Әдеби ортада ерте танылған, мизамшуақтай жылы әңгімелерін оқырман іздеп жүріп оқитын, шығарма сюжетін күрделі ситуацияларға емес, қарапайым тірліктің астарлы қабатына құратын, баяндау мәнеріндегі әуезді ырғағы өз иіріміне тарта жөнелетін жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нұрғали Оразбен жаймашуақ әңгіме өрбітудің орайы түскен еді.
– Нұрғали аға, үш әңгімеңізді («Долана», «Аңызтау», «Қара етік») студент кезіңізде жазыпсыз, оның бірі көп ұзамай жастар газетіне жарияланыпты. Оған дейін проза жазып па едіңіз?
– О-о, бұл сұрақ мені өмірімнің ең бір бақытты кезеңіне қарай алып ұша жөнелгендей болды ғой. Алғашқы әңгімелеріміз баспасөз бетінде жарық көрген кездегі қуанышымызды тілмен айтып жеткізудің өзі қиын. «Долана» қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Жүнісовтің ақ батасымен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде, «Қара етік» көрнекті әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиевтің алғысөзімен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде басылып шықты. «Аңызтау» жастар басылымының мерекелік санында жарияланды. Оларды аға жазушылардың талқысына ұсынып, редакцияға апарып жүрген Қазақ мемлекеттік (қазіргі ұлттық) университеті журналистика факультетінің жанынан ашылған М.Сералин атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі, бізден бір-ақ курс жоғары оқыған Жұмабай Әбілов еді. Мектепті жаңа ғана бітірген жап-жас кезіміз ғой. Көңіліміз алып-ұшып қуанғанымыз болмаса, әдебиет әлемінде ондай жанашыр жандардың жиі кездесе бермейтінін білмеппіз… Бүгінде сол бір қызықты да думанды студенттік шақты сағынышпен еске аламыз. Ол кезде қоғамның әдебиет пен өнерге ықыласы ерекше еді.
Қазір бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Республикалық «Жалын» баспасынан деканатқа бір кісі телефон соғып: «Сіздерде оқитын Нұрғали Оразов деген бала баспаға келіп кетсін» деп шақырыпты. Айтылған жерге уақытында барып, есік қақтым. Іште екі кісі отыр екен.
Бірі – поэзия бөлімінің редакторы, ақын Өтежан Нұрғалиев, екіншісі – проза бөлімінің редакторы, жазушы Нұрқасым Қазыбеков. «Иә, бала, кел, – деді Нұрқасым аға. – Сені шақыртқан себебіміз, «Арман қанатында» атты жинаққа әңгімең шығып барады. Соған туған жылыңды, қай факультетте, нешінші курста оқитыныңды жазып алайық деп едік».
Сөйтті де, ал айта бер дегендей қаламын қолына алды. Небәрі, екі-үш-ақ сөйлем ғой. Әйтсе де, Нұрқасым аға өз жұмысына өте ұқыпты кісі екен. Жазып отырып қалт тоқтады да, Өтежан ағаға қарап:
– Өте-аға, «…университеттің үшінші курсында оқиды деп жазғанымыз дұрыс па, әлде үшінші курстың студенті» дегеніміз жөн бе? – деп сұрады.
Өтежан аға алдындағы қолжазбаны сәл ысырып қойып, көзілдірігін қолына алды. Содан соң, маған тесіле қарап:
– Ол енді, бұл баланың өзіне байланысты ғой, – деді баппен үн қатып. – Егер лекцияға қатысып, конспекті жазып, шынымен оқып жүрген болса, «оқиды» деп жазған дұрыс. Ал енді, сабаққа бірде келіп, бірде келмей, қашып-пысып жүрген болса, «студенті» дей салған жөн!
Нұрқасым аға қарқылдап күліп жіберді. Мен де жымың ете қалдым. Ақын ағаның бұл сөзінде, расында да, терең мән бар еді.
– Алғашқы кітабыңыз – «Соқпақ жол» әңгімелер жинағыңыз жиырма бес жасыңызда басылып шығыпты. Әдеби орта кітабыңызды қалай қабылдады? Сол кітабыңыз арқылы қалыптасқан жазушы ретінде таныды ма?
