Шығыс Қазақстан облысында «Тең мүмкіндіктер» фестивалі өтті

Бүгін, 16:59 / Інжу Әлихан

Өскеменде «Әділет» партиясының бастамасымен «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалінің облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарынан келген 17 команда бочча, жеңіл атлетика және «Көңілді старттар» спорттық сайыстарында бақ сынады.

Фестивальдің ашылуында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев қатысушыларды құттықтап, барлық балаға тең мүмкіндік жасаудың маңызын атап өтті.

Бочча сайысында бірінші орынды Өскемен қаласының «Искра» командасы иеленсе, екінші орынға Өскемен қаласының «Луч» командасы, үшінші орынға «Атлетико» командасы жайғасты.

«Көңілді старттар» сайысында Ұлан ауданының «Ракета» командасы топ жарды. Күміс жүлдені Марқакөл ауданының «Ақ сұңқарлар» командасы, қола жүлдені Шемонаиха ауданының «Шемонаиха 2» командасы жеңіп алды.

Жеңіл атлетикадан Глубокое ауданының «Глубоковское» командасы бірінші орынға ие болды. Күршім ауданының «Мұрагер» командасы екінші, ал «Бірлік» командасы үшінші орын алды.

«Мұндай фестивальдердегі ең үлкен жетістік – балалардың бір-бірін қолдауы, бірге әрекет етуі және өз мүмкіндіктеріне сенуі. Бүгінгі фестивальге қатысқан әр бала – жеңімпаз», – деп атап өтті «Әділет» партиясы Шығыс Қазақстан филиалының Саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Алтынай Жаркенбаева.

Фестивальді ұйымдастыруға «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты, бейінді мемлекеттік органдар, спорт ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер атсалысты.

Үздік командалар қазан айының соңында өтетін «Тең мүмкіндіктер» фестивалінің республикалық кезеңінде бақ сынайды.