Канадалық ақын, жазушы Энн Патриция Карсон 2026 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының лауреаты атанды. Нобель комитеті оған «классикалық дәстүрмен ойнақы диалог құра отырып, қазіргі әдебиет үшін жаңа формалар қалыптастырған батыл әрі жаңашыл шығармашылығы үшін» деген баға берді.
1950 жылы 21 маусымда Торонтода дүниеге келген Энн Карсон мектеп кезінен латын және көне грек тілдеріне, ежелгі грек әдебиетіне қызықты. Торонто университетінде классикалық әдебиет бойынша білім алып, 1981 жылы Сапфо шығармашылығына арналған докторлық диссертациясын қорғады. Кейін Канада мен АҚШ университеттерінде классикалық тілдер мен әдебиеттен сабақ берді.
Карсонның алғашқы кітабы «Eros the Bittersweet» 1986 жылы жарық көрді. Ежелгі грек әдебиетіндегі махаббат, поэзия және философия тақырыптарын зерттеген бұл еңбек оның шығармашылық бағытын айқындады. Ол көне мифтер мен классикалық мәтіндерді қазіргі адамның сезімімен, ойымен ұштастырып отырды.
1998 жылы «Қызылдың ғұмырнамасы» романы жарық көрді. Ежелгі грек мифіне негізделген шығармада қазіргі адамның есейіп, өзін іздеу жолы суреттеледі. 2001 жылы шыққан «The Beauty of the Husband: A Fictional Essay in 29 Tangos» кітабы үшін Т.С.Элиот сыйлығын алып, бұл марапатқа ие болған алғашқы әйел атанды.
Карсон шығармашылығында жеке естеліктер де маңызды орын алады. 2010 жылы жарық көрген кітабын 2000 жылы қайтыс болған ағасы Майклға арнады. Өлеңдерін ескі хаттар, фотосуреттер мен коллаждар арқылы әрлеп, әдебиет пен бейнелеу өнерін тоғыстырған ерекше туындыға айналдырғаны көпшіліктің назарын аударды.
Нобель комитетінің биылғы таңдауы оның әдебиеттің қалыптасқан шекарасын кеңейткен шығармашылығына берілген жоғары баға болды. Карсон көне дәуір мұрасын қазіргі заманмен байланыстырып, поэзия, эссе, миф, театр және визуалды өнерді бір арнаға тоғыстырды.
Нобель сыйлығы жарияланған кезде комитет өкілі Карсонмен телефон арқылы сөйлескенін айтып, жазушының сол сәтте Исландияда «жел тыңдап жүргенін» жеткізді.