Батыс Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлері бейне қадағалау камералары арқылы көліктің мемлекеттік нөмірлік белгісін әдейі жауып басқарудың екі фактісін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бірінші жағдайда ЗИЛ жүк көлігінің жүргізушісі көліктің алдыңғы мемлекеттік нөмірлік белгісін шүберекпен жауып қойған.
Ал екінші жағдайда МАЗ жүк көлігінің жүргізушісі мемлекеттік нөмірдің көрінуіне кедергі келтіру үшін көліктің алдыңғы бөлігіне арнайы құрылғы – құбыр орнатқан. Аталған құрылғы жүргізуші кабинасындағы батырма арқылы ашылып-жабылатын етіп жасалған.
Патрульдік полиция қызметкерлері аталған заңсыз әрекеттерді дер кезінде анықтап, жолын кесті.
Полиция көлік құралдарын мемлекеттік нөмірлік белгілерді жасыратын немесе олардың көрінуіне кедергі келтіретін құрылғылармен өз бетінше қайта жабдықтауға жол берілмейтінін ескертеді. Жүргізушілерден жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, көліктің мемлекеттік нөмірлік белгісінің анық көрінуін қамтамасыз ету талап етіледі.