Орталық Азия – Достық пен бейбітшілік мекені

Бүгін, 14:00 / Арайлым Жолдасбекқызы
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің шақыруымен Авазаға жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуіне, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына және Каспий экология саммитіне қатысты. 

Қазақстан Президентін әуежайдан Түрік­мен­стан Министрлер кабинеті Төрағасының орын­басары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередов қар­сы алды. Президент Орталық Азия және Әзер­байжан мемлекеттері басшыларының сегізінші Кон­сультативтік кездесуіне қатысу үшін «Аваза» ке­шеніне барды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрік­менстан Президенті Сердар Бердімұхамедов кү­тіп алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркіменстанға сапары және Орталық Азия мен Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIII Консультативтік кездесуіне қатысуы – өңірлік және жаһандық геосаясаттағы бетбұрысты оқиғалардың бірі болды. 
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Орталық Азия елдері Тәуелсіздігінің 35 жыл­ды­ғымен тұспа-тұс келген отырыстың символдық мә­ні ерекше екенін атап өтті.
– Осы жылдар ішінде тұтас дәуірді қамтыған ұзақ әрі сындарлы, сонымен қатар жемісті жолды ең­сердік. Егемендігімізді нығайтып, дамудың төл мо­делін қалыптастырдық. Халықаралық қоғам­дас­тықта лайықты орынға ие болдық. Бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжан Еуразиядағы өсіп-өркендеп келе жатқан геосаяси ықпалдастық орталығы са­налады. Ең бастысы, бауырлас халықтарымыздың па­расаты мен ынтымақ-бірлігінің арқасында бей­бітшілік пен келісім орнаған қоғамда өмір сүріп жа­тырмыз. Ауызбіршілік, өзара қолдау мен сенім осы заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін ор­тақ стратегиялық тірегімізге айналды. Бұл үр­дістер геосаяси шиеленіс пен жікке бөліну күшейіп, ха­лықаралық қатынастар құрылымы өзгеріске ұшы­раған тұста өте өзекті, – деді Мемлекет бас­шысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халық­ара­лық қатынастар жүйесі қайта қаралып, геосаяси жікке бөліну күшейіп тұр. Осындай жағдайда Орта­лық Азия елдерінің өз ішінде шоғырлануы – сыртқы күштерге тәуелсіз, дербес дипломатиялық және экономикалық субъект ретінде танылудың кепілі.
Қазіргі геосаяси текетірестер, санкциялық соғыстар және халықаралық құқықтың эрозиясы тұсында Орталық Азия мен Әзербайжанның бір­лесуі – өңірді сыртқы соққылардан қорғайтын «қауіпсіздік қалқанын» құру.
Президент Консультативтік кездесуге қатысу­шы­ларға өңірдегі ықпалдастықтың негізгі мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді.
– Бірлескен күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың мазмұны жыл өткен сайын толығып келеді. Бірлескен кәсіп­орындар саны көбейді, іскерлік байланыс нығая түсті. Өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді секторларда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сауда кедергілері бірте-бір­те жойылып, шекараларда жаңа өткізу бекеттері ашылып жатыр. Автокөлік және теміржол бай­ла­ны­сы кеңейіп келеді. Дегенмен біздің пайым­дауы­мызша, ішкі нарық әлеуеті әлі де зор. Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 миллиард дол­лар­ды құрады. Бұл елдеріміздің жалпы тауар айна­лы­мының 8 пайызына жуық. Сондықтан үкімет­терімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсет­кіш­ті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бір­лескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қа­былдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан ұсынған бастамалар өңір елдерін үл­кен державалардың геосаяси бәсекесінде «ойын­шық» болудан сақтап, өз тағдырын өзі айқындайтын дербес күшке айналдырады.
Өңірішілік сауда көлемін жалпы тауар айна­лы­мының 8 пайызынан жоғарылату – шекара маңын­дағы сауда-логистикалық хабтар мен өнеркәсіптік кооперацияларды бір-бірімен тікелей байланыс­тыру­ды талап етеді. Елдер тек шикізат тасушы емес, қосылған құны жоғары өнім өндіретін біртұтас өңірлік тізбек құруға көшіп жатыр.
Мемлекет басшысы аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашатынын атап өтті. 

– Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірі­мен байланыстыру қажет. Жалпы, ел­де­рі­мізде инвестиция, энергетика, өндіріс са­лалары мен басқа да стратегиялық ба­­­­­­­­ғыттарда өзара ықпалдастыққа жағ­дай жасалған, – деді Қазақстан Прези­ден­ті.
Қазақстан өзінің көлік-логис­ти­ка­лық инфрақұрылымын ауқымды мо­дер­низациялаудан өткізуде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түрде да­мы­тып келеді. Бұл өңірлік қарым-қа­тынас аясын кеңейтеді.
