Оралда екі жасөспірім тоғыз қабатты үйдің төбесінен құлап, қаза тапты

Бүгін, 19:35 / Жамбыл Жайлау
astanatv.kz

Орал қаласында екі жасөспірім көпқабатты үйдің төбесінен құлап, көз жұмды. Қайғылы оқиғаның нақты себебін полиция анықтап жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Astana TV мәліметінше, қаза болғандардың бірі – 14 жастағы мектеп оқушысы, екіншісі – колледж студенті.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдер тоғыз қабатты үйдің шатырына шыққан. Тұрғындардың айтуынша, шатырға апаратын есік әдетте құлыптаулы тұрады. Оның қалай ашылғаны әзірге белгісіз.

Үй тұрғындарының бірі түнгі уақытта шатыр жақтан дыбыс естігенін айтқан.

"Түнгі сағат он бірлер шамасында әлдекімнің төбеде жүргенін естідік, бірақ мән бермедік. Жылу құбырының ауасын шығарып жатыр деп ойладық та, ұйықтап қалдық. Мынадай сұмдық болғанын кейін үйдің чатынан естідім", – деді тұрғын Елена Мурзагалиева.

Тұрғындардың сөзінше, бұл үйде бұған дейін де қайғылы жағдай болған.

Қазір полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығы мен прокуратураның бақылауында. Өзге ақпарат жария етілмейді", – деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жасөспірімдердің шатырға не себепті шыққаны және оқиғаның қалай болғаны тергеу барысында анықталады.

Тэгтер:

Орал