Непал мен Тибеттегі табиғи апаттан кейін хабар-ошарсыз кеткен үш қазақстандық әйелдің біреуі аман-есен табылды. Ол қазір Қазақстанда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұған дейін үш қазақстандық турист жоғалғандар қатарында болған: екеуі Непалда, біреуі Тибетте.
"Непалда болуы мүмкін деген әйелдердің бірімен байланыс орнатылды. Ол табиғи апат аймағына бармаған. Қазір ол Қазақстанда", – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов.
Қалған екі қазақстандық әйелдің қайда екені әзірге белгісіз.
Оларды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Туыстары қажетті рәсімдерден өтіп, ДНҚ сараптамасына биологиялық материал тапсырған.
Сыртқы істер министрлігі қазақстандық дипломаттар хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың отбасыларымен тұрақты байланыста екенін және оларға қажетті көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.