Әр қазақтың жүрегінде, миында...

Бүгін, 15:15 / Ахмет ӨМІРЗАҚ

Әдебиет тарихында тұтас бір буынның ішін­де салмақты орны бар, бірақ тағдыр жазуынан аса алмай – жылдар өткенде есімі кө­мескіленіңкіреп қалатын тұлғалар бола­ды. Өйткені талант атаулының бәріне өз кезінде лайықты бағаланып, қалың жұрттың ала­қанында жүруді жаза бермеген. Жаз­мыш­тың осы бір сынағына тап болып, сағы сын­ба­са да өзіне бұйырған ақындық таланттың қы­зығын көрмей кеткендердің бірі – Өмір­зақ Қожамұратов.
Әйтеке би мен Базар жыраудың сүйегі жат­қан Нұрата өлкесінде дүниеге келген Өмір­зақ ақын сол өлкедегі қаймағы бұзыл­ма­ған қалың қазақтың ортасында туып-өсіп, ана тілінің кәусарынан қанып ішкен талант еді.
Өмірзақ Қожамұратов осыдан 90 жыл бұрын Өзбекстанның Бұқара облысы, Тамды ау­данында дүниеге келген (қазір бұл жер Навои облысына қарайды).
Орта мектепті бітірген соң Ташкент қа­ла­сындағы шет тілдері институтының ағыл­шын тілі бөлімінде оқиды. Алғаш еңбек жолын мектеп мүғалімі болып бастаған ол, кейін Тамды аудандық ерікті спорт қоға­мы­ның төрағасы болады. Содан соң Тамды ау­дандық «Социалистік шаруашылық» газе­тін­де әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі бо­лып жұмыс істеген. Одан соңғы бір жылдарда ата­жұртына келіп, Қызылорда қаласында Ха­лық шығармашылығы үйінің әдіскер ма­ма­ны қызметін атқарған. Бірақ белгісіз се­беп­термен туған жеріне қайта оралып, өмірі­­­­нің қалған жағын сол жақта өткізді.
Өмірзақ өткен ғасырдың 50-жылдарынан бас­тап әдебиетке біржола ден қойып, ау­дан­дық, облыстық, республикалық мерзімді бас­пасөз беттерінде өлеңдері жарық көре бас­таған. Сөйтіп, алпысыншы жылдарда қа­зақ поэзиясына өз үнімен қосылып, сөз өне­рінде өз қолтаңбасы бар ақын екенін та­нытты. 
Тірі кезінде «Жиделі Байсын» (1966), «Таң­­­ғы дауыс» (1971), «Жол аяқталмайды» (1981) атты тамаша жыр жинақтары жарық көріп, есімі әдебиетте аузы дуалы тұлғалар­дың мақалаларында аталды. Қазақтың көр­некті ақыны Әбу Сәрсенбаев оның жыр кі­табы туралы арнайы мақала жазса, Мұқа­ғали Мақатаев әдеби жыл қорытындысында жасаған баяндамасында Өмірзақ Қожамұра­тов поэзиясын жоғары бағалады. «Жол аяқ­тал­майды» атты үшінші кітабы жарық көр­ген соң көп ұзамай дүние салған Өмірзақ шы­ғармашылығы бір сәт көзден таса қал­ғандай еді, бірақ ақынның досы, белгілі сын­шы Зейнолла Серікқалиев өзбек еліне барып, Өмірзақтың туыстарымен кездесіп, одан қалған әдеби мұраларды алып келіп, жинақтап, жүйелеп, 1989 жылы «Ой кешу», 1998 жылы «Күн астында – құдірет» атты жыр жинақтарын шығарды. Кейінгі жыл­дары ақын мұрасының жанашырлары – Қали Жолдасов, Әділбай Шілманов, Сән­ді­бек Үрістемовтердің құрастыруымен Өмір­зақ­тың «Сезім сәттері», «Тылсымы терең сезім­дер» атты кітаптары басылып шықты. Сон­дай-ақ бүгінде ақын туралы заман­дас­тары­ның естеліктері, әдебиетшілердің мақа­ла­лары жарық көріп жатыр.
Өмірзақ Қожамұратов әдебиетке өткен ғасырдың 60-жылдарында келген талантты буын­ның өкілі. Сондықтан оның шығар­ма­шы­лық жолы қазақ поэзиясының рене­сан­сын жасаған Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқа­ға­ли Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Төлеген Ай­бер­генов, Өтежан Нұрғалиев секілді ірі ақын­­дармен бір мезгілде басталды.
