Ақтау қаласының №2 сотында азамат Е.-нің «Қ» акционерлік қоғамына моральдық зиянды өтеу және жоғалған жалақыны өндіріп алу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сотта анықталғандай, талап қоюшы 2021 жылғы 13 мамырдағы еңбек шарты негізінде «Қ» АҚ-да 6-разрядты электр байланысы желілік құрылыстарының электрмонтері болып жұмыс істеген.
2021 жылғы 17 маусымда еңбек міндеттерін орындау барысында ол биіктіктен құлап, ауыр дене жарақатын алған.
Маңғыстау облысы бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің арнайы тергеп-тексеру нәтижесіне сәйкес, аталған жазатайым оқиға өндірістегі жазатайым оқиға ретінде танылған.
Бұл ретте жұмыс берушінің кінә дәрежесі 100%, ал жұмыскердің кінәсі – 0% деп белгіленген.
Сот отырысы барысында талап қоюшы жауапкерден моральдық зиянды өтеу ретінде 10 млн теңге, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігін жоғалтуына байланысты жоғалған жалақы ретінде 1 979 001 теңге өндіруді сұраған.
Сот іс материалдарын зерттей келе, талап қою талаптарын ішінара қанағаттандыру туралы қорытындыға келген.
Талап қоюшының денсаулық жағдайын және оған келтірілген моральдық зиянның сипатын ескере отырып, сот шешімімен «Қ» АҚ-дан оның пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 7 млн теңге өндірілді.
Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылды.
Сонымен қатар, жауапкерден мемлекет кірісіне 2 162 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.