8 млрд теңге үнемделді: Министрлік спорт саласындағы реформалардың нәтижесін жариялады

Бүгін, 12:24 / Інжу Әлихан
Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігі спорт саласындағы реформалардың негізгі нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомствоның мәліметінше, биылдан бастап легионерлерге бюджет қаражатын жұмсау тоқтатылды. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде үнемделген қаржы көлемі 8 млрд теңгеден асқан.

"Елімізде дене шынықтыру және спорт саласын жүйелі жаңғырту жұмысы жалғасып жатыр. Былтыр қабылданған заңнамалық өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге, спорт резервін дамытуға, сондай-ақ еліміздің барлық өңіріндегі спортшылар мен жаттықтырушыларға тең жағдай жасауға бағытталған.

Реформалардың негізгі бағыттарының бірі – жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты қаржыландыру жүйесін нақты ажырату. Осы мақсатта мемлекеттік қолдаудың басым бағыттары қайта қаралып, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарының бағдарламаларына енген, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін қамтитын 65 басым спорт түрі айқындалды.

Кәсіпқой спортты қаржыландыру жүйесінде де елеулі өзгерістер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, легионерлерді мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға заң жүзінде тыйым салынып, кәсіпқой спорт клубтарына бөлінетін қаражаттың бірыңғай шекті мөлшері белгіленді. Нәтижесінде 2026 жылдан бастап легионерлерге бюджет қаражатын жұмсау тоқтатылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде үнемделген қаржы көлемі 8 млрд теңгеден асты. Үнемделген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортын және бұқаралық спортты дамытуға, ұлттық құрамаларды даярлауға және спорт инфрақұрылымын нығайтуға бағытталуда", – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ реформалар аясында спортшылар мен жаттықтырушыларды әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтілген. Бұған дейін спорттық жетістіктер үшін төленетін ай сайынғы төлемдердің мөлшері өңірлерге қарай ерекшеленсе, енді ел көлемінде бірыңғай ең төменгі стандарттар белгіленді. Атап айтқанда, Олимпиада және Паралимпиададағы жеңістері үшін спортшыларға кемінде 250 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал жаттықтырушыларға кемінде 125 АЕК мөлшерінде ай сайынғы төлем қарастырылған. Қазақстан Республикасының чемпионаттарында жеңіске жеткен спортшыларға кемінде 60 АЕК, ал олардың жаттықтырушыларына кемінде 30 АЕК төлеу көзделген.

Сонымен қатар алғаш рет заңнамалық деңгейде I топтағы мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдейтін тұлғаның мәртебесі бекітілді. Аталған қолдау шараларын іске асыруға 2025-2027 жылдары 1,5 млрд теңге қарастырылған.

"Саланы цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Бірыңғай e-Sport платформасы аясында спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілер мен әдіскерлердің электрондық паспорттары, спорттық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесі және спорт нысандарының тізілімі әзірленуде. Бұл жүйе саладағы деректерді біріздендіруге, есеп жүргізуді жеңілдетуге және басқару үдерістерінің ашықтығын арттырады. 2026 жылдың соңына дейін жүйені сынақтан өткізу жұмыстарын аяқтап, оны тәжірибелік пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Спорт саласындағы реформалардың ең маңызды бағыттарының бірі – балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту. Осы мақсатта балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бір тәрбиеленушіге бөлінетін жылдық қаржы көлемі бұрынғы 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін ұлғайды. Бұл бұрынғы көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары. Жаңа қаржыландыру үлгісін іске асыруға 2025-2028 жылдары 76,7 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаттықтырушы-оқытушыларға кәсіби шеберлігі үшін 30 пайыздық үстемеақы енгізілді.

Елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Қазір Қазақстанда 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. 2026 жылы тағы 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы аясында 86 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде 56 нысан ауылдық жерлерде салынады.

Жалпы, кешенді реформалар отандық спортшылардың жоғары жетістіктерімен қатар жүргізіліп жатыр. Спорт ғылымын дамыту, спорт резервін даярлау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қолдау шараларын күшейту отандық спорттың тұрақты дамуына негіз қалайды", – деп мәлімдеді министрлік.