Елімізде балабақшаға орын беру мен кезекті реттеу жүйесі кейінгі он жылда біраз өзгерді. Жергілікті білім бөлімдері қағазбастылықтан арылып, толық цифрлық форматқа көшті. Алайда халық санының өсуі, ішкі миграция, балабақша тапшылығы мен жекеменшік мекемелерді қаржыландырудағы ашықтықтың жоқтығы саладағы түйткілді тұстарды қайта қарауды талап
етіп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мектепке дейінгі ұйымдарға орын бөлу жүйесі бұрынғыдай өңірлік кезекпен шектелмей, ваучерлік қаржыландыру моделіне өткелі де біршама уақыт болды. Аталған бастама жылдар бойы созылған жасанды кезекті, жемқорлық тәуекелдерін және жүйедегі бұрмалауды түбегейлі жоюды мақсат тұтады. Иә, реформаның алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Ваучерлік жүйе мен жаңа орындардың ашылуы арқасында республика бойынша 2-6 жас аралығындағы балалардың кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін, яғни 86 пайызға азайды. Балабақшамен қамту көрсеткіші де өсті. 3-6 жас аралығында бұл деңгей 98 пайызға жуықтаса, 2-6 жас аралығында 90 пайыздан асты. Ал екіжақты тіркеуді жою мен цифрлық аудиттің арқасында пилоттық өңірлердің өзінде 35 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді.
Мектепке дейінгі білім беру саласын ваучерлік қаржыландыру моделіне көшіру – сыбайлас жемқорлықпен күресуге әрі бюджетті тазалауға бағытталған маңызды қадам. Дегенмен реформаның екінші жағы да бар. Халықаралық тәжірибе мен еліміздегі пилоттық жобалар көрсеткендей, ваучерлік жүйе нарықтық тетіктерге шамадан тыс сүйенген жағдайда бірқатар жүйелік және әлеуметтік мәселелер туындауы мүмкін.
– Қазіргі қолданыстағы кезекке қою және орын бөлу жүйесі өзінің тиімсіздігін көрсетті. Алгоритмдердің ашық болмауы ата-аналар арасында күмән тудырады. Мәселені түбегейлі шешу үшін кезек жүйесін бірыңғай, бақыланатын, адами фактордан және техникалық шикіліктерден толық тазартылған жаңа цифрлық платформаға көшіру керек. Мемлекеттік қаржы жай ғана тіркелген тізімге емес, нақты көрсетілген қызмет үшін төленуге тиіс. Қазіргі жүйедегі «екіжақты тіркелу», балалардың қағаз жүзінде ғана балабақшаға «баруының» аражігі ажыратылмаған. Жекеменшік ұйымдар баланың құжатын тіркеп қойып, мемлекет субсидиясын иемденуі – жүйедегі кемшілік. Бұл жерде тек цифрлық деректер негізінде баланың балабақшаға нақты барып жүргенін бақылайтын ашық механизм қажет, – дейді білім беру саласының сарапшысы Жайна Әбуова.
Ата-аналардың мемлекеттік балабақшадағы кезегін сақтап қалу үшін баланы басқа жекеменшік балабақшаға тіркеп, іс жүзінде оған бармауы – мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі ең күрделі әрі қаржылық тұрғыдан тиімсіз түйткілдердің бірі. Бұл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына ғана емес, жасанды орын тапшылығының пайда болуына да әкеледі.
– Астана қаласында мемлекеттік балабақшадан орынның бұйыруы шөп арасынан ине іздегенмен тең. Қалаған балабақшаңа ваучер алу үшін жылдап кезекке тұруға тура келеді. Көпбалалы, әскери отбасы болсаңыз, кезегіңіз тез жылжиды, басымдық беріледі. Ал қарапайым отбасылар мұндай мүмкіндіктен де қағылған. Мен 2021 жылы туған ұлымды биыл жазда ғана мемлекеттік балабақшаға орналастыра алдым. 5 жасына дейін тек жекеменшік балабақшаға барып жүрді. Өзіміз тұратын Нұра, жақын жердегі Есіл аудандарындағы мемлекеттік балабақшаларда орын тез толып қалады. Оң жағалауда жеке балабақшалар көп, бағасы да арзан. Бірақ таңертең баланы ары-бері тасып жүру уақыт жағынан қолайсыз. Сондықтан амалсыз бағасы қымбат болса да жекеге бердік. Жеке балабақшалар сіздің жағдайыңызға бейімделе алады. Мәселен, балаңызға мемлекеттік мекемеден орын қажет болса, жекеге тіркеп қойып, өзі бармаса болады немесе ваучер бойынша құжатта басқа балабақшада тіркеуге тұрғанымен, іс жүзінде үйіне жақын балабақшаға баруы мүмкін. Мұндай заңсыздықтарды меңгерушілер өздері-ақ ұсынады, – дейді астаналық Ләззат Бақытқызы.
Ваучерлік модель толық цифрландырылғанға дейін мемлекеттік тапсырыс балабақша ұсынған қағаз немесе қарапайым электронды табель бойынша төленіп келді. Адам факторы басым болғандықтан, балабақша әкімшілігі мен ата-ана арасындағы «ауызша келісім» арқылы келмеген балалар табельде «келді» деп белгіленіп, бюджет субсидиясы ай сайын аударылып отырған.
Бұған ақпараттық жүйелердегі «саңылаулар» да себеп болды. Бұған дейін әр облыс пен мегаполис кезек жүйесін жеке IT-компаниялардан сатып алғандықтан, бір өңірдегі баланың дерегі екінші өңірдің базасынан көрінбейтін. Соның салдарынан баланы бір уақытта кезекте де ұстап, басқа мекемеде «тәрбиеленіп жатыр» деп көрсетуге мүмкіндік болған.