Жырдағы өз соқпағын бастағанда-ақ оның өзіне тән стилі байқалған ақынның жі­бектей жұмсақ лирикасы өз бояуымен құл­пырып, сыршыл лириканың өзінше бір әле­мін ашты. Ол заман туралы, адам туралы тол­ғанды, махаббат сырларын шертті, өмір­дің шындығына үңіліп, тағдырдың сынақ­тарын жыр етті. Қысқасы, нені жырласа да «жүре­гінің түбіне кір жасырмай» (Мұқағали), жан сырын өлеңмен өрнектеп, стиль дара­лығын қалыптастырған өнер иесіне ай­нал­ды.
Сыңсыған сал қарағай өрімделіп,
Ойнайды тастан ыршып өрінде елік.
Кеудеңнен бұлағың боп бұрқылдайын,
Көрші сен, бір құзыңның төрін беріп, – 
деп Алатауға жыр арнап;
Көз тоймайтын неткен өмір өскелең,
Осында екен жайдары, ашық дос деген.
Жас талы боп көгерейін, көктейін,
Мені де сол дулы ортаға қосшы, өлең! –
деп Алматысына арзу айтып, жыр көшіне се­німмен қосылған ақынның екпіні ерен, жыр биігіне деген талпынысы бөлек еді. Сонысымен назар аудартты. Бірақ соқтық­па­лы, соқпақсыз өмірде кімнің жолы оңай­лық­пен бола қойсын. Елуге келмей пәни дү­ниемен қош айтысқан Өмірзақтың өмірі­нің көп бөлігі туған жерінде өтсе де өлеңнен қол үзбей, жұртына деген махаббатын жыр қы­лып өрнектеп өтті.
Жалпы, табиғаты жұмсақ, аттандауға бара бермейтін Өмірзақтың көпте­ген жыры­нан керек кезінде шындықты бүк­песіз айтатын батылдық лебі есіп тұра­тын.
Бұл фәниде мөлдір болса – мөлдірсің, 
Ғашық жандар мен сияқты телмірсін. 
Арман айым, айналайын, алдыңда 
Өліммен тең – мүләйімсіп көлгірсу. 
Сенсің менің ар-ожданым, намысым, 
Өрт боп тиші арман үшін, ар үшін. 
Шеше тілін білмей жүрген шерменде 
Танымайтын әкесін, бір танысын. 
Ана тілім! Сен барыңда гүлдеймін, 
Жыр алауын шалқытамын, гүрлеймін. 
Сен жоқ болсаң, жана-жана таусылып, 
Жер ошақтан жел айдаған күлдеймін.
Қазір өз еркі өз қолына тиген қазаққа мұн­­дай жыр жазу да, оқу да таңсық емес шы­­ғар, бірақ Өмірзақ ақын өмір сүрген дәуір­­де бұлайша жыр толғауға кез келгеннің ба­­тылы бара бермес еді. Себебі кеңестік дәуір­­де мұндай сарын ұлтшылдық ретінде айып­талып, авторы қоғамнан шеттеу көре­тін. Өйткені ол шақта қазақ қаламгерлерінің әр сөзіне үңіліп, астар іздеп, пәле тауып оты­ра­тын цензура бұра тартуға жол бер­мей­тін.
Көзі қырағы, қиялы жүйрік ақынның өз ұлты­ның басынан өткен қилы кезеңдер елесі оның ойына ой қосып, шындықты із­деуге талпындыратын.
...Ар алдында тебірен,
Аймалайын сені мен.
Қан қақсатып тер емген
Сонау ғасыр қойнынан
Жұмыртқадай бабамның
Бас сүйегін көрем мен.
Сол адырда қар ұйтқып,
Тартқан жаза, зәбірді,
Қанмен жазған тарих қып
Қаралы тас қабірді.
Сол ақылды бастардың
Арманы – мен көктеген.
Жаңа бір жол бастадым
Тұңғиыққа кеткен ем.
О, ана – жер! Қадірлім,
Өз төсіңе байланғам.
Бабам жатқан қабірдің
Бұтасына айналғам.
Ақын мұны тегіннен тегін жазып отыр­­­ған жоқ, ол өзі туған мекеннің ұлы қазақ жұр­­­ты­ның бір пұшпағы екенін жан-тәнімен се­зініп, өз топырағында жатқан Әйтеке би мен Базар жыраудың тағдырын еске салып отыр, қытымыр қилы кезеңдерде жер бетіне тары­дай шашылған қазақ тарихына жаны ауы­рып, жүрегі сыздап отыр. Отаншыл болмаса, ұлт тағдырын өз тағдырым деп қабылдамаса ақын – ақын бола ма?
Ол ұлтын жанындай сүйді, биік пафосты жыр­мен асқақтатты, туған халқының ірі­лігін мақтаныш етіп, асыл қасиетін көкке кө­тере жырлады:
Қайнаған бұрқ-сарқ етіп көңілде өлең,
Қазақ, қазақ – мен сені момын демен.
