«Қара алтын» қандай фильм?

Бүгін, 15:00 / Túrkistan Gazeti

Белгілі режиссер Мұрат Есжанның «Қара алтын» фильмі тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарындағы кәсіпкерлік ортаны, мұнай саласының қалыптасу кезеңін және сол уақытта жаңа жол іздеген адамдардың тағдырын арқау етеді. Оқиға құрылыс саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкер Қасым Исағалиевтің мұнай өндірісіне келуінен басталады. Ол геологтар болашағы жоқ, тиімсіз деп бағалаған кен орнын игеруге тәуекел етеді. Бұған дейін мұнай саласында тәжірибесі болмаған Қасымның алдынан лицензия алу, инвестор табу, алғашқы бұрғылау жұмыстарын жүргізу секілді көптеген мәселе шығады. Ақыры, оның ізденісі қазақ даласындағы бұрғылау алаңынан Лондондағы келіссөздерге дейін жалғасады. Фильм шынайы оқиғаларға негізделген.

Сценарий авторы әрі режиссері – Мұрат Есжан, продюсері – Айсәуле Әбіл. Туындыны жасаушылардың мақсаты мұ­най өндірудің технологиялық немесе эко­номикалық қырларын көрсету бол­ма­ғанын фильмді толық көргенде көзіңіз же­теді. Фильмнен кейіпкердің өз ісін бас­тауын, түрлі кедергілерден өтуін және адам­ның өзіне сенімнің қандай күш екенін кө­ресіз. Сондықтан фильмдегі мұнай өн­дірісі кейіпкердің өміріндегі негізгі арқау бол­ғанымен, шығарманың ауқымы одан әл­деқайда кең.
Оқиғаның астарында кәсіпкерлікке жаңадан бет бұрған тұтас бір буынның та­ри­хы жатыр. Қазақстан тәуелсіздік ал­ған­­нан кейін елдің экономикалық жүйесі тү­бегейлі өзгерді. Бұрынғы шаруашылық бай­ланыстары өзгеріп, нарықтық қаты­нас­тар қалыптаса бастады. Кеше ғана мем­ле­кеттік жүйеде жұмыс істеген адамдардың бір бөлігі жеке кәсіпке көшті. Бірақ ол кезде биз­несті қалай жүргізу керек, капиталды қай­дан табу керек, шетелдік серіктеспен қа­лай жұмыс істеу керек деген сұрақтардың дайын жауабы болған жоқ.
«Қара алтын» осы кезеңді жеке адамның тәжірибесі арқылы көрсетеді.
Қасым Исағалиевтің мұнай саласына келуі де осындай өзгерістің көрінісі. Құры­лыс саласында жүрген кәсіпкердің мұнайға бет бұруы сырттай қарағанда күтпеген ше­шім сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ фи­льмде бұл қадам жаңа заманның мүм­кін­дік­терін іздеумен байланыстырылады. Кейіп­кер үшін мұнай саласы бұрыннан та­ныс кәсіп емес. Соған қарамастан, гео­ло­гиялық бағалаудағы «болашағы бұлыңғыр» деген шешімге күмән келтіріп, кен орнын игеруге кіріседі.
Осы тұста фильм кәсіпкерліктің ро­ман­тикалық бейнесін ұсынбай, Қасымның жолында бюрократиялық кедергілерді көрсетеді. Мұнай өндіруге рұқсат алу үшін мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздыруға тура келеді. Қаржы мәселесі тағы бар. Ал өндірісті бастау үшін инвестор қа­жет. Кейіпкердің ағылшын инвесторымен ке­ліссөз жүргізуге дейін баруы оның кәсіби жо­лының келесі кезеңін көрсетеді.
Оқиғаның осылай құрылуы фильмді тоқ­саныншы жылдар туралы қалыптасқан түсініктен өзгеше арнаға бұрады. Тәуел­сіз­дік­тің алғашқы онжылдығы көбіне әлеу­мет­тік күйзеліс, жұмыссыздық, қылмыс пен тұрмыстық қиындықтар арқылы бері­леді. «Қара алтын» сол уақыттың эко­но­ми­ка­лық өзгерістеріне үңіліп, нарықтық қа­тынастардың алғашқы кезеңінде кәсіп бас­тауға талпынған адамдардың тәжіри­бесін көрсетеді.
Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихының маңызды, бірақ көркем шығармада көп қозғала бермейтін қыры.
Өйткені елдің жаңа тарихын саясат пен мемлекеттік құрылым ғана қа­лып­тастырған жоқ. Сол кезеңде өндіріс аш­қан, жеке компания құрған, инвестиция іздеген, жаңа нарыққа бейімделген кә­сіп­керлер де экономикалық өзгерістердің бел­сенді қатысушысы болды. Олардың бір бө­лігі кейін ірі компаниялардың негізін қа­лады. Сондықтан жеке кәсіпкерлердің өмір жолы да тәуелсіздіктің экономикалық тарихының бір бөлігі саналады.