– Мойынты – Қызылжар және Дар­база – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы Бақты – Аягөз бағыты ашылады. Бұл – өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар. Қытайды Каспий теңі­зі­мен және Еуропа нарығымен бай­ла­ныс­тыра­тын Арал – Каспий магистралінің құ­рылысы басталды. Қазақстанның кө­лік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаң­ғырту тұтас аймақтың транзиттік рө­лін күшейте түсетініне сенімдімін. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін да­мытуға баса мән беріледі. Кейінгі жыл­дардың динамикасы Орта дәлізге сұра­ныстың артып келе жатқанын көр­се­теді. Ресеймен ынтымақтастық тұр­ғы­сынан Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қа­зақстан үшін өзекті, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президент Дүниежүзілік банктің ба­­­ғалауынша, жоспарланған инфра­құры­лымдық міндеттер толық жүзеге асы­рылса, 2040 жылға қарай Каспий ар­қылы жүк тасымалы төрт есе ұлғая­ты­нын айтты. Аталмыш болжам Орта дә­ліздің баламасыз бағытқа айналғанын рас­тайды. Ал бұл бағытты TRIPP (көлік бас­тамасымен) ұштастыру идеясы Шы­ғыс пен Батыс арасындағы жаһандық жеткізу тізбегіндегі Қазақстан мен Түр­кі­менстанның рөлін күшейтеді. Со­ны­мен қатар Ресей бағытындағы «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту еліміздің көп­­­­векторлы транзиттік саясатын ай­қындайды.
– Орта дәлізді TRIPP көлік баста­ма­сымен ұштастыру мәселесін сарапшы­лар деңгейінде талқылауға болады деп ой­лай­мын. Бұл жоба әлеуетімізді арт­ты­ра­ды әрі барлық мемлекеттің ұзақ­мерзімді мүд­де­сіне сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, су проб­ле­матикасы – Орталық Азия тұрақтылығы­на қатер төндіретін басты сынақтардың бірі. 
– Алдымызда трансшекаралық су ре­сурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құр­мет, теңқұқылық қағидаттары негіз­ге алынып, аймақтағы барлық елдің мүд­десі ескерілуі керек. Орталық Азия­ның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақ­тас­тықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауы­на ұсынылды. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Ор­та­лық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бір­ге ілгерілету су ресурстарын басқару­дың жаһандық жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ, – деді Президент.
Трансшекаралық су ресурстарын бас­қару – өңірлік тұрақтылықтың ең басты шарты. Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясы мен БҰҰ аясында Халықаралық су ұйы­мын құру туралы екі маңызды бастама су ресурстары төңірегіндегі ықтимал қақтығыстардың алдын алып, ресурс­тарды тең әрі тиімді бөлісудің инсти­туцио­налдық негізін қалайды.
Цифрландыру саласында Қазақстан өңірлік лидерлікке ұмтылуда. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект са­ла­­сындағы ынтымақтастықтың маңы­зына тоқталды.
– Қазақстан жасанды интеллектінің бір­тұтас экожүйесін дәйекті түрде құра бастады. «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Digital Qazaqstan ст­ра­тегиясы жүзеге асырылуда. Суперком­пью­тер кластері іске қосылды. Alem.ai ха­лықаралық орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл тақырып өте өзекті. Осыны ес­керіп, жасанды интеллект бойынша Ор­­талық Азия серіктестігін құру мүм­кін­дігін қарастыруды ұсынамын. Оның аясында елдеріміздің ғылыми орта­лық­тары, университеттері, технологиялық компаниялары ақпарат пен тәжірибе алмаса алады, – деді Мемлекет басшысы.
 Жасанды интеллект бойынша Орта­лық Азия серіктестігін құру және ЖИ-ді жауапкершілікпен қолдану туралы Дек­ларация ұсынысы – өңір елдерін ки­берқауіпсіздік пен жаңа технологиялар саласында халықаралық стандарттарды бірге белгілеуге шақыру.
Қазақстан Президенті нейрожелі­лер­ді қауіпсіз пайдалану маңызды деп са­найды. Бұған қатысты қауіп-қатер ха­­лық­аралық деңгейде қызу талқыла­нып жатыр. 
– Меніңше, аса маңызды техноло­гия­ларды бақылаудың бірлескен тәсіл­де­рін әзірлеуге уақыт оздырмай кірісу ке­рек. Осыны ескере отырып, Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға жа­санды интеллектіні жауапкершілік­пен қолдану туралы декларация әзірлеу­ді ұсынды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан тек бүгінгі сауда мен жол­дарды емес, ертеңгі күннің сын-қатер­ле­рін алдын ала көріп, шешім ұсынып отыр. Су тапшылығы мен киберқауіп­сіз­дік, ЖИ мәселелері – алдағы 10-20 жыл­да өңірдің өміршеңдігін айқындайтын бас­ты факторлар. Осы ретте Астана ай­мақтық проблемаларды (су, ЖИ) жаһандық деңгейге (БҰҰ, халықаралық дек­ларациялар) шығару арқылы Орта­лық Азияны жаһандық күн тәртібін бел­гі­лейтін бастамашыл өңірге айнал­дыруда.