Өлеңнен қорқып кірді көрден-көрге
Қазақ келе жатқанда өлім деген.

Жұмақтың сілтейтіндей төте тұсын,
Жүргінші соқпай өткен бекетісің.
Бар жұрттың басын қосқан 
Қара шаңырақтың
Қарағым қасиетін жете түсін! –
деп, бір жырында миларын интернациона­лизм деген әсіре ұран жайлап алған қан­дас­тарын туған жұртының қадірін білуге үн­де­се, тағы бір өлеңінде Отанын:
Ерліктерім жасантып боз даланы,
Келешекке шежіре сөз болады.
Қарасаң да қай тұстан Қазақстан
Болашаққа күмбірлеп қозғалады, –
деп атажұртының мәртебесін асқақтып, ша­бытпен жыр төкті. Мұның бәрі өз Отаны, өз халқының алдында перзенттік, азаматтық парызын терең сезінген ғазиз жүректің мөл­дір сыры, шынайы сезім еді. 
Өмірзақтың шығармашылығы сан-салалы. Табиғат лирикалары тұнып тұр­ған сурет, махаббат лирикалары дәмі таң­дайда қалатын бал-шырын, азаматтық лирикалары дүрсілдеп тұрған жүректің үнін­дей. Оның әрбіріне бұл арада мысал кел­тіріп, көш-құлаш цитата суырып, дәлел­деп жатудың өзі артық шығар. Өйткені жал­пы халықтың аузында жүрмесе де, әде­биет­ті сүйетін қауым одан толық хабардар деп ойлаймын.
Өмірзақ Қожамұратовта өзгелерде кез­десе бермейтін «түрме жырлары» топтамасы бар. Адуын мінезбен шындықты шыжғыртып бетке айтам деп талайдың көңіліне кек бо­лып қатып, қуғынға ұшыраған ақынның та­баны тайған кезі де болыпты. Заман­дас­тары­­ның айтуынша, жұмыссыз жүрген ке­зінде қолында билігі бар бір дөкейге тілі тиіп, оның соңы кеңестік кездің моралына сай – «бездельник» деп айыпталып, істі бо­лып, темір тордың дәмін тату да маңдайына жазылған  көрінеді. Әзірге жете зерттелмеген бұл тақырыпқа тереңдегіміз келмейді, бірақ тірі жүргені үшін қуғын көрген ақынның за­манынан қиянат, зәбір көргені оның шы­ғармашылығында да көрініс тауып, улы сөз­бен мөрленгені анық.
Қарызын сұрар деймісің,
Қашасың қайда бәтшағар!
Өлмеймін әлде деймісің
Өлгенде нендей патшалар?!
Біле кет!
Ақылдан адасқандардың,
Ажалдан алмаспайтын.
Тақ үшін таласқандардың,
Табытқа таласпайтынын...

* * *
Ұшырғандармыз пырағын,
Фәнидің кеңістігінен.
Өлген жоқ ешкім, шырағым,
Есебі кемістігінен.
Өлмей де жүрген жоқ ешкім,
Ақылы асқандығынан.
Өліп те жатқан жоқ ешкім,
Албасты басқандығынан.
Қасіреттің өзін философияға айналдыр­ған ақындық құдіретке бас имеске шараң жоқ...
Ол ақындық тағдырдың балын да, уын да ішті. Өмірлік ұстаным болмаса ақын да жоқ, соны білді. Сондықтан ол:
Батыр ақын болмаса
Батырлыққа мін емес.
Ақын батыр болмаса
Көрген күні – күн емес! – деп түйді.
Өмірзақ кей жырларында өз заманын­дағы ақындар айта бермейтін батыл болжам­дарға барып, ойларын астарлап жеткізген кез­дері де аз емес. Құдайсыз дәуірде Құдай­дың құдіретіне шек келтірмей, ештеңенің ізсіз кетпейтініне сенді. Сондықтан ол:
Желбіреп жасыл желегі,
Балауса балдыр,
Балғын көк,
Өлгендер қайтып келеді
Орман боп,
Жасыл шалғын боп.
Қабылдап күннің ыстығын,
Өлгендер қайта жаңғырып,
Түсіне білсең құс тілін,
Айтады жырын мәңгілік, –
деп жырлап, өзінің де жоғалмайтынын, рухы халықпен бірге жасай беретінін айтып өтті.
...Керегі не маған атақ, даңқтың,
Еңбегіммен өз жолымды таныппын.
Мен перзенті – қызыл күнді көтерген,
Қазақ елі деген ұлы халықтың! –
деп – атақ, даңқсыз да адам болып, хал­қы алдындағы перзенттік парызын өтеудің ұлы мақсат екенін адамгершілік деп білді.
