«Ақшаңды бер, айналайын»: Бағлан Әбдірайымов бұрынғы достарына ренішін айтты

Бүгін, 08:44 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Әнші Бағлан Әбдірайымов бұрын өзіне қолдау көрсеткен адамдардың кейін алыстап кеткенін айтып, өнер адамының еңбегі бағалануы керек екенін жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесінің айтуынша, шығармашылыққа қайта оралғаннан кейін кейбір таныстары одан концерттер мен түрлі іс-шараларда ән айтып, қолдау көрсетуді сұрай бастаған.

«Баяғыда менсіз түскі ас ішпейтін бауырлар болған. Талай километрді артқа тастап, ауылдарына барып, сахна болса сахна, той болса тойына шығып, қызмет қылып жүретінбіз. Қайда сол балалар? Солардың біреуі жоқ қой. Оқырман жинап алды, танымалдылығын арттырып алды. Кәсіптері өрге домалап кеткен. Сол уақытта біз жай ғана құрал болып қалдық», – деді әнші.

Сондай-ақ Бағлан Әбдірайымов енді мұндай жағдайлардан сабақ алғанын атап өтті. Оның сөзінше, әр өнердің өз бағасы бар, сондықтан әншінің еңбегі де тиісті деңгейде бағалануы керек.

«Ақшаңды бер, айналайын, бауырым. Бір-екі ән айтып, шашбауыңды көтере саламыз. Бір әннің өзі кемі 500 мың теңгеге жазылады. Әр нәрсенің бағасы, құны бар», – деді ол.