– 1982 жылы университетті бітіріп, Алматыдағы Халық шығармашылығы үйіне қызметке орналасқан соң, студенттік жылдарда жазған әңгімелерімді жинақтап, баспаға ұсындым. Арада бір жылдай уақыт өткенде қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті драматург Дулат Исабеков ағам телефон шалып: «Жалын» баспасына бар. Мен Қалекеңмен келісіп қойдым. Баспадағы бөлімдердің біріне жұмысқа алатын болды. Әдеби ортада жүргенің жақсы ғой», – деді. Сөйтіп, «Жалын» баспасының директоры, көрнекті жазушы Қалдарбек Найманбаевтың қабылдауында болып, жас жазушылардың тұңғыш кітабын жарыққа шығаратын «Өркен» деген бөлімге редактор болып орналастым. Ол бөлімде белгілі жазушы Захардин Қыстаубаев ағамыз аға редактор екен. Түскі үзіліс кезінде: «Сен өзің біздің бөлімге жақсы келдің ғой. Кітабың келесі жылдың жоспарында тұр. Әңгімелеріңді оқып шықтым, жақсы екен. Соны енді, өндіріске өзің дайындасаң қайтеді?», – деді күлімсіреп. Сөйтіп, өз кітабымды өзім редакциялап, баспаханаға дайындадым. Сонда көрдім ғой, менің қожазбама ақын Нүкеш Бәдіғұлов ағамыз жабық рецензия жазған екен. Өте жақсы деп бағалапты. Кітап болып шыққаннан кейін Әдеби жыл қорытындысында аталып өтті, белгілі әдебиет сыншылары Сайлаубек Жұмабековтің, Әлия Бөпежанованың мақалаларында жылы лебіз, жақсы пікірлер айтылды. Қазығұрттық қарымды қаламгер Сейітбай Қалдықараев арнайы рецензия жазды. Шымкент қаласында тұратын белгілі жазушы Нәсіреддин Сералиев: «Алғашқы кітапқа көбінесе жақсы пікір айтылады. Өйткені онда шынайы сезім, жан тазалығы басым болады. Оқырман да жанашырлықпен, түсіністікпен қарайды. Нағыз жазушының қарым-қабілеті екінші, үшінші кітаптан көрінеді. Алғашқы қадамын сәтті бастаған екен, Нұрғалиға осыны ескертіп қойыңдар» деп, Мархабат Байғұт ағама айтып, арнайы тапсырып кетіпті. Бұл сөз әрдайым жадымда тұрады. Жазушы үшін әрбір жаңа кітабы – сынақ қой.
– Шығарма жазғанда классик жазушымыз Бейімбет Майлин секілді күй таңдамайтын көрінесіз, жан-жағыңызда шулап жатқан балалар, адамдардың дауысы ойыңызды бөліп, кедергі келтірмей ме?
– Иә, мен бір сұхбатымда аллеяда, кафеде отырып жазатынымды айтып едім. Бұл негізі, үйдегі тірліктен, бала-шағаның ортасынан алыстап барып, оңаша отырғанды қалайтыным ғой. Жазушы қолына қалам алған кезде басқа дүниеге алаңдамауы керек. Күндіз кафеде у-шу көп бола бермейді. Саябақ та тып-тыныш. Ең бастысы, сенің басқалармен, ал басқалардың сенімен ісі болмайды. Бізді мұндай тіршілікке тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық үйретті.
Әйткенмен, оның да бір әттеген-айы бар. Бірде АДК сауда үйінің екінші қабатында бір кесе шай ғана алып, оңашадағы ойларымды қағазға түсіріп отырғанымда, белгілі журналист, «Жұлдыздар отбасы» журналының иесі Жарылқап Қалыбай құрдасым қасыма келіп: «Қал қалай? Кездесіп қалғанымыз қандай жақсы болды. Екеуміз әңгімелесейікші» деп еді қуанып. Мен ол кезде өз ойларымның шырмауынан шыға алмадым. Сол оқиға есіме түссе, Жарылқаптан әлі күнге дейін ыңғайсызданамын.