Өмірзақ Қожамұратов – әлі күнге өмірі мен шығармашылығы жете зерттелмеген ақын. Әр жерде бірлі-жарым естеліктер, шағын мақалалар жарияланып жатқанымен оларда ақын өміріне қатысты үзік-үзік әңгімелер айтылады да,  үлкен бір өнер иесі­нің тағдыры мен туындыларына қатысты толық картина жасалмай, әлі күнге көңілге күмән ұялататын әңгімелердің шеті көрініп қалып жатады. Олардың арасында ақынның отбасылық өмірі мен өзге ақындармен шы­ғар­машылық байланысы (Төлеген Айбер­генов, Мұқағали Мақатаев, т.б.), үндестігі жайлы шұқшия зерттеуге қатысты жайлар бар.
Біз «Әдебиет порталы» сайтына берген сұхбатымызда («Тектес таланттар бір-біріне ықпал етпей тұрмайды», 24.06.2022) ақын шы­ғармашылығына қатысты біраз жайт­тарды қозғап өткендіктен, бұл арада оны қайталағымыз келмейді. Дегенмен Өмірзақ Қожамұратов шығармашылығы туралы жаз­ған ақындар Сейфолла Оспановтың, Аман­хан Әлімұлының мақалаларында, Өтежан Нұрғалиевтің сұхбаттарында айтылғандарды қайта бір зерделеп көру артық болмас дей­міз. 
Басқасы басқа, осы кезге дейін Өмірзақ Қожамұратов туралы жазылған ес­те­лік, мақалалар жинақталып, жеке кітап бо­лып шыққан жоқ. Ал ол ақынды тереңірек біл­гісі келген халыққа біраз мәлімет берер еді. 
Өмірзақ өз заманында жұрт білей бер­мейтін талай жайтқа қанық болғаны туралы замандастарының жазып қалдырғанын да білуге болады. Әдебиетші ғалым Қайыржан Аралбаев бір кезде Сарыағаш қаласында ауданда Төлеген Айбергенов, Өмірзақ Қожа­мұратовтармен кездескенін, сонда – ауданда прокурор болған Абай елінің тумасымен кездескенін, ол кісінің дастархан басында Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқып бергенін айтады. Бұл назар аударатын жайт. Себебі, Өмірзақ Қожамұратовтың «Ой кешу» кітабында шыққан өлеңдерінде Мағжан сөздерін пайдаланғанына (тырнақшаға ала отырып) көзіміз түскен. (Ол жайында 1996 жы­лы, ақынның 60 жылдығы тұсында жаз­ған шағын зерттеуімізде айтып едік, бірақ, сол материалымыз кезінде жарияланбай қалды...).
Өкініштісі, таланты танылғанымен тірі­сінде Қазақстан Жазушылар одағының мү­шесі бола алмай кеткендіктен ресми ортада Өмірзақ Қожамұратов туралы айтыла бер­мейді. Ақынның әлі күнге дейін бір де бір мерей­тойы ресми түрде тойланған емес, мемлекеттік тапсырыспен де кітаптары шы­ғып жатқан жоқ. Ондай істер Қали Жолдасов, Руза Алдашева секілді ел арасындағы са­наулы жанашыр жандардың бастамасымен ғана атқарылып жатыр. 
Ендеше ақын атын ардақтау бүкілха­лық­тық іс дер едік. Кезінде жерлестері ақынның бір мерейтойына орай әдеби шығармалар бойынша байқау ұйымдастырғанын естіп едік. Одан кейін ақынның аты Үшқұдық қа­ла­­сындағы № 4-мектепке берілгені жайын­да баспасөзден оқығанбыз. Әзірге біле­тініміз осы. Болашақта Өмірзақ аты ол із қалдырған Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларында аталып, оның атына көше, мектеп атары беріліп жатса, қазағым деп тебіреніп өткен ақынның рухы алдындағы борышымыздың өтеуі болар еді.
Өмірзақ – бір өлкенің емес, тұтас қазақ­тың ақыны. Белгілі бір кезеңде ұлты үшін қаламымен қызмет еткен өнер иесі. 
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі, қайдан алсын кемеңгерді, – 
деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, халық Өмір­зақтай перзенттерін бағалауымен, мақ­таныш етуімен ұлы. Ал ұлыда алалық бол­май­ды.
Бір кезде:
Шыбынымды шырқыратып, жылатып,
Кетпейді ешкім көр-лақатқа құлатып.
Әр қазақтың жүрегінде, миында
Жүремін мен гүл атып... – 
деп жырлаған ақын өз талантына сенген еді. Расымен солай, ол өлең сүйген, өнер сүйген қауымның жүрегінен орын алды және сол биігінен түспесі анық.

Ахмет ӨМІРЗАҚ