Павлодар облысының аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, заңсыз көші-қонның жолын кесуге және шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу тәртібін бұзу фактілерін анықтауға бағытталған "Нелегал - 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі жалғасуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараның екі күнінде Қазақстан Республикасының аумағында болу ережелерін бұзған 76 шетел азаматы анықталып, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін пайдалануға қойылған шектеулерге қарамастан жұмыс берушілер тарапынан көші-қон заңнамасының талаптарын бұзу фактілері кездеседі.
Мәселен, 6 қазанда Павлодар қаласындағы Естай көшесінде орналасқан дәмханалардың бірінде тиісті құжаттарсыз асүй жұмысшысы ретінде заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған көршілес мемлекеттің үш азаматы анықталды. Болу тәртібін бұзған шетел азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасы талаптарын бұза отырып, шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін жұмыс берушіге қатысты әкімшілік материал толтырылып, оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Полиция Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.