Фильмнің осы тұстағы негізгі кейіпке-рі – Қасым Исағалиев.
Оның прототипі ретінде тәуелсіз Қазақстанның алғашқы кәсіпкерлерінің бірі Медғат Құлжановтың өмірі алынған. Де­рек бойынша, ол елде алғаш жеке ком­пания ашқан кәсіпкерлердің бірі. Сондай-ақ бизнеске холдинг ұғымын енгізуге үлес қосқан. Кәсіпкерлік қызметімен бірге Абай мен Шәкәрім мұрасын насихаттауға, әлеу­мет­тік жобаларды қолдауға көңіл бөлген.
Кино авторларының көпшілікке кеңі­нен таныла қоймаған заманауи тұлғаны таң­дауында да мән бар. Қазақ киносы тари­хи тұлғалардың өміріне жиі жүгінеді. Ал тәуелсіздік жылдарындағы экономи­ка­лық өзгерістерге араласқан кәсіпкерлердің тағ­дыры экранда сирек көрінеді. «Қара ал­тын» осы олқылықтың орнын аз да болса то­лықтыруға ұмтылады.
Дегенмен көркем фильмді деректі туын­дымен шатастыруға болмайды. Қасым Иса­ғалиевтің экрандағы өмір жолы Медғат Құлжановтың өмірбаянын сол күйінде қай­таламайды. Нақты адамның тағдыры сце­нарий талабына сай өзгеріп, оқиғалар бір-бірімен драматургиялық тұрғыдан бай­ла­ныстырылған. Сондықтан фильмдегі әрбір эпизодты тарихи дерек ретінде қа­былдау дұрыс емес.
Мәселен, Қасымның мұнай лицен­зия­сын алу үшін шенеуніктердің есігін жағалап жүруі сол кезеңдегі бюрократиялық ортаны көрсетуге қызмет етеді. Бұл көрініс кәсіп­кердің жүйемен арпалысын аңғартқа­ны­мен, нақты өмірдегі прототиптің мүм­кін­діктері мен байланыстары туралы сұрақ ту­ғызуы мүмкін. Мұндай тұстар көркем шы­ғарма мен өмір шындығының арақаты­на­сын еске салады.
Фильмнің құндылығы да нақты осы аралықтан көрінеді: авторлар белгілі бір адамның өмірін баяндау арқылы тұтас дәуірдің сипатын ашуға тырысқан.
Фильмде Қасымның балалық шағы мен қа­зіргі өмірі қатар өрбиді. Бүгінгі кейіп­кер­дің қабылдаған шешімдері бала кезінде көр­гені мен естігеніне байланысып отыра­ды. Осы тәсіл Қасымның мінезін сыртқы әре­кеттері арқылы ғана емес, қалыптасқан ортасы арқылы да түсінуге мүмкіндік бере­ді.


Мемлекеттік мекемелердің есігін жаға­лап жүрген кәсіпкердің үйіне келгенде ба­лаларына «Мақта қыз бен мысық» ерте­гі­сін айтып отырғанын көру осы екі әлемді қа­тар көрсетеді. Бір жерде ол кәсіпкер ре­тін­де күрделі мәселелерді шешуге тыры­са­ды, екінші жерде – балаларына ертегі ай­татын әке. Мұндай қарама-қарсылық кейіп­кердің қоғамдық және отбасылық қы­рын қатар танытады.
Фильмдегі тағы бір маңызды желі – Шә­кәрім мұрасы.
Шәкәрім шығармашылығы оқиғаға қатардағы көркем деталь ретінде енгізілмеген. Қасымның бала кезінде әке­сінен Шәкәрім әндерін естуі оның рухани ортасын танытады. Кеңес кезеңінде тыйым салынған әдебиеттің отбасында сақталуы ұлттық жадтың жалғасуын білдіреді. Кейін бұл желі Медғат Құлжановтың Шәкәрім мұрасын жинауға және ақын шығарма­ла­рын насихаттауға қосқан үлесімен са­бақ­тасады.
Осылайша, фильмде кәсіпкердің жолы мен рухани мұра бір арнада өрбиді. 
Фильм атауының өзі де осы тұрғыдан ой­ландырады. «Қара алтын» дегенде ең ал­дымен мұнай еске түседі. Қазақстан эко­но­микасының қа­лып­тасуында мұнайдың орны айрықша. Фильм­дегі кен орны, бұр­ғылау, ин­вестиция, шетелдік серіктес се­кілді негізгі оқиғалардың бәрі осы ұғым­мен байланысты.
Бірақ туындының соңына қарай бұл атау­дың мағынасы кеңейе түседі. Жер асты­нан алынатын мұнаймен қатар халық­тың рухани қазынасы туралы ой алға шы­ғады.