Министрлік пен құқық қорғау органдары ақпараттық жүйелерді біріктіріп, мониторинг жүргізген кезде «екіжақты тіркеу» мен балалардың қағаз жүзінде ғана балабақшаға «баруы» жаппай сипат алғаны анықталды. Әр өңірдегі Indigo, Balabaqsha және E-astana сияқты платформаларды бірыңғай мемлекеттік базаға қосқанда, 30 мыңнан астам баланың екі немесе одан да көп балабақшада, тіпті түрлі облыста қатар тіркеліп келгені әшкере болды. Сарапшылар мен аудиторлардың бағалауынша, кейбір жекеменшік балабақшаларда аты-жөні тізімде тұрғанымен, іс жүзінде айлап, жылдап бармаған балалардың үлесі 10-15 пайызға дейін жеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, табельдерді бұрмалау, мүлдем келмеген балаларға бюджеттен ақша аудару және оқшауланған базаларды пайдалану салдарынан кейінгі жылдары елімізде 40 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты заңсыз жұмсалған.
«Екіжақты тіркеудің» белең алуына ата-аналар мен балабақшалар арасындағы «ынтымақтастық» та әсер еткен. Ата-аналар баласы ауырып немесе үйде отырғанда орнынан айырылып қалмау үшін балабақша басшылығымен келісіп, баланың қатысуын табельге белгілетіп отырған. Ал балабақша иелері бұл арқылы мемлекет беретін жан басына шаққандағы қаржыны толық көлемде сақтап қалған. Қазір мұндай заңбұзушылықтардың жолын кесу үшін цифрлық бақылау күшейтіліп жатыр. Өңірлік базалар Ұлттық білім беру деректер қорымен және АХАТ жүйесімен интеграцияланып, ЖСН арқылы бір балаға екінші ваучер немесе екінші орын беру автоматты түрде бұғатталатын жүйе енгізілуде. Пилоттық өңірлерде баланың балабақшаға нақты келгенін Face ID немесе QR-код арқылы тіркеу қолға алынған. Бала цифрлық жүйеде белгіленбесе, сол күнге бюджеттен қаржы аударылмайды. Яғни, қаржыландыру балабақша ұсынған табельге емес, нақты көрсетілген қызметке байланыстырылмақ.
Сонымен бірге, себепсіз қатыспаған күндерге де шектеу енгізу қарастырылған. Егер бала дәлелді себепсіз белгіленген уақыттан артық балабақшаға бармаса, оның ваучері тоқтатылып, орын кезекте тұрған басқа балаға берілуі тиіс.
Депутат мәселені қайта қарауды ұсынды
Ата-аналардың жанайқайы мен сарапшылар көтерген мәселе Құрылтайға да жетті. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Қожахметова Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға балабақшадағы кезек жүйесін қайта қарау туралы депутаттық сауал жолдады.
– Ата-аналардың балабақша кезегіне қатысты шағымдары ойдан шығарылған нарратив емес, күнделікті бетпе-бет келіп отырған нақты мәселе. Біз азаматтардың өз елінде ең қарапайым құқығы – баласын мектепке дейінгі ұйымға орналастыру үшін жүйемен күресуіне жол бере алмаймыз. Балабақша кезегі жүйесі түбегейлі қайта қаралуға тиіс! Мемлекеттік қаржы нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. Баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол жерде шын мәнінде тәрбиеленіп, қызмет алуы басты өлшем болуға тиіс. Егер бала балабақшаға бармаса, мемлекет ол үшін ваучерлік қаржыны не үшін төлейді деген маңызды сұрақ туындайды. Яғни, мәселені кезек тұрғысынан емес, мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігі ретінде қарастыру қажет. Біріншіден, ата-ана баласын басқа балабақшаға тіркемей-ақ, өзі таңдаған ұйымның күту парағына тікелей қоюы керек. Екіншіден, бос орын пайда болған кезде бала ашық әрі түсінікті кезектілікпен қабылдануы тиіс. Үшіншіден, мемлекеттік қаржы баланың нақты балабақшада болғанын және қызметтің көрсетілгенін растайтын цифрлық деректер негізінде төленуі қажет. Сондай-ақ қағаз бетінде тіркелу мен нақты барудың аражігін ажыратып, пилоттық жобалардың нәтижелерін қоғамға ашық жариялау маңызды. Мемлекет әр балаға қаржы бөледі. Ендеше, сол қаржының артында нақты бала, нақты орын және нақты көрсетілген қызмет тұруы керек, – деп атап өтті халық қалаулысы.
Депутаттың сауалында көтерілген негізгі мәселе де осы – ата-ана баласын басқа балабақшаға формалды тіркемей-ақ, өзі таңдаған ұйымның кезегінде тұра алуы және мемлекеттік қаржы тек нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Қожахметованың депутаттық сауалының артында жүйеден зардап шегіп отырған мыңдаған ата-ананың мәселесі тұр.
Бүгінде бұрмаланған табельдер арқылы мемлекеттік субсидияны заңсыз алған жекеменшік балабақшаларға қатысты шаралар да қатаңдап келеді. Заңсыз аударылған қаражатты қайтару және мұндай мекемелерді мемлекеттік тапсырыс алушылар тізімінен шығару тетіктері қолданылып жатыр.
Мектепке дейінгі тәрбие мен білім – баланың дамуы мен болашағына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан мәселені тек кезектің қанша балаға қысқарғанымен өлшеу жеткіліксіз. Жүйенің тиімділігі баланың өзі тұратын жерден қолжетімді балабақша таба алуымен, кезектің ашық әрі әділ жүруімен және мемлекет бөлген әр теңгенің нақты көрсетілген қызметке жұмсалуымен өлшенуге тиіс.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