– «Жалын» баспасында, «Парасат» журналында, «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Ақ желкен» журналында лауазымды қызметтер атқардыңыз, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдағы бөлімінде журналистерге басшылық жасадыңыз. Мұндай жауапты жұмыстарда ұзақ жыл істей жүріп жазу қиын емес пе?
– Біз Шер-ағаңмен – қазақ әдебиетінің классигі, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамызбен бір редакцияда қызмет етіп, тәлім-тәрбие алғанымызды әрдайым мақтаныш тұтамыз. Қазақ баспасөзінің тарихында ол кісінің алатын орны ерекше биік. Қай басылымға барса да, құлпыртып, қоғамдық, ұлттық мәселелерді көтеріп, оқырман қауымның ықыласына бөленетін. Сондықтан да, Шер-ағаң басқарған басылымдардың таралымы бірден көтеріліп кетуші еді.
Ол туралы Шерхан Мұртазаның Тараз қаласында өткен мерейтойында мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мұхтар Құл-Мұхаммед нақты деректермен, дәйектермен шындықты шегіне жеткізе айтқаны есімізде.
Шер-ағаң қайсарлық танытатын жерде қайсар әрі қатал, қайырымдылық көрсететін жерде қайырымды әрі мейірбан еді. Шығармашылығы мен қызметін әділ таразының екі басындай тең ұстады. Біз де Шер-ағаңдай болуға ұмтылдық. Бірақ әркімнің өзіне лайықты шама-шарқы бар. Өз басым, Шерхан Мұртазаның бас редакторлық мектебінен тәлім алған шәкірттердің ең үздігі – Қали Сәрсенбай деп ойлаймын. Қалекең «Ана тілі», «Алматы ақшамы» газеттерін басқарған кезде редакторлық қабілетін елге толық танытты.
Жалпы, шығармашылық пен лауазымды қызметті бірге алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді.
– Шығармашылықта түрлі жағдайлар болады ғой, кей туынды тез жазылса да жұрттың көзіне түсіп танымал болады, ал кейбірі ұзақ жазылып, көп өңделіп барып жарық көрсе де бағасын алмай қалады. Сізде де сондай жағдайлар кездесті ме?
– Иә, әрбір шығарманың өз тағдыры болатын секілді. Менің «Ақ тырналардың ұясы» деп аталатын әңгімем әу баста орыс тіліне жақсы аударылды да, «Звезда востока», «Простор» журналдарында жарық көрді. Содан соң, саха тілінде шыққан қазақ жазушыларының жинағына енді. Якутия университетінің профессоры Зоя Башарина арнайы рецензия жазып, ерекше бөліп атады. Жақсы талдады. Шер-ағаң: «Бұл тақырыпқа талай шеберлер қалам тартты. Ал Нұрғали Ораз қолтаңбасы бөлек, деп жазды. Міне, осы әңгімемнің жолы ашылып, ағылшын, француз, неміс, араб, итальян, қытай, түрік, әзербайжан тілдеріне аударылып кетті.