Фильмнің соңында британ компо­зи­торы Карл Дженкинстің «Шәкәрім» сим­фо­ния­сының орындалуы осы желіні түйін­дейді. Оқиға бойы мұнай, бизнес, инвес­ти­ция мәселелері алдыңғы орында болса, финалда Шәкәрім­нің есімі мен оның ру­хани мұрасы басты орын­ға шығады.
Бұл шешім фильм­­­нің не­гізгі ойын нақ­тылай түседі: адам­­ның жетістігін мате­риал­­дық та­быс­пен ғана баға­лау жеткілік­сіз.
Қасымның кәсіпкерлік жолы да осы ұста­ныммен сабақтас. Ол үшін мұнай өн­дірісі ақша табудың бір тәсілі емес, белгілі бір іске сеніп, сол істі соңына дейін жеткізу­ге деген ұмтылыстың көрінісі ретінде бері­леді. Оның өміріндегі кәсіп пен ұлттық құн­­дылықтың қатар жүруі фи­льм­нің маз­мұнын кеңейтеді.
Кейіпкерді Қуандық Қыстықбай та­маша сомдаған. Фильмде онымен бірге Марат Амираев, Әділ Ахмет, Шыңғыс Капин, Бақытжан Әлпейісов, Мұрат Ах­манов, Гүлбахрам Ахат секілді актерлердің ойыны да көңіл қуантарлық.
Қуандық Қыстықбайдың кейіпкері фильмдегі негізгі оқиғалардың барлығына дерлік қатысады. Қасымның батылдығы оның әрекеттерінен анық байқалады. Ол алдын ала шақырылмаған кездесуге бару­дан, шетелдік инвестор іздеуден, тілдік ке­­дергілерге қарамастан Лондонға барып ке­­ліссөз жүргізуден тайынбайды.
Соған қарамастан кейіпкердің сырт­қы мі­незінен белгілі бір ұяң­дық байқалады. Оның әрекеттері ба­тыл болғанымен, эк­ран­дағы бол­мысынан мұндай шешім­дер­ге итер­мелейтін ішкі қуат то­лық сезіле бер­мейтіндей. 
Фильмнің қосалқы кейіп­керлерге қа­тысты мүмкіндігі де толық пайдала­ныл­маған­дай көрінді. Қасымның әйелі экранда аз көрінеді. Ал кәсіп­кер­­дің отбасы оның мінезін ашуға елеулі мүмкіндік берер еді. Үл­кен мақсаттың соңынан кеткен адам­ның жары оның ше­шім­дерін қа­лай қабылдады? Отбасы кәсіпкерлік тәуе­келдің салмағын қалай се­зінді? Осы мә­селелерге кеңі­рек орын бе­ріл­се, Қасым­ның жеке өмірі де, оның адамдық бол­мы­сы да тереңірек ашылар еді.
Компаниядағы серіктер мен қызмет­кер­лердің бей­не­сінде де осындай жағдай бай­қалады. Олар көбіне басты кейіп­кердің ай­наласындағы адамдар ретінде ғана көрі­неді. Кез келген өнді­рістің артында ма­ман­дар­дың, серіктес­тердің, инвес­тор­лардың жә­не отбасы мүшелерінің еңбегі тұрады. Осы жағы кеңі­рек көрсетіл­ген­де фильмнің маз­мұны толыға түсер ме еді.
Туындыдағы тіл мәселесі де назар ауда­руға тұрарлық.
Фильмнің негізгі тілі – қазақ тілі. Кейіп­­керлер жағдайға қарай орыс­ша сөй­лейді. Мұндай тілдік ауысу оқиғаның та­биғатына сай берілген. Іскерлік ортада қа­­зақ тілінің шеткері қалуы, кеңестік ке­зең­­де ұлттық мұраға жасалған қысым, Шә­­кәрім шығармаларының жасырын сақ­талуы – Қасымның өмір сүрген ортасын та­­нытатын белгілер.
Фильмде ұлттық болмысты сыртқы көрініс немесе дәстүрлі атрибуттар арқылы көрсетуден гөрі тереңірек мән іздеген. Ұлт­тық сипат кейіпкердің отбасынан алған тәрбиесінен, тілінен, әдебиетке көзқара­сы­нан және өмірлік ұстанымынан көрінеді.


Ұларбек бейнесі де осы тұрғыдан қы­зық­ты. Қытайдан келген қазақтың сөйлеу ерекшелігі мен мінезі табиғи берілген. Оның тілдік өзгешелігі кейіпкерді күлкі нысанына айналдырмайды. Керісінше, қазақ әлемінің географиялық тұрғыдан кең екенін, бір халықтың әр ортада әртүрлі тілдік ерекшелікпен өмір сүретінін аңғар­тады.
