гі – оған ер адамдардың да қосылуы.
Threads жазбаларының бірінде қазақстандық ер адам алты жасында 14 жастағы көрші баладан зорлық көргенін мәлімдеген. Автор оқиғаның кейбір бөліктерін толық есіне түсіре алмайтынын, сол кезде қатты қорыққанын жазады. Демек, сексуалдық зорлықтың құрбаны тек қыздар ғана емес, ер бала да болуы мүмкін екенін осы бір құбылыс ашық көрсетіп берді. Мамандардың айтуынша, «еркек жыламайды», «жігіт мұндайды айтпайды» деген әлеуметтік түсініктер олардың үнсіздігін тіпті ұзарта түсуі мүмкін.
Психологтар не дейді?
Осы ретте психоанализ бағытындағы практик-психолог Гүлнұр Аяшеваның пікірін білмек мақсатында аталған құбылысқа қатысты сұрақтарымызды жолдаған едік. Оның айтуынша, #IAmJaneDoe қозғалысының Қазақстандағы талқылануы халықаралық тәжірибеден бірқатар ерекшелігімен көзге түседі. Мәселен, АҚШ-та бұл хэштег ең алдымен нақты жәбірленушінің анонимдігін қорғау үшін пайда болса, Қазақстанда ол өте тез арада адамдардың өз басынан өткен ауыр оқиғаларын айту алаңына айналды.
Маман қоғамда «неге бұрын айтпадың?» деген көзқарастан «неге ол кезде ешкім тыңдамады?» деген түсінікке ауысу байқалатынын да айтады. Адамдардың бір-бірінің тәжірибесіне эмпатиямен қарап, «мен де жалғыз емеспін» деп ашық айта бастауы – маңызды өзгеріс. «Психологиялық тұрғыдан #IAmJaneDoe-ні жеке жарақаттың қоғамдық тілге айналуы, ұзақ уақыт сақталып келген жан жараның бетінің ашылуы және ұжымдық ұяттың қайта қаралуы ретінде қарастыруға болады. Бірақ әлеуметтік желідегі жария әңгіме терапияның орнын баспайтынын да ұмытпауымыз керек. Кей адам оқиғасын жариялағаннан кейін керісінше сын, күмән, қайта жарақаттану немесе жеке мәліметтердің таралуына тап болуы мүмкін. Сондықтан ең маңыздысы, адамның сөйлеуге құқығы бар екенін сезінуі, бірақ сөйлеуге міндетті еместігін де білуі. Адам оқиғаны қайта айтып отырып, травмалық ситуацияны қайта бастан кешіруі мүмкін. Ал жағымсыз пікірлер, күмән келтіру немесе жәбірленушіні кінәлау екінші рет жарақаттауға әкелуі ықтимал. Репутациялық тәуекел де маңызды: әлеуметтік желіге шыққан ақпараттың әрі қарай таралуын толық бақылау қиын. Сондықтан адам оқиғасын жарияламас бұрын: «Мен бұл ақпараттың көпшілікке жеткеніне дайынмын ба?», «Осы жарияланым маған қандай зардап тигізуі мүмкін?» деп ойланғаны дұрыс. Құқықтық тұрғыдан да абай болу қажет. Басқа адамның аты-жөні, суреті, жеке өміріне қатысты мәліметтерін оның келісімінсіз жариялау дербес деректерді қорғау талаптарына қайшы келуі ықтимал. Сондықтан басты қағида, адамның өз тарихын айтуға құқығы бар, бірақ оны айтуға міндетті емес. Ең алдымен, оның қауіпсіздігі мен психологиялық дайындығы ескерілуі керек».
Гүлнұр Аяшева енді осы үрдіс тек желі бетінде ғана қалып қоймай, тиісті іс-шаралар атқарылуы керектігін алға тартады. «Бірақ бұл бір ғана хэштегпен қалыптаспайды: қоғамдық көзқарастың тұрақты өзгеруі білім беру, дұрыс медиа тілі, құқықтық қорғау және психологиялық қолдаумен қатар жүруі керек. Әлеуметтік желідегі белсенділік өздігінен заңды немесе жүйелік өзгеріске әкелмейді. Оның негізгі күші – қоғамдық пікірдің және жауапты институттардың назарын аударуында. Бір мәселе туралы мыңдаған адамның айтуы оның жеке жағдай емес, жүйелі проблема екенін көрсетеді. Бұл журналистердің, сарапшылардың, құқық қорғау органдары мен заң шығарушылардың назарын аударып, нақты әрекетке түрткі болады. Алайда хэштегтің танымалдығы, өзгерістің өзі емес, оған деген қоғамдық сұраныстың көрсеткіші. Тұрақты нәтиже болуы үшін онлайн талқылау құқықтық бастамаларға, профилактикаға, институционалдық шешімдерге және жәбірленушілерге нақты көмек көрсету механизмдеріне ұласуы керек.