Ал енді, «Жұмбақ үй» деген хикаятымды кезінде қаламақы үшін «Заң және заман» журналына беріп едім. Басқа саладағы басылым болғандықтан ба, осы шығармам көп жыл бойы тасада қалып қойды. Бірақ жақында оның да YouTube-та аудиокітап болып шыққанын көріп, қайран қалдым. Демек, жазған дүниелеріміз ұмытылмайды екен ғой деп қуандым. Өте білімді, әрдайым ізденіп, кітапты ең басты байлық деп бағалайтын әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабеков ағамыз: «Әдебиеттің де әруағы болады, жігіттер! Бір-біріңе қиянат жасамаңдар» деуші еді. Қазір ойлаймын, әдебиеттің періштесі де бар-ау деп. Біздің студент кезімізде алтын уақытын аямай, әңгімелерімізді редакцияларға апарып, аға жазушыларға оқытып, жолымызды ашқан Жұмабай Әбілов, сірә, әдебиеттің періштесі болар…
Қазір де ондай асыл жандар бар арамызда. Ұзақ жыл бойы орыс мектебінде ұстаз болып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Майра Айжарықова қарындасымыздың балалар үшін жасап жүрген еңбегіне таңғалмасқа шараң жоқ. Тілі орысша шыққан қазақ балаларына ұлттық дүниелерімізді түсіндіріп, өзі ұнатқан шығармаларды аударып, алақандарына салып беріп отырады. Бірде маған Майра телефонмен хабарласып: «Аға, сіздің балаларға арналған әңгімелеріңізді орыс тіліне аударып, кітап етіп шығардым!» дегенде, тіпті не айтарымды білмей қиналдым. Мен білетін Майра өз қаржысына кітап шығаратындай бай емес еді ғой. «Көп рақмет, бірақ соншама шығынданғаның не?» десем, «Бәрі де балалар үшін, мен оларға өмірімді арнаған адаммын!» дейді. Міне, осындай ақ көңіл, мейірімді жандарды әдебиеттің періштесі десек, жараспай ма? Майра тек менің ғана емес, көптеген қазақ жазушысының балаларға арналған шығармаларын орыс тіліне аударып, насихаттап келеді.
– Әрбір жазушының өзіне ықпал-әсерін тигізетін қаламгерлер болады. Сізді әдебиетке қадам басқан шағыңызда шығармашылық жолымен қызықтырған, еліктірген қалам иелері кімдер? Олардан не үйрендіңіз?
– Маған Олжас Сүлейменов ағамыздың: «Бір кітап жазу үшін жүз кітап оқу керек!» деген сөзі қатты ұнайды. Менің әдеби талғамымды қалыптастырған өзімнің әкем – Балтақара Оразов. Оңтүстік өңірі ол кісіні жақсы біледі. Ташкенттегі Науаи атындағы педагогикалық институттың тарих және әдебиет факультетінің түлегі еді. «Біз оқуға түскенде Төлеген Айбергенов, Зәкір Асабаев ағаларың жоғарғы курста оқитын. Ташкенттегі қазақ жастарын ұйымдастырып, поэзия кешін өткізіп тұратын. Жалын
атқан жап-жас жігіттер еді ғой» деп отыратын.
Институтты бітірген соң әкем ауылдағы мектепке мұғалім болып орналасқанымен, кеңшар басшылары бір жылдан соң шақырып алып: «Сен өзің жігерлі, шаруашылыққа икемді жігіт екенсің» деп алыстағы бір бөлімшеге меңгеруші етіп тағайындап жібереді. Содан бастап бүкіл өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнады.
Әйтсе де, әдебиетке, өнерге құштарлығы, сүйіспеншілігі сол күйі жүрегінде сақталып қалды. Облыс, аудан орталығында өтетін жиналыстарға барған кезінде міндетті түрде кітап дүкенін аралап, үйге құшақ-құшақ кітаптар әкелетін. Бірақ оларды оқуға өзінің уақыты болмайтын. Есесіне біз оқып өстік. Мен қазір ол кітаптарды тізіп айтсам, біздің сұхбатымыздың көлемі өгіздің терісінен жасалған сыпыра секілді жайылып кетуі мүмкін.
Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей, Оразбек Сәрсенбаев, Қалдарбек Найманбаев, Тұтқабай Иманбеков, Мархабат Байғұт секілді ағалардың көзін көріп, әңгімесін тыңдап, қамқорлығына бөленгеніміздің өзі шын бақыт екен ғой.
Қазір Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржеке ағаларымызды көргенде қуанып, жүрегіміз лүпілдеп, Алла Тағаладан оларға ұзақ ғұмыр тілеп тұрамыз.
– Жазушымен сөйлескенде оның қандай ағымға іш бұратынын сұрамай қала алмаймыз. Қазірде ағым көп қой, сізге қайсысы жақын? Әлде, классикалық бағытты жөн көресіз бе?
