Ақтауда есірткі мен қаруды заңсыз сақтаған ер адам ұсталды

Бүгін, 09:00 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

1 қазанда Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен Маңғыстау облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтау қаласының 36 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұсталған азаматтың автокөлігін тексеру кезінде өсімдік тектес зат салынған төрт полимер пакет табылып, тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, тәркіленген есірткінің салмағы 160 гр марихуана болуы мүмкін.

Күдіктінің тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту барысында қойма бөлмесінен сыртқы белгілері бойынша атыс қаруына ұқсас зат табылып, тәркіленді.

Есірткі құралдарын заңсыз сақтау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысында күдіктінің әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар медициналық куәландыру нәтижесінде ұсталған азаматтың есірткі құралын — марихуананы қолданғаны анықталды. Оған қатысты заңнама аясында тиісті шаралар қабылданды.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу және жедел іс-шаралар жүргізілуде.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Полиция ескертеді: есірткі құралдары мен қаруды заңсыз сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.