Мысалы, құқықтық және психологиялық көмек, профилактика, білім беру мен мамандардың дайындығы жеткіліксіз болса, мәселе айтылғанымен, жүйелі шешімге ұласпайды. Бұған бюрократия, отбасылық қысым және қаржылық қиындықтар да әсер етеді. Психологиялық тұрғыдан адамға тек сөйлеуге мүмкіндік беру жеткіліксіз, ол сөйлегеннен кейін өзін қауіпсіз сезініп, нақты қолдау алатынына сенуі керек. Сонда ғана мұндай бастаманың ұзақмерзімді нәтижесі туралы айтуға болады», – дейді психолог.
Ал танымал психолог Анна Құдиярованың айтуынша, бұл жағдай бертінде пайда болған жоқ. Ол тек бір құбылыс аясында сыртқа шыққан үлкен мәселе. Айтуынша, психологқа осындай бала кезіндегі оқиғаларын айтып, көптеген жәбірленуші келеді. Әрі олар әлі де өздерін қауіпсіз сезінбейді. Сонымен қатар мемлекет қоғамға психолог көмегіне жүгінуге қолайлы жағдай жасау қажет. Себебі көп қиын тағдыр иелерінің басынан өткен оқиға бойынша кеңес алуға психологтарға төлейтін қаражаты жоқ.
Осы ретте біз ресми статистиканы ғаламтордан іздеп биылғы деректер таба алмадық. Есесіне, өткен жылдың 11 айының қысқаша қорытындысына кез болдық. Онда: «2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың төмендеуі тіркелді: қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 2,3 пайызға, ал кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар 17,9 пайызға азайды» делінген.
#IAmJaneDoe бастамасының әлемде таралу қарқыны мен Қазақстандағы ауқымы туралы әзірге толық статистика жоқ. Сондықтан кейбір тұжырымдар әлеуметтік желілердегі жарияланымдар мен бұқаралық медиадағы материалдарды талдауды қажет етеді. Осы ретте біз Qazaq Expert Club-тың медиа саласындағы сарапшысы Гүлмира Сұлтанбаеваның пікірін білген едік.
– Гүлмира ханым, медиа саласының сарапшысы ретінде айтыңызшы, Қазақстандағы дәстүрлі медиа бастаманы әлеуметтік желілермен салыстырғанда қалай көрсетіп жатыр?
– Жарияланған контенттерден байқалғаны, коммуникациялық арналарды қолданудың екі фокусын көрсетеді. Әлеуметтік желіде басынан өткен оқиғаны эмоция арқылы жеткізу айқын басымдықта. Ақпарат жылдам таралады, бірақ оның бәрі бірдей тексерілмейді.
Дәстүрлі және онлайн медиада көбіне науқанның қалай басталғаны, «Jane Doe» атауының мағынасы, америкалық істің мән-жайы түсіндіріледі. Кейбір басылымдар қазақстандық контенттен үзінді келтіруде. Дегенмен кей материалдар мәселені терең талдаудан гөрі «жаңа флешмоб» немесе «желіні дүрліктірген тренд» ретінде қабылдағанын ескерген жөн.
Медианың міндеті әлеуметтік желідегі ең ауыр оқиғаларды қайталап жариялау емес, жәбірленгендердің дер кезінде неге хабарламағанын талдау. Көмек көрсету, психологиялық, құқықтық қолдау жүйесін атап көрсету, жұмылдыру маңызды. Тергеу тәжірибесі мен балалардың қауіпсіздігін күн тәртібіне шығару да басты орында болуы тиіс.
– Осы ретте журналистер мен блогерлер қандай этикалық қағидаларды ұстануы керек?
– Негізгі қағида жәбір көрген адамдарға «зиян келтірмеу». Кейіпкердің келісімін алу. Аты-жөнін ғана емес, оны жанама түрде тануға мүмкіндік беретін мекенжай, оқу орны, туыстық байланыс, фото мен геолокацияны да жасырған жөн. Кәмелетке толмағандардың деректеріне ерекше сақтықпен қарау. Жағымсыз оқиғаның физиологиялық және адам төзгісіз картинасын егжей-тегжей жарияламау. Адамнан болған жағдайды қайта-қайта баяндауды талап етпеу. Сот шешімі шықпаған жағдайда «айыптады», «мәлімдеді», «талап-арызда көрсетілген» деген құқықтық тұрғыда жариялау. Жәбір көрген адамды мінезі, киімі немесе бұрынғы өмірі арқылы бағаламау. Материал соңында көмек алуға болатын тексерілген байланыстарды көрсету.