Мемлекет басшысы дүрбелеңге толы дү­ниеде аймақтағы бейбітшілік пен тұ­рақ­тылықты сақтау басты міндет екенін айт­ты. Сондай-ақ дәстүрлі емес қауіп­сіз­дік қатерлері – цифрлық техноло­гия­лар­дың лаңкестер мен наркобизнес қо­лына түсуіне қарсы Қауіпсіздік кеңес­тері хатшыларының механизмін толық қуатында пайдалануды ұсынды.
– Терроризм, есірткі бизнесі, қару-жа­рақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төн­діре­ді. Цифрлық технологиялардың қас­көйлердің, атап айтқанда, лаңкестер мен есірткі сататын қылмыстық топ­тар­дың қолына түсу қаупі қатты алаң­да­та­ды. Әрине, оған қарсы тұратын тәсіл­деріміз заманға сай болуы керек. Осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға Орта­лық Азия елдері қауіпсіздік кеңесі хат­шыларының тұрақты кездесулері айтарлықтай үлес қосуда. Үшінші кез­десу 23-24 сәуір күндері Душанбеде өтті. Былтыр Ташкентте қабылданған Ай­мақ­тық қауіпсіздік және тұрақтылық тұ­жы­рымдамасын, сондай-ақ Қауіпсіздік тәуе­к­елдері және оның алдын алу іс-ша­раларының тізбесін жоғары бағалаймыз. Мұны барлық тараптың мүлтіксіз орын­дауы маңызды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гу­манитарлық қарым-қатынасты терең­де­туге баса назар аударды. Президент ай­мақ елдерін бай тарихи-мәдени мұра біріктіретінін айтты. 
– Кейінгі жылдары мәдени бай­ла­ныс­тарымыз айтарлықтай жандана түс­ті. Көрмелер, кинофестивальдер, фо­румдар, еске алу кештері өткізіліп жа­тыр. Жастардың, жоғары оқу орын­дары­ның және ғылыми қауымдастықтың ара­сындағы қарым-қатынас, шығар­ма­шы­лық қауымның тікелей диалогы ар­қылы осы үрдіске тың серпін беру керек. Бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалып­тас­тыру ынтымақтастығымызды терең­дете түседі. Қазақстан отандық Silk Way те­леарнасы жанынан аймақтық телеар­на ашу туралы бастама көтерді, – деді Мем­лекет басшысы.
Бірыңғай ақпараттық және туристік кеңістік – Silk Way телеарнасы негізінде аймақтық арна ашу және мәдени-ту­ристік іс-шаралардың бірыңғай күнтіз­бе­сін жасау – елдер арасындағы «жұмсақ күш» тетіктерін нығайтады.
Дәстүрлі емес қауіпсіздік қатерлері: Цифрлық технологиялардың лаңкестер мен наркобизнес қолына түсуіне қарсы Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының механизмін толық қуатында пайдалану ұсынылды.
Президент волонтерлік қозғалыс гу­манитарлық ықпалдастықтың құрам­дас бөлігі болуы керек деп пайымдай-
ды.
– Еліміздің «Таза Қазақстан» жалпы­ха­­лықтық жобасын іске асырудағы тә­жіри­бесін аймақтық деңгейде қолға алу­ға болады. Бұл бастама жастарды адам­­гершілік және азаматтық құнды­лықтарға баулиды. Сондықтан келесі жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» деген ұранмен волонтерлік мәселесіне қа­тысты жастар форумын өткізуді ұсы­намын. Аймақтағы ішкі туризмнің дамуы арқылы халықтардың бір-бірімен араласуына, елдеріміздің тарихымен және мәдениетімен танысуға жол ашыл­ды. Біз Орталық Азия мен Әзер­байжан­дағы ауқымды мәдени, ғылыми, спорт­тық және туристік іс-шаралары­ның бірың­ғай күнтізбесін жасауды ұсына­мыз. Бұл барыс-келісті арттырып, бір­лес­кен турлар аясында шетелдік турис­тер­ді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Жо­ғарыда айтылған ұсыныстар өңірдегі ынтымақтастықтың берік гуманитар­лық тұғырын қалыптастырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөз соңында Кон­сультативтік кездесулерді жетілдіру мә­селесін қозғады. 
