Құрылтай депутаты Қоғамдық қабылдауда азаматтардың тұрғын үй және еңбек мәселесін қарады

Бүгін, 14:23 / Алуа Арман

Бүгін Астанада «Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Тілектес Адамбеков азаматтарды қабылдады. Қабылдау барысында елорда тұрғындарының өтініштері, атап айтқанда, тұрғын үймен қамтамасыз ету, еңбек құқықтары, әлеуметтік қорғау және стартап-жобаларды іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараның мақсаты – азаматтармен тікелей диалог орнату, олардың өтініштерін қарау, консультативтік-құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуын талап ететін мәселелер бойынша одан әрі қабылданатын шараларды айқындау.

«Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың өтініштерін тыңдадық. Тұрғындар түрлі сұрақтармен келді. Мәселен, әскерде қызмет еткен полковник ағамыз еңбек өтілінің хронометражы жоқ екенін айтты. Басқа да азаматтар өз проблемаларын айтып жатыр. Өтініштердің бәрін қабылдадық, енді осы өтініштермен жұмыс істейміз, құзырлы органдарға жібереміз. Құзырлы органдар бізге жауап беруі керек. Әр өтініштің мән-жайын зерттеу керек. Кейбірі тез шешіледі, кей сұрақтар уақыт алады. Алдағы уақытта бәрінің шешімін табуға тырысамыз», – деді депутат Тілектес Адамбеков.

Елорда тұрғыны, ІІІ топ мүгедегі Бауыржан Алдабергенов еңбек дауы бойынша депутаттың қабылдауына келген.

«Астана қаласының тұрғынымын. ІІІ топ мүгедегімін. Астанадағы № 106 жалпы орта білім беретін мектепте шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істедім. Ол жерде клинингтік компанияның келуіне байланысты штаттық қысқарту болды. Сол себепті жұмысымнан қысқарып қалдым. Қоғамдық қабылдауға да сол себепті келдім. Енді Тілектес Серікбайұлының атына Е-Өтініш арқылы жағдайды толық жазып жіберетін боламын. Болашақта мәселем шешімін табады деген ойдамын», – деді ол.

Тэгтер:

депутат Құрылтай қоғамдық қабылдау Тілектес Адамбеков