ШҚО-да қонжығын ерткен аю қала орталығына дейін барған

Бүгін, 20:17 / Жамбыл Жайлау
noks.kz

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында тұрғындар қонжығын ерткен аюды қала орталығына жақын жерден байқап, видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Noks.kz мәліметінше, өткен түні аю мен қонжығы Лазо көшесіндегі жеке үйлердің бірінің ауласында жүрген. Ит оларға қарай жүгірген кезде жыртқыштар қоршаудан секіріп өтіп, кейін дүкендердің бірінің маңынан көрінген.

Куәгерлер болған жағдайдан кейін полиция шақырған.

Таңға қарай қаланың өзге аудандарынан да аюлар байқалғаны туралы хабарламалар түсе бастаған. Тұрғындардың бірі таңғы сағат 04:00 шамасында Семипалатинская көшесінен екі аюды көргенін айтқан.

Бұл аудан Тәуелсіздік даңғылы мен Республика алаңына жақын орналасқан.

Бұдан бөлек, Базарная көшесінде де аюлар видеоға түсіп қалған. Куәгерлер оларды №12 мектепке қарай бара жатқан кезде көрген. Кейін әлеуметтік желіде аюдың екі қонжықпен жүрген сәті түсірілген кадрлар да тараған.

Риддер тұрғындарының айтуынша, жыртқыштар бір күн бұрын Таловка ауданында да байқалған. Кейбір аулада аюдың іздері мен зақымдалған қоршаулар қалған.

Оқиғаға байланысты ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағы Риддерге барған.

Мамандар аюлардың қозғалысын бақылап, оларды үркіту арқылы қала аумағынан шығаруды жоспарлап отыр.

"Риддерде ауа райы бұзылып жатыр, жақында қар жауады. Алғашқы қардан кейін аюлар апандарына жақындап, оларды дайындай бастайды. Екі аптадай күту керек, сонда жыртқыштар тауға кетеді. Шамамен бір-бір жарым айдан кейін олар ұйқыға кетеді", – деді жедел әрекет ету жасағының бастығы Ермек Бағланұлы.

Тэгтер:

ШҚО аю қонжық