– Меніңше, осы ынтымақтастық фор­матын таптаурын қалыптан ада, көшбасшылардың тікелей диалог алаңы ретінде сақтау маңызды. Бұдан бөлек, жұ­мыс тиімділігі ұсыныстар мен бас­та­малардың санымен емес, олардың іс жүзіндегі құндылығымен, нәтижесімен өлшенуі керек деп санаймын. 2018 жыл­дан бері 200-ден астам бастама кө­теріл­ген. Дегенмен оның аз ғана бөлігі іске асты. Мұны бұлтартпас деректер ай­ғақ­тайды. Осы орайда, сыртқы саясат ве­домство­лары аймақтық бастамаларды тү­гендеп, олардың өзектілігі мен перс­пек­­­тивасын анықтағаны жөн. Бұл атал­ған форматтың тиімділігін арттырып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жү­зе­ге асыруға ықпал етеді, – деді Қазақ­стан Президенті.
Қазақстан өңірлік кездесулерді жиын өткізу үшін емес, әрбір келісімнің экономикалық, әлеуметтік қайтарымы болуын талап ететін жаңа жұмыс стан­дар­тын қалыптастырып жатыр. Пре­зи­ден­тіміздің «200-ден астам бастама кө­теріл­генімен, аз бөлігі ғана іске асты» деген сыни ескертуі – өңірлік диалогты жа­лаң декларациялардан нақты эко­номикалық-инфрақұрылымдық нәти­желерге көшіру туралы ашық сигнал. Бұл Астананың өңірлік дипломатияда прагматистік ұстанымды ұстанатынын дәлелдей түседі. 


Қасым-Жомарт Тоқаевтың Авазада­ғы бастамалары Орталық Азия мен Әзер­бай­жанды географиялық орны бө­лек елдер топтамасынан тұтас «Эко­но­ми­ка­лық және геосаяси субъектіге» ай­нал­­дыру­ға бағытталған. Кездесу Орта­лық Азия мен Әзербайжанның жай ғана геог­рафиялық көршілер емес, Еура­зия­ның қақ ортасын­дағы біртұтас «Эко­но­ми­калық және геосаяси субъектіге» ай­нал­ғанын айқын көр­сетті. Бұл процесте Қазақстан логис­ти­калық хаб ретінде емес, су дип­ло­матиясы, цифрландыру жә­не қауіпсіздік бойынша жаңа өңірлік ар­хитектураның негізгі идеологы ретінде бой көрсетіп отыр. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дип­ломатия­ны құрғақ уәдеден нақты нәти­жеге бұру, өңірлік бастама­ларды тү­гендеу және болашақтың сын-қа­тер­леріне алдын ала жауап беру туралы ұсы­ныстары Астана­ның өңірдің көш­бас­шысы ғана емес, стра­тегиялық жауап­кершілікті де толық өз мой­нына алуға дайын екенін дәлел­дей­ді.
Отырыста Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Пре­зиденті Садыр Жапаров, Тәжікстан Пре­зиденті Эмомали Рахмон және Өзбек­стан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Орталық Азия және Әзербайжан мем­лекеттері басшыларының VIIІ Кон­суль­тативтік кездесуі нәтижесінде Бір­лес­кен мәлімдеме қабылданды. 
Одан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапары аясында Сердар Бердімұхаме­довпен кездесті. 
Мемлекет басшысы ықыласпен қар­сы алып, қонақжайлық танытқаны үшін Түрікменстан Президентіне алғыс айт­ты. Сондай-ақ достыққа, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген қазақ-түрікмен қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Кездесуде тараптар ықпалдастықтың бар­лық бағытында оң динамика байқа­ла­тынына тоқталды.
Мемлекет басшылары бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды, сон­дай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы, көлік және басқа да са­ла­лардағы бірлескен перспективті жо­ба­ларды жүзеге асыру барысын тал­қы­лады.
Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық бай­ланыстарды кеңейтуге баса назар ау­дарылды.
Сонымен қатар алдағы бірлескен іс-шаралар кестесі қарастырылды.
Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ТМД мемлекеттері басшылары ұлттық тағамдар фестивалін аралады.
Түрікменстан павильонында мемле­кеттер басшыларының назарына жер­гі­лік­ті бақша және нан-тоқаш өнімдері, тү­рік­мен кілемдері қойылған көрме ұсы­нылды. Сонымен қатар әдеби-сазды «Оғыздар» («Огузлар») қойылымы көр­се­тілді.
Қазақстанның ұлттық павильоны елі­міздің тарихи-мәдени бай мұрасы мен заманауи жетістіктерін танытатын бірқатар тақырыптық алаңнан тұрады.
Мемлекеттер басшыларына ТМД-ға мүше елдердің ұлттық тағамдарын әзір­леу барысы таныстырылды.
Фестиваль аясында президенттердің қа­тысуымен Ұйымға мүше мемлекеттер ара­сында өткен «Жүйріктің шабысы: күш пен сымбат» атты телевизиялық фи­льмдер байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