ЮНЕСКО жыныстық зорлық туралы ақпарат таратқанда құпиялылықты, дәлдікті, жәбірленушінің қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін бірінші орынға қоюды ұсынады. Қоғамдық мүдде адамның жеке басын міндетті түрде жариялау деген сөз емес. Қоғам үшін оқиғаның жүйелік себептері маңызды.
– Желілерде мәлімет өте көп. Ал жалған ақпарат пен дәлелденбеген айыптаулар қаупін қалай азайтуға болады?
– Қауіп бар, өйткені әлеуметтік желі сот та, тергеу органы да емес. Бірақ осы тәуекелді алға тартып, барлық куәлікті автоматты түрде жалған деп қабылдау да дұрыс емес.
Тәуекелді азайту үшін не істеу керек? Бірнешеуін атайын, жеке куәлік пен тексерілген фактінің арасын ажырату керек. Ресми шешім болмаса, адамды қылмыскер деп кесімді атамаған жөн. Редакцияларда фактчекинг пен заңгерлік сараптама жүргізу қажет. Фото, хат немесе скриншотты контекстен тыс жарияламай, күдіктінің де, жәбірленушінің де процессуалдық құқықтарын сақтаған дұрыс. Жаппай онлайн-қудалауға шақырмау керек. Платформаларда доксинг, қорқыту және жалған аккаунттарға жедел шағымдану тетіктерін күшейту қажет. «Адамды тыңдау» қағидатын ұстанып, барлық мәлімдемені сотта дәлелденген факт деп жариялауда сақ болған жөн.
– Қазіргі пікірталастан Қазақстан қоғамы қандай қорытынды шығаруы керек?
– Әуелі, үнсіздік зорлықтың болмағанын білдірмейді. Кейде адам қорқыныштан, тәуелділіктен, жас ерекшелігінен немесе ортаның қысымынан ұзақ уақыт сөйлей алмайды.
Екінші, жәбір көрген адамның алғашқы реакциясын бағаламай, оны қауіпсіз жағдайда тыңдай білуіміз керек.
Үшінші, мәселені тек әйелдердің немесе кей отбасының проблемасы ретінде қарауға болмайды. Бұл бала қауіпсіздігіне, денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау жүйесіне және медиамәдениетке қатысты қоғамдық мәселе.
Төртінші, эмоциялық жанашырлық көмек инфрақұрылымына айналуы тиіс. Қоғам «кім кінәлі?» деген онлайн тартыспен шектелмей, «адам қайдан және қалай қауіпсіз көмек ала алады?» деген сұраққа жауап беруі қажет.
– Бұл бастама қалай дамуы мүмкін және нәтижесін қалай бағалаған дұрыс?
– Науқан үш бағыттың біріне өтуі мүмкін: қысқамерзімді эмоциялық тренд ретінде бәсеңдеу; тұрақты қоғамдық-ағартушылық қозғалысқа айналу; немесе үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар және мемлекеттік институттар қатысатын нақты реформалар күн тәртібіне ұласу.
Оның нәтижесін жазба саны немесе қаралым көрсеткішімен ғана бағалау дұрыс емес. Маңызды индикаторлар ретінде психологиялық және құқықтық көмекке жүгінген адамдар саны, жедел желілер мен дағдарыс орталықтарының қолжетімді болуын атаймыз. Сонымен қатар арыздарды тіркеу және қарау сапасы, тергеу мерзімі мен істердің негізсіз тоқтатылу жағдайларын басты тақырып ретінде қарастыру және кеңінен жариялау қажет. Журналистерге арналған редакциялық нұсқаулықтарды енгізу, victim blaming көзқарасының өзгеруін көрсететін сауалнамалар жүргізу, білім беру бағдарламаларына қауіпсіздік тақырыптарын енгізу де маңызды қадамдар. Мемлекеттік органдардың осы жағдай бойынша қабылдаған шешімдері, оның орындалуын үнемі бақылау.
Байқап отырғанымыздай, #IAmJaneDoe жай ғана әлеуметтік желідегі флешмоб емес. Ол Қазақстан қоғамында бұрын жабық қалған оқиғалардың көптігін көрсетті. Бірақ қозғалыстың шынайы құндылығы адамның оқиғасын жариялағанымен емес, қоғамның сол жарияланған оқиғалардан кейін қаншалықты қауіпсіз, жауапты әрі әділетті институттар қалыптастыра алғанымен өлшенеді.
Наурызбек САРША