– Әдебиетті ағымға бөлетін ғалымдар, сыншылар, зерттеушілер ғой. Бір кездері Корней Чуковскийдің күнделіктерінен оқығаным бар еді, жиырмасыншы ғасырдың басында отызға жуық әдеби ағым болған екен. Көбіміз өлеңдерін жатқа білетін орыстың ұлы ақыны Сергей Есениннің шығармаларын сол кездегі әдебиеттанушылар имажинизм ағымына жатқызыпты. Алайда қазір имажинизм қайда, Есенин қайда?! Ұлы ақындардың өз ағымы, өз арнасы болады ғой.
Төлеген Айбергенов – қазақ поэзиясына көп жаңалық әкелген ақын. Мұқағали да, Жұмекен де, Мұхтар Шаханов та солай. Тағы да көптеген талантты ақынды айтуға болады. Бірақ оларды «измдерге» бөліп қарастырудың қажеті бар ма, білмеймін.
Таяуда YouTube-тан мынандай бір қызық пікір естідім: «Дәстүрлі романшы «Мен сізге бір оқиғаны айтып берейін» дейді, ал модернист «Мен сол оқиғадан шын мәнінде қандай әсер алғанымды айтуға тырысайын» дейді, постмодернист болса, «Сол оқиғаның өмірде болғанына сенесіз бе?» деп, оны мың құбылтып ойнай бастайды».
Өз басым, қандай ағым болса да өмір шындығынан алыстап кете алмайды деп ойлаймын. Себебі өмір шындығы дегеніміз – шексіз. Алда не күтіп тұрғанын ешқашан білмейміз. Қазіргі тіршілігімізде де небір адам сенгісіз жағдайлардың куәсі болып жатқан жоқпыз ба?!
– Бүгінгі қазақ әдебиетінің жас өкілдерін оқып тұрасыз ба? Тәуелсіздіктен бергі жаңа әдебиет қалай қалыптасып жатыр?
– Әрине, жастардың мерзімдік басылымдарда жарық көрген өлең, әңгімелерін оқып тұрамын. Ең бастысы, жас деп қарамаймын, қандай жаңалығы бар екен деп қараймын. Ал кітаптары қолымызға түсе бермейді. Кітап дүкендері де көп емес. Тек «Атамұра» корпорциясына ғана алғыс айтуға болады. Қай қалаға барсақ та қазақша кітаптарды осы корпорцияның кітап дүкендерінен табамыз. Қазір кітапқа деген көзқарас та өзгерді. Көптеген баспада баяғыдай жабық рецензия жазу, редакциялау, талқылау деген сияқты жұмыс процестері жоқ. Автор қалай ұсынса, солай шығып жатады. Ал мерзімдік басылымдарда қанша дегенмен, жауапкершілік бар. Оқырман тарту керек, таралымын көбейту керек деген сияқты.
Жақында ғана жас жазушы Қанат Алтынбектің «Кішкентай шайханашы» деген әңгімесін оқыдым. Маған шығарманың тілі, кейіпкерлерді таныстыру тәсілі ұнады. Өзіндік жаңалығы бар екен. Қазір талантты жастарды қолдау мемлекет тарапынан жақсы қолға алынып жатыр ғой.
– Тәуелсіздіктен бергі қазақ прозасында өз жаңалығымен келген қандай шығармаларды атай аласыз? Олардың ерекшелігі не?
– Меніңше, әдебиетті Тәуелсіздікке дейінгі, кейінгі деп бөлудің қажеті жоқ. Классик жазушылар тау сияқты алыстаған сайын биіктей береді. Ал енді, олардың тәуелсіздік жылдарында жазған шығармаларына келсек, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романын, Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» хикаятын, Дулат Исабековтің «Социализм зәулімі», «Бонапарттың үйленуі», «Жүз жылдық арман», «Ескерткіш» секілді бір топ әңгімелерін, Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романын атап айтқан болар едім. Ал енді осындай классик жазушыларымыздың кеңестік дәуірде жазған «Мылтықсыз майдан», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Тіршілік», «Бір ғана махаббат» секілді классикалық шығармаларын қалайша басқа заманның еншісінде қалдырамыз.
Тәуелсіздік дәуірінде, әрине, сөз де, ой да бостандық алып, әдебиетіміз әлемдік деңгейдегі кеңістікке көтеріледі деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