Нобель – 2026: Канадалық ақын Энн Карсон әдебиет саласындағы сыйлықты алды

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: AP Photo

Канадалық ақын, эссеист және аудармашы Энн Карсон 2026 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Швеция академиясы оған бұл марапатты «классикалық дәстүрмен ойынға құрылған диалог арқылы қазіргі әдебиетке жаңа формалар әкелген батыл әрі жаңашыл шығармашылығы үшін» берді, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

76 жастағы жазушы поэзия мен прозаны, қазіргі заманғы оқиғалар мен көне мифтерді ұштастыратын ерекше шығармашылық стилімен танымал. Нобель комитетінің мәліметінше, Карсонның әдеби еңбектерінің басым бөлігі филологтың сөзге деген қызығушылығы мен ақынның жаңа мағына іздеу ұмтылысының тоғысына құрылған. Оның өзі сөздердің этимологиясын шығармашылығының бастапқы нүктесі ретінде қарастыратынын айтқан.

Энн Карсонның ең танымал еңбектерінің қатарында 1986 жылы жарық көрген «Eros the Bittersweet» кітабы бар. Онда ежелгі грек әдебиетіндегі махаббат пен құштарлықтың қуанышы мен азабы зерттеледі.

Ал 1998 жылы жарық көрген «Autobiography of Red: A Novel in Verse» шығармасы оның ең үздік туындыларының бірі саналады. Кітапта Геракл туралы көне грек поэмасының желісі қайта өңделіп, кейіпкердің есейіп, өзін тану кезеңі суреттеледі.

Жазушының «The Beauty of the Husband: A Fictional Essay in 29 Tangos» шығармасы 2001 жылы, ал «Norma Jeane Baker of Troy» кітабы 2019 жылы жарық көрді. Соңғы еңбегінде Карсон Мэрилин Монро мен Ежелгі Грекиядағы Троялық Елена бейнелерін салыстырады. Оның ең соңғы «Wrong Norma» кітабы 2024 жылы жарыққа шыққан.

Энн Карсон әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған тарихтағы 19-шы әйел болды. Соңғы жылдары бұл марапатқа Оңтүстік Кореялық Хан Ган (2024), француз жазушысы Анни Эрно (2022) және америкалық ақын Луиза Глюк (2020) ие болған.

Биылға дейін әдебиет бойынша Нобель сыйлығы 119 рет табысталып, барлығы 123 жазушы марапатталған. Кей жылдары сыйлық бірнеше лауреат арасында бөлінген.

2025 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығы венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиға берілген еді. Ол «апокалиптикалық үрей жағдайында өнердің күшін қайта растайтын тартымды әрі көреген шығармашылығы үшін» марапатталған.

Энн Карсонның жеңісімен 2026 жылғы Нобель сыйлықтарының төртіншісі жарияланды. Бұған дейін медицина, физика және химия салаларындағы лауреаттар белгілі болған.

Биыл әр Нобель сыйлығының лауреатына 12 млн швед кроны, яғни шамамен 1,07 млн еуро көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Сонымен қатар жеңімпаздарға 18 караттық алтын медаль мен диплом табысталады.

Нобель сыйлығының марапаттау рәсімі дәстүр бойынша 10 желтоқсанда — Альфред Нобель қайтыс болған күні өтеді. Тыныштық бойынша Нобель сыйлығының лауреаты жұма күні, ал экономика саласындағы соңғы сыйлық дүйсенбіде жарияланады.

Тэгтер:

әдебиет нобель