«Қара алтынның» тағы бір мақ­саты – жас көрер­менге ой салу. Продю­­­сер Айсәуле Әбіл фи­льмнің кәсіпкерлер үшін ғана емес, мектеп оқу­шы­ларына, студент­терге, жас мамандарға және кә­сіп бастауға қызы­ға­­тын адамдарға да арнағанын ай­та­ды.
Әсіресе, ауыл­дан қа­ла­ға келген жас­тар­ға арнал­ған ой анық бай­қа­лады. Тіл біл­меу, тә­жі­ри­бенің аздығы не­ме­се өзіне сенім­сіз­дік адамның мүм­кіндігін шектемеуі керек де­ген ұстаным Қасымның жолы ар­қылы көрсетіледі.
Қасымның өзі де мұнай са­ласының ма­маны емес. Бірақ ол жаңа ортадан қо­рық­пайды. Кен орнының болашағына кү­мән болғанына қарамастан, істі қолға ала­ды. Инвестор іздейді, шетелдік серік­теспен сөйлеседі, жаңа ортаға бейім­делуге тырысады.
Әрине, кәсіпкерлік жолды тек ба­тыл­дықпен түсіндіру жеткіліксіз. Оған білім, қаржы, тәжірибе, дұрыс есеп, заңгерлер  және сенімді серіктестер қажет. Фильмнің айтпағы да «батыл болсаң, бәріне қол жет­кізе­сің» деген қарапайым ұғымға сый­май­ды. 
Көркемдік жағынан Мұрат Есжан оқи­ғаны бір ғана жанр аясында қалдырмайды. Кәсіпкерлік драмаға отбасылық, тарихи және рухани желілер қосылады. Қазіргі уақыт пен балалық шақтың қатар берілуі кейіпкердің өткенін бүгінгі шешімдерімен байланыстырады.
Музыка да осы тұтастықты сақтауға көмектеседі. Драмалық көріністер­дегі әуен оқиғаның көңіл күйін күшейтсе, фи­нал­дағы «Шәкәрім» симфониясы фильм­нің ру­хани мазмұнын айқындайды.
Монтажда да заманауи тәсілдер бар. Кей көріністердің жылдам ауысуы оқиға­ның қарқынын арттырады, кейбір визуал­ды шешімдер көрермен назарын белгілі бір сәтке шоғырландырады. Мұндай тәсілдер фильмді динамикалы етеді. Алайда кей эпизодтарда сыртқы әсер кейіпкердің ішкі әлемін тереңірек ашудың орнын басып кететіні де байқалады.
Соған қарамастан «Қара алтынның» басты ерекшелігі – тәуелсіздік тарихына басқа қырынан қарауға ұмтылуында.
Тәуелсіздік туралы әңгіме көбіне саяси оқи­ғалармен, мемлекеттік құрылымның қалыптасуымен немесе тарихи тұлғалар­мен байланысты айтылады. Ал экономика­лық өзгерістердің ортасында жүрген кәсіпкерлердің өмірі көп жағдайда тасада қалады. Шын мәнінде, жаңа мемлекет құру үдерісіне кәсіпкерлер, инженерлер, өндіріс мамандары, инвесторлар да араласты. Олар жаңа компаниялар ашып, өндіріс ұйым­дас­тырып, сырттан капитал тартуға тырысты.
«Қара алтын» осы буынның тарихын көр­кем фильм арқылы танытуға үлес қос­қан туынды.
Медғат Құлжановтың өмір жолын Қасым Исағалиевтің бейнесімен байла­ныстыра отырып, фильм авторлары бір адамның тағдырын тұтас кезеңнің өзгері­сімен сабақтастырады. Мұнай саласына келу оқиғаның негізгі желісі болғанымен, оның ар жағында тоқсаныншы жылдар­дағы кәсіпкерлік ортаның қалыптасуы, нарықтық экономиканың алғашқы қадам­дары, бюрократиялық кедергілер, инвес­тиция іздеу және жаңа іскерлік бай­ланыстар орнату мәселелері тұр.
Сондықтан «Қара алтынды» тек мұнай туралы фильм деу аздық етеді. Ол – тәуел­сіздікпен бірге келген жаңа экономикалық мүмкіндіктерді іздеген адамның хикаясы.
Фильмнің мазмұны Шәкәрімнің «Адам­дық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген сөзімен түйінделеді. Бұл сөз Қасымның кәсіпкерлік жолын да, фильмдегі Шәкәрім желісін де бір арнаға біріктіреді.
«Қара алтын» – ұлттық кино әлемінде көп көрсетілмеген тақырыпты қаузаған, сол арқылы 1990-2000 жылдардың  әлеу­мет­­тік картинасын айшықты жасаған фильм.

Ұ.ТӨЛЕГЕН, 
өнертанушы