Астанада "Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті" АҚ әскери кафедрасында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық Қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетовтың қатысуымен "Бейбіт өмірде ерлікке орын бар" атты тақырыптық кеш өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесу аясында Қайрат Жарылқасынұлы әскери кафедраның қызметімен, студенттерді даярлауды ұйымдастырумен және оқу-тәрбие жұмысының негізгі бағыттарымен танысты. Кездесуде патриоттық тәрбие, жауапкершілікті қалыптастыру және әскери серіктестіктің дәстүрлерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мерзімді қызметтің бұрынғы әскери қызметкері Абзал Сұлтанқұловтың және Ұлттық ұланның қазіргі әскери қызметкерлерінің онлайн байланысқа шығуы іс-шараның орталық эпизодтарының бірі болды. Абзал Сұлтанқұлов 2016 жылғы 7 сәуірде мерзімді қызмет атқару кезінде оқыс жағдайда Қайрат Үмбетовтің тарапынан көрсетілген көмек пен жанқиярлық оқиға туралы айтып берді. Қазіргі әскери қызметкерлер өз кезегінде студенттермен құқықтық тәртіп әскеріндегі тәрбие жұмысының тәжірибесімен бөлісті, оның тәртіпті сақтаудағы, жауапкершілікті қалыптастырудағы және әскери борышын орындауға дайындықтағы негізгі бағыттары мен маңызы туралы әңгімеледі.
"Ұрпақтар эстафетасы " аясында студенттер әскери қызметтен өту, кәсіби жол, жеке тәжірибе және жас буынмен жұмыс туралы сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.
Кездесу барысында студенттер Республика күніне орай "Сарбазға хат" патриоттық акциясын өткізу туралы бастама көтерді. Акция аясында әскери қызметкерлерге алғыс және қолдау сөздерімен хаттар дайындау, сондай-ақ әскери бөлімге бару және хаттарды жауынгерлерге жеке тапсыру жоспарлануда. Тақырыптық кеш Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің өнерімен қорытындыланды.
Мұндай кездесулерді өткізу студенттерге әскери қызметкерлермен және қолбасшылық өкілдерімен тікелей байланысуға, әскермен етене танысуға және әскери қызметтің дәстүрлері, құндылықтары мен талаптары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.