ЖИ-мен сөйлесу психоз белгілерін өршітуі мүмкін

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

АҚШ ғалымдары 578 мыңнан астам медициналық жазбаны зерттеп, жасанды интеллект чат-боттарымен сөйлесу психоз белгілерін өршітуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеуге енген 28 жағдайдың 61 пайызында пациенттер психозды алғаш рет бастан өткерген. Алайда ғалымдар чат-боттардың психозға тікелей себеп болғанын әзірге дәлелдей алған жоқ, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу нәтижелері JAMA Psychiatry ғылыми журналында жарияланды. Вандербильт университетінің медициналық орталығының зерттеушілері 2022 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы сәуірге дейінгі медициналық жазбаларды талдаған. Жалпы психикалық денсаулық бойынша көмек алған 215 712 адамның деректері қарастырылып, жасанды интеллектке қатысты мәліметтері бар 578 058 жазба тексерілген.

Мамандар бастапқы іріктеуден кейін медициналық құжаттарды қолмен қарап, ЖИ-мен қарым-қатынастың психоз белгілеріне ықтимал әсерін бағалаған. Нәтижесінде 73 пациентке қатысты 187 медициналық жазба зерттеу талаптарына сай келген. Олардың 28-інде чат-боттарды пайдалану психоз белгілерінің күшеюімен байланысты деп бағаланған. Тағы 28 адамның сандырақ ойларында жасанды интеллект тақырыбы болғанымен, олардың чат-ботты нақты пайдаланғаны медициналық құжаттарда көрсетілмеген. Ал 17 пациенттің ЖИ-мен қарым-қатынасы бейтарап сипатта болған.

Психоз белгілері чат-ботпен қарым-қатынасқа байланысты күшейген деп бағаланған 28 адамның 17-сінде, яғни 60,7 пайызында, бұл өміріндегі алғашқы психоз эпизоды болған. Бұл көрсеткіш басқа екі топпен салыстырғанда жоғары болған. Пациенттердің басым бөлігі ер адамдар, ал олардың медианалық жасы 27,5 жасты құраған.

Медициналық жазбаларда 15 жағдайда ChatGPT қолданылғаны көрсетілген. Бұл зерттеуге енген 28 жағдайдың 53,6 пайызына тең. Сондай-ақ жағдайлардың 85,7 пайызы OpenAI компаниясы GPT-4o моделін 2024 жылғы мамырда шығарғаннан кейін тіркелген. Дегенмен бұл деректер ChatGPT-дің басқа чат-боттарға қарағанда қауіпті екенін білдірмейді. Зерттеу әртүрлі жүйелердің қауіп деңгейін салыстыруға арналмаған.

Ғалымдар чат-боттардың психоз белгілерімен байланысын бірнеше жолмен түсіндіреді. Кейбір жағдайда ЖИ-мен сөйлесу бұрын психоз белгілері болмаған адамда олардың пайда болуына түрткі болуы мүмкін. Басқа жағдайларда чат-бот адамның бұрыннан қалыптасқан шындыққа жанаспайтын сенімдерін қолдап, оларды күшейтуі ықтимал. Ұзақ диалог барысында зиянды ойлар біртіндеп өрбуі немесе адамның жасанды интеллектінің өзіне қатысты сандырақ сенімдері қалыптасуы да мүмкін. Алайда бұл үлгілер медициналық жазбаларды талдау арқылы анықталған болжамды механизмдер ғана, олардың әрқайсысы жеке зерттеуді қажет етеді.

Зерттеушілер ЖИ-мен байланысты психоз белгілері психикалық денсаулық бойынша көмек алған адамдардың шамамен 0,013 пайызында тіркелгенін атап өтті. Бірақ бұл көрсеткішті бүкіл халықтағы таралу деңгейі деп қарастыруға болмайды: зерттеу бір ғана медициналық орталықтың деректеріне негізделген және тек медициналық құжаттарда көрсетілген жағдайларды қамтиды.

Зерттеудің тағы бір маңызды шектеуі – себеп-салдар байланысын анықтау мүмкіндігінің болмауы. Ғалымдар чат-ботпен сөйлесу психоз белгілерінен бұрын болғанын барлық жағдайда нақты айқындай алмайды. Сондай-ақ психоз белгілері бар адамның ЖИ-мен жиі сөйлесуге бейім болуы да ықтимал. Сондықтан алынған нәтижелер жасанды интеллект психозды тікелей тудыратынын дәлелдемейді.

Соған қарамастан, зерттеу чат-боттардың адамның қате сенімдерін байқамай қолдауы немесе күшейтуі мүмкін екеніне назар аудартады. Ғалымдар бұл құбылысты тереңірек зерттеп, әсіресе психологиялық тұрғыдан осал адамдармен сөйлескенде ЖИ жүйелерінің қалай жауап беретінін бағалау қажет деп санайды.

Тэгтер:

ЖИ психоз